Кеше «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты облыстық коммуникациялар орталығында ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде баспасөз мәслихаты өткізілді. Журналистермен жүздесуге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Омархан Пашкенов келді. Аталмыш шараны «Сыр медиа» ЖШС директорының орынбасары Нұрлан Соңғыбаев жүргізді.

Үстіміздегі жылы шаруашылықтардың барлық нысандары бойынша 157,6 мың гектар егіс егу межеленіп отыр, деді О.Пашкенов журналистерге. Оның ішінде басты күріштің көлемі 78,7 мың гектарды құрайды. Қалған бөлігі мал азығындық, картоп, көкөніс-бақша, майлы және техникалық дақылдар еншісіне тиеді. Ауыл шаруашылығы дақылдары көлемін әртараптандыру мақсатында мал азығындық дақылдардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1856 гектарға ұлғайтылды. Сонымен қатар, жыл сайын көкөніс-бақшаны тамшылатып суару көлемін арттыру көзделуде.

Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарына дейінгі мәлімет бойынша біздің өңірде 240,8 мың мүйізді ірі қара, 581,2 мың қой мен ешкі, 75,2 мың жылқы, 33,3 мың түйе және 91,1 мың құс өсірілуде. Қазіргі таңда келешекте ет өндірісімен айналысатын фермерлік шаруашылықтар ұйымдастыруға көңіл бөлініп отыр. Бұл жұмыс «Мүйізді ірі қара етінің экспорттық әлеуетін көтеру» жобасы бойынша қолға алынуда. Осы мақсатта «Қазагро» АҚ арқылы 7 жылға 6 пайызбен жеңілдетілген несие беру жолға қойылған. Аталмыш бағдарлама аясында былтыр 73 фермерлік шаруашылықтар құрылды. Осының арқасында 468,3 млн. теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиеге және шаруашылықтардың өз қаржысы есебінен 2964 аналық сиыр мен 169 асыл тұқымды ет бағытындағы бұқа сатып алынған. Облыста мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Сыбаға» бағдарламасы аясында жұмыстар атқарылады. Оның жоспарына сәйкес үстіміздегі жылы біздің өңірде 1700 ірі қара малын сатып алу көзделіп отыр.

Шара барысында Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директорының орынбасары Ибадулла Тәутенов сорттарды жаңарту бағытында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді.
Әділжан ҮМБЕТ.