ҚАЛАНЫҢ АЗЫҚ-ТҮЛІК БЕЛДЕУІ ҚАНДАЙ?

82

0

Жуырда облыстық ауылшаруашылық басқармасы БАҚ өкілдеріне ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірнеше нысанға пресс-тур ұйымдастырды. Пресс-тур барысында журналистер «Қаржылай қолдау қоры» АҚ қатысуымен салынған жылыжай құрылысы, «Абзал и К» толық серіктестігі мен «Шөгірлі сүт фермасы» шаруа қожалығының жұмысымен таныстырды.
Аграрлы аймақ Қызылорда облысында көкөніс құны қымбат. Өйткені, өңірде жылыжай шаруашылығының дамуы бәсең. Ал сырттан тасымалданатын өнім  бағасы шарықтап тұр. Осыған орай «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда қаласында жалпы көлемі 5,5 га құрайтын 120 жылыжай салу жобасын жүзеге асыруда. 
Облыс бойынша қазіргі уақытта жалпы көлемі 2,9 га құрайтын 50 жылыжай жұмыс істеп тұр. Олардан орта есеппен жылына 200 тонна (қияр, қызанақ) өнім жиналады. «Қаржылай қолдау қоры» АҚ тарапынан берілетін 120 жылыжай толықтай іске асқан кезде қала тұрғындарын арзан қияр-қызанақпен қамтамасыз ететін болады. Осы жылыжайларда өндірілген көкөніс өнімдері облыстың сауда нүктелерінің 65 пайызын құрайды деп жоспарланып отыр.
Тұрғындарды жыл бойы көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде және маусымаралық жетіспеушілігін болдырмауда жылыжай кешендерінің маңызы зор. Қазіргі кезде Қызылорда қаласында әрқайсысы 540 шаршы метр болатын 50 жылыжай көкөніс өсірушілерге лизингке берілді. Шаруалар тамшылатып суару арқылы қазаннан бастап қызанақ пен қияр өсіріп жатыр.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ҚОФ директоры Мәди Ибадуллаевтың айтуы бойынша жылыжай кешені салынып болғаннан кейін лизингке 9 жылға 6 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Бір ерекшелігі, агрономиялық бақылау болады. Бұл дегеніміз алты ай бойы бірінші өнім алғанға дейін жылыжай агрономы осы жердің жергілікті мамандарын үйретеді.
Сыр маржанын брендке айналдыра білген «Абзал и К» толық серіктестігі аймақта күріш өндірумен айналысады. Құрамында 2 күріш шаруашылығы бар серіктестікте 535 адам жұмыс жасайды. Күріштің егіс көлемі 5120 гектарды құрап отыр. Сондай-ақ, күріш ақтайтын қос зауыты іске қосылған. Олардың жылдық қуаттылығы 13621 тонна. Шаруашылықта «Маржан», «Лидер», «Наватор», «Янтарь», «Фиш» күріш сорттары өсіріледі. Серіктестік биыл мол өнімге қол жеткізген. Шаруашылықтың ендігі басты жұмысы – Сыр салысын тиімді бағамен экспортқа шығару. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ие серіктестік келер жылғы жұмыс жоспарымен таныстырды.
Облыс орталығының тұрғындарын сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында «Шөгірлі» шаруа қожалығы Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты «Абай» елді мекенінен 2011 жылы жалпы құны 102 млн. теңгені құрайтын 200 басқа арналған сүт фермасын құрған еді. Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облысынан әкелінген 238 бас  «Голштеин»  асыл тұқымды сүт бағытындағы қара ала сиыры өсірілуде. Тәулігіне 1 тонна аралығында сүт өндіріп, балабақшалар мен ауруханаларды, Қарттар үйін қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, қала тұрғындарын қаймақ, ірімшік, сүзбе, құрт өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында тәулігіне 2 тонна сүт өңдейтін зауыт іске қосылған еді. Бірақ, сүт зауыты техникалық ақауға байланысты толық күшінде жұмыс істемеуде. 
Мұнда бәрі сайып келгенде, қаланың азық-түлік белдеуі деуге болады. Мәселе оларды дамытып, өнім өндіруді тұрақты жолға қою болып отыр.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз