АЛҒА ЖЕТЕЛЕГЕН АЙҚЫН МІНДЕТТЕР

38

0

А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауына байланысты қала әкімі Н.Нәлібаев идеологиялық актив отырысын өткізді.
Жолдаудан туындайтын міндеттер туралы қала әкімі: «Өткен жылы Ұлт көшбасшысы «Қазақстан – 2050» даму стратегиясының негізін қалыптастырса, биыл оны жүзеге асырудың нақты тетіктерін айқындап берді. Күллі қазақстандықтардың асқақ армандарының тастемірдей біріккен жері Сыр елінің жүрегі ретінде Қызылорда – өсуі мен өркендеуі қатар жүретін, руханият пен экономика өсімін бірдей көріп, тарихи жауапкершілікті арқалап, абыройды ақтап жүрген ерекше қала. Облыс активінде аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы дамудың бас құжаты – Жолдаудан туындайтын міндеттерді сараптап, өңірімізді қарқынды дамыту жолында алдымызға жаңа міндеттер қойды. Айта кету керек, аймақта өткен бір жылдың өзінде өңірді өрге сүйреген сан салалы тірліктер атқарылды. Соның нәтижесінде облыстың рейтингі өсті. Алда талай атқаруға тиісті ауқымды тірліктер тұр. Ең бірінші біз қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруымыз қажет. Қызылорда кәсіпкерлер үшін бизнес климаты қолайлы қалаға айналуы тиіс. Ол үшін біздің алдымызда инновацияға негізделген шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту міндеті тұр. Әзірге қалада тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 26104. Бұл көрсеткіш одан әрі көбейіп, фискалдық операциялар артуы қажет. Ол өз кезегінде қала тайқазаны толығуына сеп болмақ. Қызылорда қаласының да Жолдауда айтылған Мәңгілік ел патриоттық актісін жүзеге асыруға қосар үлесі мол. Кезінде ұлт қаймақтарының бас қосқан қаласы, Алаштың астанасы болған Қызылорда жарқын идеялардың жарқ етер ордасы болуға мүмкіндігі зор.
Жолдаудың негізін құрайтын «Мәңгілік Ел» идеясын біз қаланың қоғамдық-саяси өмірінде терең насихаттауымыз керек. Ол әр отбасыдан, ұжымдық ортадан, жалпы қоғамнан бастау алуы тиіс. Қалада болашақта бой көтеретін әлеуметтік нысандарда осы идеяны айқындайтын, ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды насихаттайтын, кеңінен танытатын элементтер болуы тиіс. Осы орайда, қазір әлеуметтік нысандардың сәулетін арттыратын ұлттық сипаттағы эскиздік жобалар әзірлеудеміз. 
Ұлт көшбасшысы Жолдауда қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналғандығын айта отырып, ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге мәңгілік тіл болды дегенін барша қазақстандықтар қуанышпен қабылдады. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған біздің өңірімізде мемлекеттік тілге қатысты айтарлықтай мәселе жоқ дегенімізбен, кәсіпкерлік нысандарында, қоғамдық көліктерде мемлекеттік тілдің қолданылу барысы көңіл демдерлік деңгейде емес. Аялдамалар атаулары араластыра айтылып, сауаттылығы жағынан сын көтермей келеді, тіліміз шұбарлануда. Бұл ретте, қоғамдық көлік аялдайтын аялдамалар атауларының қазақ тіліндегі тізбесін қалыптастырудың мерзімі жетті деп ойлаймын.
Ел Президенті Жолдауда 2020 жылға дейін балаларды мектепке дейінгі тәлім-біліммен 100 пайыз қамтуды, денсаулық сақтау саласындағы басты басымдықты – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуды жүктеді. Бұл бағытта 2013 жылдың өзінде қалада 1750 баланы қамтитын 5 жаңа білім ордасы, 14 балабақша пайдалануға берілді. Биыл барлығы 520 орындық 4 мемлекеттік балабақшаны  тапсыру көзделуде. Елбасы тапсырмасын мерзімінен бұрын орындауға батыл бетбұрыс жасалуда. Денсаулық сақтау саласында алдағы үш жылдықта қалада 200 орындықты балалар ауруханасы, қалаға қарасты елді мекендерде 4 дәрігерлік амбулатория салынатын болады. Мұның бәрі, сайып келгенде, Ұлт көшбасшысы тапсырғандай, саламатты өмір салтының орнығуына, медицинаның аршынды дамуына сеп болмақ” – дей келе, Жолдаудың алдымызға жаңа міндеттер жүктеп отырғандығын және бүгінгі басқосудағы негізгі мақсат та осы екендігін жеткізді.
Актив отырысында Елбасы Жолдауын насихаттаудағы жергілікті уәкілетті органның рөлі туралы қалалық мәслихат хатшысы И.Құттықожаев, құнды құжаттағы басым бағыттың бірі мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасына қатысты филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Кәрібозов өз тұжырымдарын ортаға салды. Сондай-ақ, Елбасы қолдау білдіріп отырған саланың бірі шағын бизнесті ұрпақтан ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналдыруға қатысты «Эко-н-Сервис» ЖШС директоры Қ.Нұрекешов, ұлттық білім берудің сапасын жақсартуда атқарылар жұмыстар мен «Мәңгілік Ел» идеясын жастар бойына сіңіре отырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу жөнінде №3 мектеп-лицей ұстазы А.Молдағалиева, Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру жөнінде ғалым, саяси ғылымдар кандидаты С.Сахиев өз ой-пікірлерін білдірді. 
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз