АЛАШТЫҢ АНАСЫ МЕН АСТАНАСЫ

56

0

Терең тарихтан тағылым шертетін шежіре мен аңызға толы қасиетті Сыр
өңірі бүгінде өркені өскен өлкеге айналды. Қойны қазынаға толы бұл ел талантты
перзенттерге кенде болған емес. Талай батырлар мен шешендер, дүлдүл ақындар мен
әншілер, жыраулар мен күйшілер, сан түрлі өнер иелері мен қоғам қайраткерлері
шыққан бұл өлке ежелден Жердің кіндігі саналады. Туристік әлеуеті жоғары болуы
себепті әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы «ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесіне
көрсетілетін нысан­дардың қатарына енуі біз үшін зор қуаныш. Күннен күнге
көркейіп келе жатқан Қызылорда облысы бүгінде ынтымақ пен бірлігі жарасқан,
татулықтың туын көтерген еңбекқор халықтың, ізгілік пен жақсылықтың жаршысына
айналды.

Осы қасиетті алтын бесік-туған жердегі Жалағаш ауданы, Коммунизм
кеңшары маған өте ыстық, жаныма тым жақын. Нақ осы жер мені еліммен, оның өткен
тарихымен және болашағыммен байланыстырады. Ертеректе әже­леріміздің «80-ші
жылдарға жетсек, коммунизмге жетеміз… қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған
кезең болады» деп айтқан сабырлы сөздері әлі күнге құлағымызда.

Менің балалық шағым сол бұрынғы Коммунизм, бүгінгі М.Шәменов атындағы
ауылында өтті. Ерке Сырдың суына шомылып, туған жердің топырағына аунап өстік.
Мектеп қабырғасынан армандаған мамандық иесі
болып, саясатқа араласып, елдің әлеуетін көтеретін мемлекеттік қызметкер
болу бақытына да ие болдық. Қызмет
бабымен біраз жердің суын ішіп, ауасын жұттым. Қайда жүрсем де, туған ауылымды,
өлкемді әсте естен шығарып көрмеппін. Еңбек демалысымда шетелдерде дем алуға
емес, туған ауылымның таза ауасын жұтуға, онда тұратын әке-шешемді,
бауырларымды көруге асығамын. Бүгіндері жасым қырықтың қырқасынан асты. Алайда
туған жерге деген сағынышым күшеймесе, бәсеңдеген жоқ. Сол туған жерден
ата-анамның батасын алып, қасиетті киелі жерде жатқан Қожа-Ахмет Яссауи, Қорқыт
бабалардың басында болып тәу етіп, елордамыз Астанаға көшіп келгеніме, міне,
тура 13 жыл болыпты…

Әрдайым ұлы істердің басында жүретін ел Президенті астананы ауыстыру
жөнінде мәселе көтергенде, Астана идеядан ақиқатқа айналғанда елмен бірге мен
де алғашқы астана – Қызылордадан бас Астанаға 2002 жылы отбасыммен қоныс тептім.

Достық пейіл-татулықтың тірегі,

Біздің халық бейбіт өмір сүреді.

Бар әлемді бір өзіне қаратқан,

Елордамыз – Еуразия жүрегі, – деп ақындар жырлағандай, Отанымыздың
жүрегі, ел тәуелсіздігінің тірегі, жеріміздің кіндігі, еліміздің түндігі,
халқымыздың бірлігі Астана – бүгінде Қазақстанның жаңа бейнесі, жарқын келбеті
төрткүл әлемдегі астаналардың ішіндегі ең жас, ең әсем қала.

Астана! Ол – жай қала ғана емес, Елорда. Кеше ғана азаттығын алып,
буыны енді қатайып келе жатқан Қазақ мемлекетінің астанасы. Астана қазіргі күні
айрықша сәулетімен көздің жауын алады. Қарап тұрып сүйсінесің, сүйсініп тұрып,
шүкіршілік етесің. Астана – бұл қазақтың, мерейі, мәртебесі. «Мерейіміз таси
бергей, Астанамыз ажарына ажар қосып, сұлулығынан танбағай» деген шынайы тілек
тұла бойды кернейді.

Нақты кезеңде Астана дүниежүзіне мәлім. Мұнда әлемнің талай
мемлекеттерінің серкелері бас қосып, пікір алмасып, маңызды шешімдер қабылдап
жүр. Астана – ел мақтанышы. Мұнда қызмет ету де, білім алу да – бақыт. Астанаға
қоныс аударып, қызмет етушілердің бірі ретінде мен мұны жақсы түсінемін. Туған
жерден жырақ кеткенде өзге жерден бақыт тауып, өмірден өз орныңды белгілеп
бекітсем деген үкілі үміттің жетегінде жүресің ғой. Сол үмітпен мен де отбасыммен
Астанаға қоныс аудардым. Алғашында «Қалай болар екен, бөтен жер, бөтен орта»
деген ойдың болғаны рас. Бірақ уақытқа бағынбайтын пенде жоқ екен. Қазір
Астанаға алғаш келген жылдардағы көрген қиыншылықтарымыз ұмытылған. Тіпті ару
Астанаға бауыр басып кеттік. Осында келген соң өмірге келген балаларым
астаналық болып кетті. Қаланың қайнаған өмір-тіршілігіне біз де бойымызды
үйретіп, қызметке бел шеше кірісіп кеттік. Республиканың түкпір-түкпірінен
келген жандар бір-бірімен тіл табысып, етене жақын болып кетті. Мен де
Астанадан жаныма жақын дос­тар таптым. Бұған қарап, туған жерді ұмытып кетті
деген ой туындамауы керек. Өйткені туған жерге деген құрмет, оған деген сағыныш
әр адамның жүрек түкпірінде сақталатын асыл қазынасы. Ол қашанда саған ерекше
қуат беріп, жігерлендіріп тұрады.

Астана – жаңа қала, жаңа шаһар. Ол келешекте бүгінгіден де құлпырып,
көркейе беретіндігіне сенемін. ХХІ ғасырдың көркем сәулетті қаласы – Астана
арман емес, ақиқатқа айналған, қиял емес, азғана уақыт аралығында қолымыз
жеткен шынайы тарихи жетістік.

Сөз соңында баршаны құшағына сыйдырған, Сарыарқаға сән берген бас қала
– Астана әлі де биік белестерді бағындырып, озық сәулетімен күллі әлемді
таңғалдыра береді дегім келеді. Сұлу Сырда туып, әсем Арқа төсінде еңбек етіп
жатқан мен үшін бұл мерекенің мәні өте зор.

Талғат Мусаев,

ҚР Мәдениет қайраткерi, әлеуметтанушы.

Астана қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз