АБЫРОЙЫ АСҚАҚ, АЙНАЛЫМ ДЕПОСЫ

66

0

АБЫРОЙЫ АСҚАҚ, АЙНАЛЫМ ДЕПОСЫ

Дербес мемлекет атанған біздің еліміз үшін орта және шағын қалаларды
қосатын екі жақты теміржол тораптарының маңызы ерекше. Жылдан жылға жүк
айналымы өсуде. Осы жүкті теміржол саласы тасымалдауды қамтамасыз етеді. Бұл
орайда тасымал жүгін уақытылы жөнелтіп, қабылдап отыру арқылы оның тиімділігін
арттыру мүмкіндігі бар екендігі түсінікті. Жоғарыда айтылған маңыздылық Елбасы
атап көрсеткен «Қазақстан-2050» стратегиялық бағытының орындалу барысына
ықпалды шаруа деп түсінген жөн. Сондықтан да осы саланың жер-жердегі
бөлімшелерінің, әсіресе, айналым деполарының атқарар жұмысы қыруар екендігіне
аса мән беріледі. Дамушы мемлекетіміз үшін
күре жолдың өнеркәсіптік жерлермен өтуі экономикалық тұрғыдан да пайдалы. Міне, осы айтылған талаптарға жауап
бере алатындай дәрежедегі мекеменің бірі Шиелідегі № 6 айналым депосы.

АБЫРОЙЫ АСҚАҚ, АЙНАЛЫМ ДЕПОСЫАйналым депосының бастығы Біржан Отарбаевтың айтуынша, үстіміздегі
жылдың алты айлығының қорытындысында жүк айналымының жоспары 7952 млн. тонна
болуы тиіс болса, бұл көрсеткіш өз мүмкіндігіне орай орындалды. Әрине, бұл аз
көрсеткіш емес, осыны қамтамасыз ету үшін айналым депосындағы жұмыстар тәулік
бойы тынбастан жүргізіліп, оның қызметкерлері де бір дамыл таппайды. Өйткені,
осы жерде тепловоздар жабдықталып, май, суы құйылады, техникалық байқаудан
өткізіледі. 30-40 вогоннан құралған составты тартатын тепловоз сағатына кем
дегенде 55 шақырымды алып отыруы қажет. Және де сол составтағы жалпы салмақ
5400 тоннаға дейін жететін болса, мұның жауапкершілігі өте үлкен екендігі
белгілі.

Осы арада бір шегініс жасасақ, Қазақстан экономикасының шикізатты
бағытына байланысты, теміржол көлігі Қазақстан Республикасының
көлік-коммуникациялық кешенінде маңызды орын алатындығы еске түседі. Республикалық статистика агенттігінің
мәліметтеріне сүйенсек, барлық көлік түрінің жүк айналымында теміржол көлігінің
үлесі 63 пайызды құрайтындығын
аңғарамыз. Әсіресе, теміржол қатынасын пайдаланатындар, автомобиль көлігімен
тасымалдау тиімсіздік танытатын – көмір, бидай, мұнай, руда, минералды
тыңайтқыштар және т.б. сияқты массалы құйылмалы және төгілетін (насыпные)
жүктер. Міне, аталған жүктерді
тасымалдауға теміржол көлігі барынша тиімді және ыңғайлы. Әрі экономикалық
инфрақұрылымының қалыптасуына
байланысты олардың көлемі жыл сайын артып келеді. Сондықтан да екі жақты
теміржол тараптарының маңызы ұлғая түсері анық. Ел территориясының үлкендігі
мен материк орталығында орналасуы транзиттік қатынасты молайтып, теміржол
көлігінің мемлекет экономикасындағы рөлін өте жоғары орынға апарады. Бұған
өндірістің шикізатты құ­ры­лым байла­ныс­тарын қосыңыз. Демек, оның маңызы
болашақта да өзгермейтіндігін көрсетеді.

Енді сөз ағы­мындағы Шиелі айналым депосының жұмысына қайта оралсақ,
осы жерден Қызылордаға қарай – 128, Түркістанға дейінгі 156 шақырым аралық
аталмыш мекеме арқылы жалғастырылып, теміржол көлігінің қызметі көрсетіледі.
Депода 35 жүк тасымалы тепловозы болса, 30 жолаушылар тасымалын қамтамасыз
ететін тепловоз бар. Бұларға қоса 20 айналым маңындағы тепловоздары бар. Оларда
40 машинист, 32 көмекші машинист және 22 инженерлік-техникалық қызметкерлер
жұмыс істейді. Бекеттен тәулігіне кемінде 16 пойыз өтетіндігін, оған қоса
жергілікті жүк арту, түсіру жұмыстары Шиелі, Бәйгеқұм, Жаңақорған, Талап
бекеттерінде жүргізілетінін ескерсек, осы аумақтағы шаруаларды, техникалық
жабдықтау шаруаларын жоғарыда аталған құрам кезектесе отырып, атқарады.

Ел өркендеуіне орасан зор үлес қосып жүрген теміржолшылар міндетті
жұмыстарын атқара жүріп, өз білімдерін, рухани байлықтарын молайтумен де үзбей
шұғылданады. Әсіресе, облыстың аға басылымы «Сыр бойына» деген
сүйіспеншіліктері бізді де риза етті. Басылымды оқып, бірге талқылауда
еліміздегі, аймақтағы ауқымды шаруалардың оңтайлы шешілуіне тілектестік
білдіруде. Олардың алдағы уақытта да жоғарғы қарқында жұмыс жасай беретіндігіне
сенім мол.

Нұрмахан Елтай.

Шиелі кенті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз