АДАМ ҚҰНДЫЛЫҒЫ РУХАНИ ИГІЛІКТЕН БАСТАУ АЛАДЫ

76

0

АДАМ ҚҰНДЫЛЫҒЫ РУХАНИ ИГІЛІКТЕН БАСТАУ АЛАДЫЖурналистік іс-сапармен
Қар­мақ­шы ауданына жолымыз түсті. Әдеттегідей, дәстүрлі жолдан аттамай, аудан
әкіміне жолығуды, сапарымыздың мақсатынан хабардар етуді жөн көрдік. Нәжмадин
Шамұратов ауданның бі­лім қызмет­кер­лерінің тамыз мәсли­хатына қызу дайындалып
жатқанының куәсі болдық. Өңірде талқылайтын мәселе көп. Ол әрбір түйінді
түйткілдерді електен өткізіп, сала бойынша орынбасарларына тиісті тапсырмаларды
шұғыл беріп жатты. Уақыттың соншалықты тапшы екенін байқадым. Әңгімені
кешкілік, күнделікті абыр-сабырдың саябырлаған сәтінде жалғастыруды қолайлы
көрдік.

Сол күні кешкілік тағы
кездестік. Осы сәтте Қытайдан біздің кездесуіміздің символикалық дәнекеріндей
болған қуанышты хабар келіп жетті. Қармақшылық Бауыржан Жауынтаев дзюдодан
жасөспірімдер арасында әлемдік олимпиаданың жеңімпазы! Біле білсеңіз, бұл
Қызылорда облысының ғана емес, күллі Қазақстанның абыройы! Көк байрағымыз
Күншығыс елінің көгінде желбіреді. Қармақшыда еліміздің болашақ олимпиада
резерві жасақталып жатыр. Қорқыт елінде мәртебелі, мерейлі мереке.

Аудан әкімімен әңгіме
сарыны мүлдем басқа сипатта өрбіп сала берді. Журналистік алғашқы дәстүрлі
сауалдан бас тартып, макроэкономикаға байланысты деректерді екінші кезекке ысырып
тастадық. Әңгімеміз ауданның білімі мен мәдениеті және соңғы жылдары
Қазақстанға облыс пен ауданға есімдері мәшһүр бола бастаған Қармақшы өңірінің
спортшылары мен рухани тіршілігіне қарай ойысып сала берді.

– Спорт майталмандары шын мәнінде мақтанышымызға
айналды, – деді Нәжмадин Шәкизадаұлы. – Бұқаралық спорт халықтық қозғалыс
туғызды. Бұған біз қуануымыз керек. Реті келген соң айта кетейін, ауданның
спорт бөлімі Қазақстандағы аудандар арасында бірінші тұғырды бермей,
мерейімізді тасытып тұр. Әрине, салаға да билік тарапынан тиісті қолдаулар
көрсетіліп жатыр.

Осылайша әңгіме мазмұны аудан­ның білімі мен мәдениеті
және спорт саласына қатысты мәселелерге ауысты. Алғашқы сауалымызды көлденең
тарттық.

– Нәжмадин Шакизадаұлы, біз сізді облыстың атқарушы
билігінің әртүрлі буындарында жемісті қызмет жасаған басшы ретінде жақсы
білеміз. Бұл бағытта мол тәжірибе жинақтадыңыз. Осы орайда айтарым, Қармақшы
ауданындағы қызметіңізді қай саладан бастауды жөн санадыңыз?

– Жалпы алғанда, атқарушы биліктің атқаратын қызметі
сан алуан. Сондықтан белгілі бір дәрежеде оларды бөліп-жарып жатқым келмейді.
Дегенде, бойына халықтың дәстүрлі өнері дарыған өңірде мәдениет саласына көңіл
бөлуді алғашқы кезектегі міндетім деп түсіндім. Алдымен мәдениет саласының
материалдық-техникалық базасын нығайту қол­ға алынды. Үстіміздегі жылдың ал­ғашқы
жартыжылдығында осы мақсатқа 40 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Мәдениет
ошақтарына жаңа көліктер, компьютер, ансамбль мүшелеріне арналған концерттік
костюмдер, конференцияға арналған құрал-жабдықтар, 8 ауылдық клуб үйіне мәдени
шараларды жүр­­гі­зу­ші­лерге киім, ауылдық клуб­тарға сахналық киімдер сатып
алынды. Облыстық мәдениет басқар­ма­сы арқылы мәдениет саласы қызметкерлерінің
мерекесі қар­са­ңында музыкалық аппаратура, кон­церттік киімдер мен музыкалық
аспап­тармен жабдықталған «Зерде” авто­көлігі сыйға тартылды.

Сондай-ақ, Тұрмағанбет, Ақтөбе, Ақай ауылдық клуб үйлеріне музыкалық
аппаратура, жылжымалы сахна шатырымен, музыкалық дыбыс күшейткіш қондырғы,
сахналық жарық эффектісі, әртүрлі ұйымдастыру техникалары алынды.

Өздеріңізге белгілі, Қармақшы ауданы өнер қонған, тума
таланттарға бай өлке. Әлгі музыкалық құралдардың көпшілігі сапасы жоғары
шетелдік қондырғылар. Билік тарапынан жасалған қамқорлық өнер майталмандарының
шабытына шабыт қосып, олардың ел алдындағы мерейін үстем етті. Қашаннан адам
құндылығы рухани игіліктен бастау алады. Бүгінгідей өздеріңіз айтып жүрген
тұтынушылық психология сананы билеп алған дәуірде Қармақшы өңірінің халқы
рухани байлықтан тартынып, жүдеушілікке ұшыраған емес. Өнерпаздарымыздың
республикалық, облыстық өнер сайыстарында топ жарып жүргенін жақсы білесіздер.
Ал жоғарыда айтқан спорт саласы бұқаралық сипат ала бастады. Бұл – Елбасының
алға қойған келелі міндеті. Қазіргі таңда ауданда спортпен шұғылданушылардың
саны 12 мыңнан асты. Бұл аудан халқының төрттен бірі бұқаралық спортпен
айналысады деген ұғымды білдіреді.

Білім саласына өзгерістер енгізу, басшы кадрларды
жігерлі жастармен алмастыру, жаңашылық идеяларға қолдау көрсету, өмірдің өзі
талап етіп отырғанындай, ХХІ ғасырдың білікті де білімді тұлғасын қалыптастыру
– сайып келгенде осының барлығы облыс әкімінің 2020 жылға дейінгі іс-қимыл
жоспарының негізгі бағыттарымен сабақтасып жатқан міндеттер қатарына жатады.
Әлбетте, облыстық деңгейдегі үлкен стратегиялық жоспар өңірлердегі татымды
тірлікпен тікелей ұштасқанда ғана жемісті жүзеге асырылатын болады. Біздің
бүгінгі барлық іс-қимылымыздың бағыты осы тұрғыда жүргізіліп жатыр.

– Сіз соңғы жылдары облыстың құрылыс, сәулет-құрылыс
басқарма­ла­рына басшылық қызмет жаса­дыңыз. Осы сұхбаттың алдында ауданның
өкілетті органдарының өкілдерімен әңгімелескенімізде олар сіздің аудан әкімі
ретінде жоба­ларды пысықтау, олардың техни­калық экономикалық негіздеме құ­жаттарын
әзірлеп, бекітуде үл­кен ұйымдастырушылық қызмет жасағаныңызды атап көрсеткен
болатын. Аталған жұмыстың көп ретте бізде ақсап жатқанын ес­керсек, бұған
әрине, қанағат сезімін білдіруге болады. Сонымен аудандағы индустриалдық-ин­но­вациялық,
құрылыс, тұр­ғын-үй құрылысы, басқа да инфра­­құры­лымдық жобаларды жүзе­ге
асыру барысы қалай?

– Өзіңіз атап көрсеткендей, жобаларды пысықтау, оларды
жоғарыда бекітетіндей етіп сауатты әзірлеу өзекті мәселеге айналды. Бұл жұмыс
тыңғылықты атқарылған жағдайда мемлекет қаржысы уақытында игеріледі, ауданның
әлеуметтік-экономикалық дамуында тың серпін пайда болады. Белгіленген межелі
жұмыстар кезегімен атқарылып жатыр. Саланы білетіндіктен, бұл бағытта менің
тарапымнан жауапкершілік күшейтілді.

Аймақтық үйлестіру кеңесіне Индустрияландыру картасына
енгізу үшін «Үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық даму” бағдарламасы бойынша жыл
басынан 3 жоба ұсынылды. Олар – «Мир-2001” ЖШС-ның «Заманауи технология ендіру
арқылы бетон бұйымдары цехы”, Қытай компаниясының филиалы «Weizhong Petroleum
Refining and Energy Company Ltd” ЖШС-нің «Мұнай газ өндіру зауытының құрылысы”
жобалары болып табылады. Зауыт мұнайдан жылына 5000 тонна жанар-жағармай
шығаруға есептелген. Ол толық іске қосылғанда 500 адам жұмыспен қамтылатын
болады.

Ақай ауылынан жеке кәсіпкер Ф.Шенеусізованың
«Автоклавтық емес газобетоннан блок дайындау цехын құру” жобасы ұсынылды.
Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020”
бағдарламасы бойынша 2014 жылдың 6 айында 3 жоба ұсынылып, кеңестің шешімімен
мақұлданды.

Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктерде 4 жобаның
құжаттары қаралуда. «Ақниет” әлеуметтік әріп­тестік бағдарламасы бойынша 436
азамат жалпы сомасы 252,5 млн. теңгенің жұмыстарына тиісті құжат­тарын
тапсырған болатын. Іріктеу нәтижесінде 33 адам 18,9 млн. теңгенің грант иегері
атанғанын атап өткім келеді.

Тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша 2014 жылдың 6
айында 8718,0 шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл өткен жылдың тиісті
кезеңімен салыстырғанда 127,2 пайызды құрайды. «Қолжетімді тұрғын үй-2020” бағдарламасы бойынша
ағымдағы жылы 12 тұрғын үйдің құрылысына 73 млн. теңге қаржы бөлінді.

Тұрғын үйлердің құрылысына мемлекеттік сатып алу
заңдылық­та­рына сәйкес конкурс жарияланып, нәтижесінде «Мәлике КБ” ЖШС,
«Нұр-Талап и К” ЖШС, «ДГУ Сервис” ЖШС мекемелері жеңім­паз болып анықталып,
келісім-шарт­тар жасасты. Осының барлығы тиіс­ті жұмыстардың мезгілінде атқа­рылуының
нәтижесінде мүмкін болып отыр.

Қазіргі уақытта тұрғын үйлердің жер жұмыстары,
іргетас, қыш қалау жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үй­лер­дің құрылысы
үстіміздегі жыл­дың қыркүйек айының аяғында пай­далануға берілуі жоспарланды.

Сонымен бірге, Жосалы кенті­нің бас жоспары және 12
елді мекен­дердің даму сызбалары дайындалып, аудандық мәслихат шешімдерімен
бекітілді.

Төретам кентінің бас жоспарын дайындау үшін
Үкіметаралық деңгейде қаралуына ықпал ету жөнінде облыс әкіміне ұсыныс берілді.

Биылғы жылы «Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығын
жаңғыр­тудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы” аясында 2014 жылы
Төретам кентінен 2 көпқабатты тұр­ғын үйді, ІІІ Интернационал ауылынан 2 үйді
және Жосалы кентінен 4 үйді күрделі жөндеуге жалпы сметалық құны 36,8 млн.
теңге құ­рай­тын сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан
өткізілді.

Автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарына да үлкен мән
берілуде. Үстіміздегі жылы ауданымыз бойынша жолдар мен көшелерді орташа және
күрделі жөндеуге 321 млн. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстары жүргізілуде.

«Ақбұлақ” бағдарламасы аясында биылғы жылы аудан
бойынша 3 жоба іске асырылуда. Бірінші жоба «Қармақшы ауданы Жосалы кентінде су
құбыры желілерінің құрылысы (4 кезең). Бұл бойынша Жосалы кентінің «Мөлтек”
және «Жастар” шағын аудандарына ауыз су желілерін жеткізу мақсатында
республикалық бюджет есебінен 150 млн. теңге және облыстық бюджеттен 16,7 млн.
теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары басталды.

Екінші жоба – «Тұрмағамбет елді мекеніндегі сумен
жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту” ІІ кезең нысанының құрылыс жұмыстарына
үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен 100,6 млн. теңге және облыстық
бюджеттен 11,2 млн. теңге қаржы бөлінді (жалпы бөлінген қаржы 111,8 млн. теңге).
Мердігер мекеме «Өмірзақ” ЖШС мен келісім­шарт жасалып құрылыс жұмыстары
жүргізілуде.

Үшінші жоба «Қармақшы ауданы Ақай елді мекеніндегі
сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту” нысанының құрылыс
жұмыстарына республикалық бюджеттен 150,0 млн. теңге және облыстық бюджеттен
16,7 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды.

– Ендігі сауалдың реті ауыл өндірісіне қатысты болып
тұр. Соңғы уақытта рынокта күріш бағасы біршама көтеріліп келе жатқан сыңайлы.
Бұл бір жағынан алғанда ауыл өндірісінің негізгі саласының өркендеуіне ықпал
жасайтыны сөзсіз. Сонымен, күріш дақылының бүгінгі деңгейі қандай? Мемлекеттік
салалық бағдарламалар қатарындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы не айтар
едіңіз?

– Халықтың негізгі бөлігі ауылдық жерлерде тұратын
болғандықтан бізге осы саланың өндірісін ны­ғайтудың маңыздылығы ешқашан
төмендемейтін болады. Үстіміздегі жылы ауданда 14,3 мың гектарға күріш дақылы
орналастырылды. Өткен жылмен салыстырғанда 1145 гектарға артық. Күріш алқабының
18,6 пайызына «Маржан”, 52,8 пайызына «Лидер”, 28,5 пайызына «Янтарь” сорттары
орналастырылды. Көктемгі дала жұмыстарына ар­зан­датылған дизель отынын алуға
«Қызылорда-Нефтьтранс” ЖШС опе­­ра­тор болып бекітіліп, шаруа­шы­лық
құрылымдарын арзан отын­мен мезгілінде қамтамасыз етіп отыр­ды. Егілген күріш
дақылы тыңайт­қыштармен қоректендіріліп, арамшөптерге қарсы залалсыздандыру
жұмыстары жүргізілді.

Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушіле­ріне
мемлекет тарапынан жанар-жағар май, тағы басқа қажеттіліктердің құнын арзандатуға
293 млн. теңге, су жеткізу құнын арзандатуға және минералды тыңайтқыштарға көп
көлемде субсидия берілді.

Ауыл өндірісінің мемлекеттік бағ­дарламасы бойынша
тиісті жұ­мыс­тар атқарылды. Жыл басынан бері «Сыбаға” бағдарламасы бойын­ша
24,8 млн. теңгеге 142 бас аналық, 8 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынды. Жуырда
ғана жеке шаруа қожалығы 125 аналық, 6 бас бұқа сатып алуға 22 млн. теңге
көлемінде несие алуға құжаттарын толық дайындап өткізді.

Тағы бір маңызды мәселені атап өткім келеді.
Жергілікті мал тұқымын асылдандырудың өнімділігі мен сапасын жақсартуға
байланысты «Қазагромаркетинг” акционерлік қоғамының ақпараттық талдау жүйесіне
14 шаруашылық енгізілді. Тұқымдық түрлендіруге енгізілген аналық саны 777 бас,
бұл жыл басындағы аудандағы ірі малы аналығының 7 пайызға жуығын құрайды.
Қазіргі таңда тұқымдық түрлендіруге қатысқан аналық мал басы 57,8 пайыз бұқамен
қамтамасыз етіліп отыр. Жыл аяғына дейін оны 100 пайызға жеткізу межесі алға
қойылды.

Әрине, мал шаруашылығын өркендетудің бірден-бір жолы
ветеринария саласын дамытумен сабақтас екені белгілі. Бұл бағытта бірқатар
шаралар атқарылуда. Ауылдық округтердің малдәрігерлік пункттерін ғимараттармен
қамтамасыз ету мақсатында тиісті қаржы бөлінді.

Реті келгенде айта кетейін, біз осыдан біршама уақыт
бұрын Астананың жоғары оқу орындарында қармақшылық студенттермен кездесу
өткіздік. Кәсіпкерлердің тарапынан олардың бірқатарына қаржылық қолдау
көрсетілді. Туған жерді түлету, мемлекеттік «Дипломмен – ауылға”
бағдарламасының мүмкіндіктері, жеңілдіктері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Қармақшылық жастармен бұл кездесуіміз жемісті болды ғой деп ойлаймын. Алдағы
уақытта мұндай шаралар жалғасын таба беретін болады. Қазірдің өзін­де аталмыш
бағдарлама бойынша ауданда 60 маманға 7,8 млн. теңге көтерме жәрдемақы және 25 маманға
тұрғын үй сатып алуға 68,5 млн. теңге несие берілді. Осының барлығы мемлекеттік
бағдарламаның жеңілдіктерін пайдалана білсе, оның тиімділігі жоғары екенін
көрсетіп отыр.

***

Аудан әкімі бізді өңірде атқарылып жатқан сан-салалы
қызметтің барысынан хабардар етті. Бұл туралы жуырда әкім өкілетті орган
өкілдерінің алдында есеп бермекші. Атқарылған жұмыстар електен өткізіледі,
алдағы межелер белгіленеді. Біз аудан бюджетінің 2014 жылдың бірінші
жартыжылдығындағы тү­сім­дер болжамына зер салған­да аңғарғанымыз, аталған
кезең­де жергілікті бюджетке өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 57,8
млн. теңге артық түсіпті. Бәлкім, жоғарыдан мил­лиард­таған теңге субвенция
алатын аудан үшін бұл үлкен көрсеткіш емес шығар. Бірақ, жергілікті бюджет
кірісін аз да болса ұлғайтуға бағытталған қадам екенін құптауға әбден болады.
Сондай-ақ ауданда елді мекендерді абаттандыру, «Өңірлерді дамыту” бағдарламасы
бойынша жемісті жұмыстар атқарылуда.

Арнайы сапардан көңілге түйгеніміз, Қар­мақшы өңірінде
мемлекеттік бағдарла­маларды жүзеге асыру барысында толымды жұмыстар
атқарылуда. Бұл Елбасының мемлекеттік бағдарламалары мен облыс әкімінің 2020
жылға дейінгі іс-қимыл бағдарламасының өңірдегі нақты көрінісі болып табылады.

Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.

Қармақшы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз