ҚАМҚОРЛЫҚТАН ҚАҒАЖУ ҚАЛҒАНЫМЫЗ ЖОҚ

53

0

ҚАМҚОРЛЫҚТАН ҚАҒАЖУ ҚАЛҒАНЫМЫЗ ЖОҚТаяу күндері өңірлік театрлардың өзекті мәселелері Үкіметте қаралып, олардың жай-күйі жайындағы ақпарат елге тарады. Репертуар, әртістердің әлеуметтік жағдайы, мамандарды тұрақтандыруға қатысты түйткілдер талқыланған жиыннан соң Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір Темірге жолығып, облыстың бас рухани ордасының тыныс-тіршілігімен танысқан едік. 

– Хұсейін аға, Үкімет мәжілісінде көтерілген мәселелер сізге жаңалық емес, бұрыннан етене таныс. Жалпы өңірлік театрларға ортақ проблемалар қандай?
– Үкіметтегі жиыннан бұрын театрлардың мәселелері Мәдениет министрлігінің алқа мәжілісінде қаралған болатын. Қазір барлық театрларға ортақ өзекті проблема – кадр жетіспеушілігі. Жыл сайын біздің облыстың түлектері  Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын, Астанадағы өнер университетін бітіріп жатыр. Бірақ олар бізге келмейді. Астанада не Алматыда қалып, телеарналарда, радиоларда, кинода, дубляжда қызмет жасайды. Қосымша асабалықпен айналысады. 
Жастардың бізге келген күнде де жағдайы жоқ. Оларға баспана, күнкөріске жететін жалақы төлеу керек. Бар болғаны 40-50 мың теңге айлықтың 35 мың теңгесіне пәтер жалдайтын мамандарды тұрақтандыру қиын. Қазір біздің қызметкерлерімізге 5 бөлмелі 3 пәтер жатақхана етіп берілген. Облыс басшысы бюджет саласы қызметкерлеріне арнап 64 пәтерлі тұрғын үй салынатынын айтты. Сол үйден театрға квота бөлінеді деп үміттеніп отырмыз. 
Бүгінде жастар труппасына 15 штат берілді. Труппаға жас мамандарды тарту үшін жұмыстар жүргізілуде. Мамандар келсе, оларға қызметтік пәтер немесе жатақхана керек. М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледж жанынан ашылған актерлік курсты 11 бала бітіреді. Олардың арасынан 5-6 маманды жұмысқа алмақшымыз. Кастинг өткізіп, іріктеуден өткен жастарды өзіміз тәрбиелеуге ден қойдық. Мамандарды тұрақтандыру үшін жергілікті кадрларға баса назар аудару керек деп ойлаймын. Біздің аға буын әртістеріміз Ұлпатай Баяділова, Үмігүлсім Бегімова, Бақытбек Алпысбаев, Залипа Төлепова өнер жолына жаңа қадам басқандарды қанатының астына алып, шығармашылықтарын шыңдауға көмектеседі.
– Театрдың ыстығына күйіп, суығына тоңған тәжірибелі маман ретінде кадрларды тұрақтандыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
–Жоғарыда атап өткенімдей, жоғары оқу орнын бітірген жастар ірі қалаларда қалып қояды. Кеңес дәуірінде жас мамандарды жолдамамен әр аймаққа жіберетін жүйе болған. Оқу бітірген соң мемлекет жіберген жерге барып, 2 жыл жұмыс істеу міндеттелетін. Осы әдіс қайтадан қолданысқа енгізілсе деймін.      
– Репертуарға қатысты мәселенің де күрделі екені сөз болды. Бұл қиыншылықтан қалай шығуға болады?
– Біздің театр репертуардан тапшылық көріп отыр деп айта алмаймын. Мәселен Л.Егембердиеваның «Көресіні көрмей…”, «Егіздер” спектакльдері, Б.Әлімжановтың «Жалмауызды жеңген бала” ертегісін қойдық. Тағы бір комедияның тұсаукесері ақпанның аяғында өтеді. М.Әуезовтің «Каракөз” трагедиясы сияқты классикалық спектакльдерді де ұмытпаймыз.
Сонымен бірге қазақ драматургиясының небір жауһар дүниелерін туғызған Қ.Мұхамеджановтың, Т.Ахтанов, С.Жүнісов, Ә.Тәжібаевтың туындыларын жаңғыртып, бүгінгі күнге лайықтап сахналаудамыз.  Қазір Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестер” драмасы дайындалып жатыр. Б.Әлімжановтың «Ең сұлуым – Меңсұлу” комедиясын Т.Жүргенов академиясының 4 курс студенті С.Әлішерова қояды. Болашақ режиссерді өзімізге жұмысқа шақырмақпыз. Ал, «Көңілдестерді” шымкенттік режиссер Тұрғанбек Әшімов  сахналамақ. 
– Бұл біздің театрда режиссер жетіспейді деген сөз бе? 
– Иә, бұл да барлық театрларға ортақ түйткіл. Еліміздегі 52 театрдың 8-і бас режиссерсіз отыр. Сонымен бірге алда Иранғайыптың «Қорқыт” драмасының жаңа нұсқасын, Б.Жәкиевтің «Жүрейік, жүрек ауыртпайын”, С.Асылбекұлының «Желтоқсан түнін” қоямыз деп жоспарладық. «Алтын ноқта” деп аталатын қуыршақ спектаклі де балдырғандарға базарлық болғалы тұр. 
– Жиында спектакльдерге қаржы бөлу тақырыбы да талқыланды. «Республика театрларында бір спектакльді сахналауға 2 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалса, облыстық театрлардағы бір қойылымға бөлінетін қаржы республикалық деңгейден 10 есеге төмен” деген мәлімет ұсынылды.
– Біздің қойылымдарымыз қаржылық жағынан қағажу көріп отырған жоқ. Мәселен, былтыр 16,9 млн. теңгеге 8 қойылым сахналанды. Биыл да осы шамада қаржы бөлінді. Театрға жастар мен жасөспірімдерді тарту үшін балаларға арналған қойылымдар сахналануда. Бүгінде репертуарымызда балаларға арналған 8 спектакль бар. 
Соңғы жылдары Түркия, Ресейге гастрольдік сапарлар ұйымдастырылды. Биыл Грузия, Өзбекстанға, ел ішінде Астана мен Ақтөбеге сапарлау жоспарланып отыр.
ҚАМҚОРЛЫҚТАН ҚАҒАЖУ ҚАЛҒАНЫМЫЗ ЖОҚТеатр қайраткерлері одағының төрағасы, Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов әртістерге мемлекеттік құрметті атақтарды бұрынғы жүйемен беруді ұсынып отыр. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Қазір «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағы кез келген мамандық иесіне беріледі. Бұрын «Білім беру ісінің үздігі”, «Денсаулық сақтау саласының үздігі” деген сияқты «Мәдениет қызметінің үздігі” атағы болған. Кейін «Мәдениет қайраткері” деген атақ белгіленді. Дегенмен, жоғарыда айтылған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” мен «Мәдениет қайраткерінің” аражігін ажырата алмай қалдық. Кезінде «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері” атағы театр режиссерлеріне, суретшілеріне, композиторларға берілетін.  
Посткеңестік елдердің барлығында «Халық әртісі”, «Еңбек сіңірген әртіс” атақтары сақталған. Сондықтан өнер адамдарына өз атақтары қайтарылғанын құптаймын.  
–  Биыл – Сыр топырағынан түлеп ұшқан қазақ театр өнеріндегі қайталанбас тұлға Сәбира Майқанованың ғасырлық мерейтойы. Көзкөргендердің естеліктерін оқып отырсам, ол кісі ұлттық драматургияның небір күрделі бейнелерін жасаумен қатар, айналасына шуағын молынан төккен адам болыпты. «Қазақ театрының анасы” атанған ұлы актрисаны еске алуда туған жерінде  қандай шаралар өтеді?
– Қыркүйек айында Мәдениет министрлігі мен Театр қайраткерлері одағы, облыс әкімдігімен бірігіп өткізетін 22-ші республикалық театр фестивалін Сәбира Майқановаға арнамақпыз. Қазір фестивальға дайындық жұмыстары басталып кетті. Біз кезінде Сәбира апамыз Мөржан рөлін ойнаған «Қарагөз” спектаклін сахналаймыз. 
– Қазақ театрының іргетасы қаланған Қызылордада жаңа өнер ордасының бой көтеруі, яғни, жаңа үлгідегі облыстық драма театрын салу туралы жаңалықты халық руханият саласындағы кезекті игі бастама ретінде қабылдап отыр. Алаштың анасы, өнердің ордасы атанған біздің қаламызға театр көптік етпейді емес пе? 
– Әрине. Бізде театр мен А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет орталығынан басқа концерттік алаңдар жетіспейді. Театр сахнасы концерт қоюға лайықталған. Сахна биікте тұр. Көрермен залының алғашқы қатарларына отырсаңыз, сахнаны көру қиын.
Қазір жаңа театрдың орналасатын жері анықталып, рәсімделуде. Техникалық-экономикалық негіздемесіне, мемлекеттік сараптауға қаржы бөлініп, жұмыстар басталып кетті.
– Әңгімеңізге рахмет. 
    
Сұхбатты жүргізген 
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз