Адамгершілікке толы шынайы оқиғалар

57

0

Адамгершілікке толы шынайы оқиғаларКейде жаныңа жылу беретін оқиға естісең, өзің де жақсылық жасауға талпынасың. Адамдардың бойындағы таза ниеттен, ізгіліктен шабыт аласың. Күнделікті болып жатқан келеңсіз оқиғалар адам-гершіліктің азайып, қатігездіктің өршіп тұрғанын көр¬сетеді. Дегенмен, әлемде адам бойындағы ізгі қасиеттердің жоғалмайтынын көрсететін шынайы оқиғалар аз емес.
Канадалық жұп Вайолет және Аллен Лардж лоторея¬дан 11 миллион доллар ұтып алады. Бірақ олар барлық қаражатты жергілікті онкологиялық ауруханаға, өрт сөндіруші қызметкерлеріне, қайырымдылық қорына және қант диабеті мен альцгеймер ауруын зерттейтін орталыққа бөліп береді.
Чхаттисгарх атты үнді штатында ақылы мектеп бар. Бірақ мектеп басшылығы ата-аналардан қаржы алмайды. Олардың өзгеше шарты бар. Мектепке келген әр бала өз ата-анасымен бірге аулаға ағаш отырғызуы міндетті. Ол ағаш қатайып, үлкейгенге дейін күтіп-баптауы керек. Бұл баланы табиғатты аялауға, мейіріммен қарауына баулиды. Соңғы жылы мектепте 700-ден аса ағаш отырғызылыпты. 
Қытайдың тұрғыны өзінің жарына деген шынайы махаббатын 57 жыл бойы дәлелдеп келеді. Үйленгендерінен 5 ай өткеннен кейін Ду Юанфаның әйелі 20 жасында белгісіз дертке шалдығып, қозғала алмай, төсек тартып қалады. Енді бала сүйе алмайтындарын білсе де Ду Юанфа өзінің жұмысын тас¬тап, әйелінің қасында болады. Оған түрлі тағамдар әзірлеп, қасықпен тамақ береді, күні-түні күтім жасайды. Достарының «әйелін тастап, басқа өмір баста» деген кеңесіне құлақ аспай, үйленген кезіндегі «Сенімен бірге бүкіл ғұмырымды өткізуге дайынмын» деген уәдесінен айнымайды.
2016 жылғы Рио Олимпиадасының жүгіру ¬сайысында Жаңа Зеландияның спортшысы Никки Хамбли ¬мәреге 500 метр қалған кезде өзінің америкалық қарсыласы Эбби д’Агостиноның құлап қалғанын көреді де әрі қарай жүгірудің орнына қарсыласына көмектесуді жөн көреді (суретте). Осылай¬ша екі спортшы да мәреге соңынан келеді. Дегенмен, спортшы қыздың ізгі ниетіне тәнті болған төрешілер оларды ке¬лесі кезеңге өткізіп, Пьера де Кубертен медалімен марапаттайды. 
Сербия еліндегі Пирот қаласының мектеп түлектері ерекше қайырымдылық шарасын өткізді. Олар «Сенің бес минут жылтырағаның – біреудің тұтас өмірі» деген ұранмен мектеп бітіру кешінде қымбат көйлек киюден бас тартады. Шара барысында 310 000 динар қаражат жиналып, ауыр науқас баласы бар үш отбасына беріледі. 
Сингапур Республикасы премьер-министрінің әйелі Хо Чинг АҚШ-қа іссапарға барғанда 15 доллар тұратын кішкене сөмке ұстап барады. Динозаврлардың суреті бар көк сөмкеге барлық халықтың назары ауады. Дегенмен, сөмкенің құны арзан болғанмен, оны жасаған адамның шын пейілі қымбат. Себебі, оны аутизм дертіне шалдыққан мектеп оқушысы жасаған. Сингапурдағы аутизм орталығының кеңесшісі болған Хо Чинг осы әрекетімен жақсылық жасау үшін көп қаражаттың қажеттілігі жоқ екенін дәлелдеуге тырысқан. 
Ал, Қарағанды қаласының 26 жастағы тұрғыны Нияз Сундиталиев 2012 жылы ауыр жарақат алып, сал ауруына шалдығады. Басына түскен қайғысына ортақтасқан қайырымды жандар бірігіп қаражат жинай бастайды. Екі жыл ішінде 5 миллион 584 мың теңге жиналады. Бірақ жақын арада емі қомақты қаржыны қажет етпейтінін түсінген Нияз еш ойланбай, жиналған ақшаны Аружан Саинның қайырымдылық қорына аударады. Нәтижесінде қаражат бір жасар София есімді қыздың еміне жұмсалды. 
Қазақстандық «МедИндия» компаниясының ¬директоры Нияз Сундиталиевті Үнді еліндегі ірі клиникадан тегін меди¬циналық оңалтудан өтуге шақырды. Ал Нияз болса клиникадан келген соң, қайырымдылықпен айналысуды қолға алатынын айтады. 
Әйгілі америкалық жазушы Марк Твен бір сөзінде: «Жақ¬сылықты керең жан естіп, зағип жан көре алады», – деген-ді.  Жақсылық – адам бойындағы көзге көрінбейтін нұр. Ол нұр жаныңа жылу беріп, сабырлылық ұялатады. Ізгілікке жетелейді және дамытады. Бақыттың шегі – жақсылық шыңы¬ның басында. 
Әсел БЕГМАН,
ҚазМУ-дың 4-курс студенті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз