АЛАҚАНЫ АЯЛЫ АБЗАЛ ЖАНДАР

53

0

Адам баласының Алладан кейінгі ең жақыны дәрігерлер шығар. Басың
ауырса, балтырың сыздаса, бірден ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінеміз.
Ауру жаныңды қинап, дертке шипа іздеп шарқ ұрғанда әрбір адам дәрігердің
алдынан табылады. Сондай кезде аялы алақанын тосып, жылы қабақ танытып, бар
білімі мен білігін салып сенің өмірің үшін күресетін жалғыз мамандық иелері де
осы кісілер. Сол үшін де олар қандай да болмасын құрметке лайық.

Ауруын берген Алла оның шипасын да береді. Әсілі, сол жазмыштан
берілген дертті Жаратушымыз дәрігерлердің қолымен емдейтін болса керек. Бүгінде
аурудың барлығы жердің бетіне шыққандай заман ғой. Өмір есігін жаңа ашқан жас
нәрестенің өзі түрлі сырқатпен туып жатқанда, үлкендердің денсаулығына үлкен
көмек қажет. Міне, осының бәрін емдеп, аяғынан тік тұрғызып, өмірге деген
құлшынысын арттырып, жаңаша ғұмыр кешуге талпындыратын дәрігерлер. Жат түгілі
жақыны жат бауыр болып бара жатқан мына заманда ақ халатты абзал жанның сен
үшін шырылдап, бір орында байыз таппай жұмыс істегенінің өзі көңілге үлкен
медет береді. Әрине, ол оның мамандығы дерсіз. Дегенмен өзге салаларда
мамандығын дұрыс атқармай, жүрдім-бардым қарап, сүлесоқ жұмыс істеп жүрген адам
қаншама? Дәрігерге солай болу қолынан келмейді дейсіз бе? Келеді. Бірақ Алланың
өзгеше ықыласпен жаратқан пендесінің өмірін ұзарту үшін, көрер жарығын бір
күнге болсын жалғастыру басты мақсаты болғасын олай жасауға еш қақысы жоқ. Сол
адам алдындағы жауапкершілік олардың жұмысына жауапсыз болмауға шақырады.

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан медицина саласына зор қамқорлық
жасалып жатқанын біліп отырмыз. Ауруханалар мен емханаларды заманауи
техникалармен жабдықтап, жаңа орындар ашып жатыр. Сондай жаңа емхананың бірі
Қызылорда қаласында осыдан бірер жыл бұрын ашылды. Ол қаладағы №3 емхана. Біз
сол жерде тіркеуде тұрамыз. Ден­­саулығымыз бұрыннан аса жақсы бол­мағасын дәрі­герлердің
көмегіне көп жүгі­неміз. №3 емхананың қызмет­керлері ха­­лыққа адалынан қызмет
етіп жатыр деп айта аламын. Өйт­кені оған күнделікті өмірде өзіміз куәміз. Жас
мамандарына дейін білімді әрі білгір. Адам жанын тү­­сінетін қарапайым да
көпшіл. Сондай жас маманның бірі, дәрігер-терапевт Олжас Ысқақов. Жастығына
қара­май өте елгезек азамат. Жұмысына ұқыпты. Біз се­кіл­ді алдына барған
зейнеткерлерге құрақ ұшып қызмет көрсетеді. Үлкендердің батасын алып жүрген
маман. Жақында бөлім меңгерушілігіне тағайындалды. Елдің ықы­­ласы болар
баланың бағын ашса керек. Сонымен қатар, мейірбике Байдрахманова ханымға да
емделушілердің айтар алғысы бөлек.

Осы аптада медицина қызметкерлерінің төл мерекесі атап өтіледі. Мереке
қарсаңында барлық ақ халатты абзал жандарға жақ­сы­лық тілегіміз келеді.
Өмірлеріңіз береке мен мерекеге толы болсын. Ел игілігі жолын­да жасап жатқан
жұмыстарыңызды Алла жемісті етсін! Әрдайым елдің алғы­сын алып, адам жанының
арашашысы болып жүре беріңіздер.

 

Ермек СЕЙТІМОВА,

зейнеткер.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз