Алқабиге кандидаттарға уәжсiз қарсылық бiлдiру

119

0

Алқабиге кандидаттарға уәжсiз қарсылық бiлдiруҚазақстан Республикасының 2006 жылғы 16 қаңтардағы N 121 Заңына сәйкес, 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап Елімізде алқабилер соты қолданысқа енгізілді.
 Ол кезде алқабилер қатысатын сот құрамы облыстық және оған теңестірілген соттарда әрекет етті және аталған санаттағы істерді қарауға  екі судья және тоғыз алқабидің қатысуы тиіс болатын. 
Дүниежүзі бойынша (АҚШ, Ресей және т.б.) сот алқабилерінің классикалық моделіне сәйкес, алқабилер соты бір судья және он екі алқабиден құралады.
Қазақстанда 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарда және қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттарда алқабилердің қатысуымен сот бір судьяның және он алқабидің құрамында әрекет етеді.
Судья алдын ала тыңдауды сотталушыларды, соның ішінде өздеріне iстi алқабилердiң қатысуымен қарау құқығы тиесілі емес сотталушыларды және олардың қорғаушыларын мiндеттi түрде қатыстыра отырып, жеке-дара өткiзедi. 
Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімделмесе, судья сотталушыға оның осы сот отырысында тікелей мәлімделуі мүмкін екенін түсіндіреді. Сотталушының ауызша өтінішхаты сот отырысының хаттамасына енгізіледі, жазбаша өтінішхат іске қоса тігіледі. Сотталушының істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өз өтінішхатынан бас тартуы, сондай-ақ оның осындай өтінішхатты мәлімдегісі келмейтіні сот отырысының хаттамасында, не іске қоса тігілетін сотталушының жазбаша өтінішхатында көрсетіледі.
Егер сотталушы өз ісiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы өз өтiнiшхатын растаса, онда судья осы өтiнiшхатты қанағаттандыру туралы шешiм қабылдайды. Бұл ретте басқа сотталушылардың пікірі ескерілмейді және мемлекеттiк айыптаушы, жәбiрленушi, сотталушы және оның қорғаушысы мәлiмдеген басқа өтiнiшхаттарды қарауға көшедi.
 Судьяның iстi алқабилер қатысатын соттың қарауы туралы мәселе жөніндегі қаулысы түпкiлiктi болып табылады. Одан әрі қаулы сотталушының ұстанымының өзгеруіне орай қайта қаралмайды.
 Егер сотталушы істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе немесе бұл туралы бұрын мәлімделген өтінішхатты растаса, судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда iстi алқабилер қатысатын соттың қарайтынын көрсетедi және осы сот отырысына шақырылуға жататын алқабиге кандидаттардың санын айқындайды, олардың саны жиырма бестен кем болмауға тиiс.
Судья істi алқабилер қатысатын соттың қарауына тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейiн сот отырысының хатшысына саны қаулыда көрсетiлген алқабиге кандидаттарды алқабиге iрiктеу үшiн олардың сот отырысына келуiн қамтамасыз ету туралы өкiм бередi.
Хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге мiндеттi.
Кандидаттар ішінен алқабилердi iрiктеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі кодекс) 350 – 363-баптарының талаптары орындалғаннан кейiн, төрағалық етушiнiң алқабиге кандидаттарды iстi қарауға қатысудан босатуы, өздiгiнен бас тарту туралы мәселелердi шешу, қарсылық білдіру туралы мәселелердi шешу, алқабиге кандидаттарға уәжсіз қарсылық білдіру арқылы жүзеге асырылады. 
Егер сотқа шақырылған алқабиге кандидаттардың жиырма бестен кем болса, не олардың кейбiрiн сот талқылауына қатысудан босатқаннан кейiн немесе төрағалық етушi судья өздiгiнен бас тартулар мен қарсылық білдірулерді қанағаттандырғаннан кейiн олар он жетiден азайып қалса, төрағалық етушi сот отырысының хатшысына алқабиге кандидаттар құрамының жетiспейтiн санын қосалқы тiзiмнен толықтыру туралы өкiм бередi. Бұл жағдайда сот отырысында алқабиге қосалқы кандидаттарды шақыру үшiн үзiлiс жарияланады.
Төрағалық етушiнiң алқабиге кандидаттарды iстi
қарауға қатысудан босатуы
Төрағалық етушi алқабиге кандидаттарға олардың осы Кодексте белгiленген мiндеттерiн түсiндiредi, содан кейiн алқабиге кандидаттардан iстi қарауға өздерінің алқаби ретiнде қатысуына кедергi келтiретiн мән-жайлардың бар-жоғы туралы сұрайды.
Алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiру туралы
мәселелердi шешу үшін олардың әрқайсысына мынадай жағдайларда, егер, алқабиге кандидат осы iс бойынша жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер болып табылса, куә ретiнде шақырылса не шақырылуы мүмкiн болса;  
– алқабиге кандидат осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, қорғаушы, күдіктінің, айыпталушының заңды өкiлi, жәбiрленушiнiң өкiлi, азаматтық талапкер немесе азаматтық жауапкер ретiнде қатысса; 
– алқабиге кандидат жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, айыпталушының, сотталушының немесе оның заңды өкiлiнiң, прокурордың, қорғаушының, тергеушiнiң немесе анықтаушының туысы немесе жекжаты (аға-iнiсi, апа-қарындасы-сіңлісі, ата-анасы және ерлi-зайыптылардың баласы) болып табылса; алқабиге кандидат осы iске жеке, тiкелей немесе жанама мүдделi деп санауға негiз беретiн өзге де мән-жайлар болса, прокурор, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi, сотталушы және оның қорғаушысы оған қарсылық білдіруді мәлiмдеуге тиiс. Төрағалық етуші тараптардың пікірін тыңдап, алқабиге кандидаттықтан өздігінен бас тартуды қанағаттандыру не қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Егер осы Кодекстiң 642-бабының талаптарын орындау нәтижесiнде сот отырысына қатысу үшiн алқабиге кандидаттардың он жетiден астамы қалса, төрағалық етушi алқабиге кандидаттардың қалған санын жариялайды, одан кейiн олардың тегi көрсетiлген билеттердi жәшiкке салады, билеттердi араластырады және жәшiкте он жетi билет қалу үшiн одан қанша қажет болса, сонша билеттi алып тастайды.
Төрағалық етушi осы баптың 1- бөлiгiнің талаптары орындалғаннан кейiн мемлекеттiк айыптаушының, сондай-ақ сотталушының және (немесе) оның қорғаушысының уәжсіз қарсылық білдіруді жүргiзуі үшiн алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген қалған он жетi билеттi бередi, оның нәтижесiнде алқабиге он екi кандидат қалуға тиiс. Мемлекеттiк айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы төрағалық етушi арқылы алқабиге кандидаттардың қайсыбірінен өзiн таныстыруын сұрауға құқылы.
Егер iске бiр сотталушы қатысса, алқабиге екі кандидатқа уәжсіз қарсылық білдіруді – мемлекеттiк айыптаушы, одан кейiн алқабиге үш кандидатқа уәждеусіз қарсылық білдіруді сотталушы және (немесе) оның қорғаушысы көрсетiлген кезектiлiкпен жүргiзедi.
Егер iске бiрнеше сотталушы қатысса, мемлекеттiк айыптаушы әрi кеткенде алқабиге екi кандидатқа қарсылық білдіруге құқылы. Бұл ретте алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру – сотталушылардың өзара келiсуi бойынша, ал мұндай келiсу болмаған жағдайда, егер мүмкiн болса, қарсылық білдірілетін алқабиге кандидаттардың санын олардың арасында тең бөлу арқылы жүргiзiледi.
Осы баптың 5-бөлiгiнің талаптарын орындау мүмкiн болмаған жағдайда, бiрнеше сотталушының алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруі барлық сотталушының тегі көрсетілген билеттердi жәшiкке салып, жеребе тастау арқылы жүргiзiлуге тиiс. Жеребе тастау қарсылық білдірілмеген алқабиге кандидаттардың санына тең санда жүргiзiледi. Төрағалық етушi сотталушының тегi көрсетiлген билеттi жәшiктен қанша рет алса, алқабиге сонша кандидатқа сотталушы қарсылық білдіруге құқылы.
Сотталушылардың қайсыбiрiнiң алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығынан бас тартуы басқа сотталушылардың алқабиге кандидаттардың кемiнде он екiсi қалғанға дейiн оларға қарсылық білдіру құқығына шек қоюға әкеп соқпайды.
Мемлекеттiк айыптаушы, сотталушы немесе оның қорғаушысы алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген билеттерге уәждерiн көрсетпей-ақ, қойылған қолдарымен бекітілген «қарсылық білдіру» деген жазу арқылы алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруді мәлімдеуі мүмкiн. Сотталушы өзiнiң қорғаушысына алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығын жүзеге асыруды тапсыруға құқылы. Егер сотталушы өзiнiң алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығынан бас тартса, онда қорғаушы оның келiсiмiнсiз алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруге өз бетiнше қатысуға құқылы емес.
Сотталушы немесе iске бiрнеше сотталушы қатысса, барлық сотталушы өздерiнiң алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығынан бас тартқан жағдайда, олардың қарсылық білдіруі жеребе тастау арқылы жүргiзiледi, оның барысында сот отырысының төрағалық етушiсі не хатшысы алқабиге кандидаттың қаншасына қарсылық білдірілуі мүмкiн болса, қарсылық білдірілмеген сонша алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген билеттердi жәшiктен алып тастайды.
Тараптар уәжсіз қарсылық білдірген алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген билеттер iс материалдарына қоса тiгiледi.
Жеребе тастау арқылы алқабилер алқасын құру
Сотта iстi қарайтын алқабилер алқасы негiзгi құрамдағы (алқабилер алқасының құрамын құрайтын) он және қосалқы екi алқаби құрамында жеребе тастау арқылы құрылады.
Алқабилер алқасын құру үшiн төрағалық етушi қарсылық білдірілмеген алқабиге кандидаттардың тегi көрсетілген билеттердi жәшiкке салады, оларды араластырады және бiр-бiрлеп он екi билеттi алады, әрбір ретте билетте көрсетiлген алқабиге кандидаттың тегiн жариялайды. Егер алқабилер алқасын құрудың дұрыстығына ықпал ететiн қандай да бiр бұзушылыққа жол берiлмесе, алқабилер алқасы құрылды деп танылады. Бұл ретте жеребе тастау арқылы iрiктелген алғашқы он алқаби – негiзгi құрамның алқабиi, ал соңғы екеуi қосалқы алқаби болып есептеледi.
 Қарсылық білдіру туралы мәселенi шешу кезiнде немесе алқабилер алқасын құру кезiнде оның құрылуының дұрыстығына ықпал еткен қандай да бiр бұзушылыққа жол берiлсе, сондай-ақ бiр немесе одан да көп алқабиді мемлекеттiк құпияға жіберуден бас тартылған жағдайда, төрағалық етушi алқабилер алқасының құрылуын жарамсыз немесе ол құрылған жоқ деп жариялайды және алқабиге кандидаттарға толық көлемiнде қайта iрiктеу жүргiзедi.
Сот отырысының хатшысы жеребе тастау арқылы iрiктелген он екi алқабидiң тегiн жәшiктен билеттер қалай алынса, сол тәртiппен сот отырысының хаттамасына енгiзедi. Жеребе тастау арқылы iрiктелген алқабилердiң тегi және олардың саналатын реттік нөмірі көрсетiлген билеттер iс материалдарына қоса тiгiледi.
А.Сабыров,
Қызылорда облысының қылмыстық 
істер жөніндегі мамандандырылған
 ауданаралық сотының судьясы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз