Қала сәулетін қақпасынан таниды

57

0

Қала сәулетін қақпасынан танидыОсы аптаның бейсенбісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен сәулет-қала құрылысы кеңесінің отырысы болып өтті. Онда Қызылорда қаласының кіреберіс қақпалары мен орталық көшелерін абаттандыру, жаңғырту жоспарына енген көпқабатты тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жақсарту, Сырдария өзенінің оң жағалауын абаттандыру, Рәміздер алаңының жобалары таразыға тартылды. 
Облыс басшысы алдымен әрбір өңірдің бас шаһарының сәулеттік келбетін жақсартуға әрдайым мән берілетінін тілге тиек етті. Ол – әрбір аймақтың айнасы іспеттес. Бұл орайда Қызылорда қаласында жаңа заман талаптарына сай жобаларды жүзеге асыру кезек күттірмейді.
Сыр елінің бас ордасында алдағы уақытта қандай жұмыстар атқарылады? Бұл жайында облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Сейілхан Тойбазаров егжей-тегжейлі баяндап берді. Қалаға кіреберіс бөліктегі төрт бағытта «Қызылорда қаласы» деген белгілердің қойылғанына қаншама жылдардың жүзі болды. Олар бүгінгі күннің талаптарына ешқандай сәйкес емес. Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес басқарма мамандары Қызылорда қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, қаланың негізгі 2 бағытындағы кіреберіс қақпаларының эскиздік жобаларын әзірлеген. Оның алғашқысы – Шиелі, екіншісі– Тереңөзек бағытындағы жол бойында орнатылады деп көзделуде. Басқарма басшысының айтуынша, Шиелі бағытына келетін жолдың бойындағы қақпада Ақмешіт бекінісі қақпасының көрінісі бейнеленеді. Биіктігі – 15, ені 25 метрге жуық. Жүк көлігі мен автобустың өтуіне ыңғайлы. Оның екі жағында «Ер қанаты – тұлпар» бейнесі орнатылады. Қақпаның орта тұсына «Қызылорда» деген жазу түседі. Сәулеттік келбетінде ұлттық нақыш та ұмыт қалмайды. Оның қас бетінде киіз үйдің керегесі, қошқармүйіз және ұлттық ою-өрнектер бейнеленеді. Қақпа металдан тұрғызылады. Сондай-ақ, оған гранит пен травинтин тасы кәдеге жаратылады.
Ал Тереңөзек бағытындағы қақпада шығыстық мәнерге мән берілмекші. Осыған орай ол арка тәрізді пішінде жасалады. Одан жүк көлігі мен автобустар емін-еркін өте алады. Биіктігі – 12, ені – 18 метр. Қақпаның бір жағында халқымыздың жауынгерлік болмысын білдіретін кіші сәулеттік нышандар – найза мен қалқан орнатылады. Келесі жағында күллі түркі жұртының абызы атанған Қорқыт бабамыздың қобызының бейнесі қойылады. Қақпаның биіктігі жүк көлігінің өтуіне есептелген. Конструкциясы металдан жасалып, ұлутас немесе фибробетонмен әрленбек. Сонымен қатар, ұлттық нақышта жасалған темір тор қақпаның сәулеттік келбетіне ерекше әсемдік беретін болады. 
Қызылорда тұрғындарына тағы бір жағымды жаңалық – қаланың әуежай жанында «Қызылорда» деген жазуы бар темір конструкциядан жасалған панно қою жоспарланып отыр. Сондай-ақ, плотина жанындағы айналма жолда шағын сәулеттік форма болып табылатын сағат орнату көзделуде. Сағат пен панноның биіктігі 5-7 метр шамасында. 
Аталмыш жобалар бойынша облыс әкімі өз ой-пікірін білдірді. Бұл жобалар қаланың келбетін жақсартуға оң септігін тигізеді. Сырттан келген меймандар назарын аудартады. Келешекте облыс шекарасында да осындай қақпалар орнатуға мән беруіміз тиіс. Сондай-ақ, әрбір ауданда бүгінгі күн талабына сай қақпа қоюға көңіл бөлген артық емес. Ал Қызылорда қаласындағы орнатылатын қақпаларға қажетті қаржы көлемі мамыр айының басына дейін нақтыланады. Қыркүйек айында өткізілетін Қала күні мерекесіне дейін көпшілік көзайымына айналады. 
Кеңес отырысында талқыға түскен келесі мәселе облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жақсарту болды. Шындығы керек, қазір олардың жағдайы көңіл көншітерлік емес. Сыртқы қас беті өте нашар. Ешқандай сын көтермейді. Еліміздегі «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес республикалық бюджеттен облысқа бөлінген қаржыға Қызылорда қаласы бойынша 60-тан астам көп қабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Облыс басшысы бұл орайда аталмыш үйлердің сыртқы қасбеттерін ретке келтіру мақсатында кешенді жұмыстарды атқарып, сол мақсатта біздің өңірдің табиғи жағдайына сай келетін бір жобаны қабылдауға назар аудару тиістігін атап өтті.
Қаланың сәулеттік келбетіне көрік қосатын тағы бір орын – Рәміздер алаңы болады деп күтілуде. Жоба бойынша ол Тұңғыш Президент саябағының төрінде көзделген. Еліміздің туы орналасқан флагштоктың тұғырын шеңбер платформада жобалап, биіктігін 3,3 метрге көтеру ойластырылса, флагштоктың биіктігін 60 метрге жеткізу жоспарланып отыр. Оның жанында мәрмәр тасымен әрленген паннода алтын түспен боялған Елтаңба мен Әнұран орналаспақ. Рәміздер алаңының жан-жағы абаттандырылады. Келешекте онда мәдени және патриоттық іс-шаралар өткізуге әбден болады. 
– Бұл орын қаланың кез келген бөлігінен анық көрініп тұруы тиіс. Сондықтан еліміздің аспан түстес көк туының желбіреп тұратын орны айрықша болғаны талап етіледі. Бас қаламыз – Астана қаласында мұндай орын көрнекті жерде орын тепкен. Сол себепті ол кез келген адамды өзіне баурап, қаланың көркін аша түседі, – деді облыс әкімі. 
 Сырдария өзенінің оң жағалауын абаттандыру көп жылдан бері айтылып келеді. Осыдан алты жылдай бұрын «Қазгипроводхоз» мекемесімен дарияның екі жағындағы жағалауды бекітудің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген. Соның нәтижесінде жалпы ұзындығы 32 шақырымға жуық жағалауды бетонмен қаптау көзделген. Алайда, қаржы тапшылығына байланысты бұл жұмыстар тоқтап қалды. Мамандардың айтуынша, ендігі кезекте сол аумақты абаттандыруға мән берілмекші. Дария жағалауы бетондалады. Оның аумағы қазіргі заманға сай абаттандырылады. Жаяу жүргіншілер мен велосипед тебуге арналған жолдар қарастырылады. Өзге де халыққа қажетті орындар бой түзейді. Жергілікті «ҚОР» компаниясы оның сәулеттік жобасын жасап, қаржысын салуға ниет білдірді. 
Облыс әкімі аталмыш жобалар негізінде тыңғылықты іс-шаралар атқарылу қажеттігіне тоқталды. Осыған орай әрбір орынның сапалы жасалуына мән бере отырып, бұл жұмыстар өз мерзімінде аяқталуы тиіс екенін қадап айтты. 
Әділжан ҮМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз