АНА КӨРГЕН ТОН ПІШЕР

122

0

Өмірдің ерік-жігеріңе бағына қоймай­тын күрделі құбылыс екенін жақсы біле­міз. Сол өмірдің
қуанышы мен өкініші, жақ­сылығы мен жамандығы қатар жүреті­нін біліп, түсінсек
те ертеңімізден үміт күтетін пендеміз ғой. Облысқа белгілі азамат Қазыбай
Құдайбергеновтің отбасына соңғы жылдары тағдырдың жазған үкімі тым қатал болып
алды. Қапияда сүйкімді ұлы Абдоларонрашидтен, жүрек жарасы жазылмай жатып жарты
ғасыр өмірлік серігі – асыл жары Жақсыбикеден айырылды.

Қазекең
барлығына төзімділік таныт­ты, сыр білдірмеді, өзі сыйласатын,
түсі­ні­сетіндермен де, бейтараптау ортамен де жылы қатынасын суытпады. Өзі­не
тән жүрек жылуымен барлығымен жақындасты, жүріс-тұрысынан, мінезінен оғаштық,
ерсілік байқалмады. Мұны біз ол кісінің жаратылыс сыйлаған ерекше
қасиетінен, болмыс ерекшелігінен деп
түсіндік.

Жуырда
Құдайбергеновтер отбасына қатысты қуанышты хабар естідім. Қазекеңнің ортаншы
қызы Лаура ішкі істер қызметінің полковнигі шенін иеле­ніпті. Мұндай шен таққан
қыздар Сыр өңірінде саусақпен санарлықтай ғана. Жы­лы хабарды өз қуанышымдай
аса қана­ғат сезіммен қабылдадым. Себебі менің бұл отбасына қатысты сыйластық
қарым-қатынасымның бастауы тым әріде жатқан еді.

Лаура
есімі маған жақсы таныс секіл­ді.
Қайдан, қашан, қалай естідім? Сезім дегеніңіз балалық шақтың бүгінде
елеске айнала бастаған бел белестерімен қуалай жөнелді.

…1973
жыл. Қызылорда қаласындағы №212 орта мектептің 9-шы сыныбындағы ылғи «қыңыр мінезділер” жиналған
ортаға аққұба өңді, жып-жинақы жап-жас мұғалима еркінси енді. «Шанхай” атты
үлкен ауылдың балаларынан жиналған бұл сыныптың өзгеге ұқсай қоймайтын қыңыр
мінезді қиқарлары осы өңірдің «Ташкен көргендерінің” балалары еді. Теледидар хабарынан Пелені, Стрельцовты,
Харламовты, қазақтың аты аңызға айналған Темір Сегізбаевын алғаш көріп
тамашалаған, Мәскеу жаңалықтарын күн құрғатпай көретін әлгілерді бірдеңемен
таңырқату мүмкін бе? Бірақ жас мұғалім бізді таңырқатты. Білімімен де, сүйкімді
қылығымен де. Тарих пәнінен дәріс беретін Жақсыбике (біз оны Жақсан деп атаушы
едік) Жәнібекова біз үшін басқашалау, өзгешелеу көрінді. Апай талғаммен
киінеді, сабақ беру үрдісі де, оқушының ішкі жан-дүниесіне үңіліп, орайы келсе
сырласқысы келіп тұратын ынтызарлығы, ашықтығы бізді магнитше тартып
жақындастыра түсті. Апайдың
білімдарлығынан болар, біз сол жылдары мүлдем айтыла қоймайтын репрессия
құрбандары туралы там-тұмдап болса да ести бастадық. Мұндай деректерге қанығу
сол уақыттың табиғатына мүлдем қайшы келетін жағдай еді. Ол кісі үлкен ортадан
білім алды. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары КазГУ түгіл,
Қызыл­орданың пединститутын тәмамдап, жоғары білім алу дегеніңіз ерлікпен
пара-пар тірлік болатын. Ал Жақсан апай екінің бірінің пешенесіне бұйыра
бермейтін КазГу-ды бітірді. Осында болашақ жары Қазыбаймен танысып, отау құрды.
Екеуі де білімді, білікті ұстаз болды, ал Қазекең Қорқыт ата атындағы университетте ұзақ жыл басшылық қызмет
жасады, айтулы профессор атанды.

Ұстаз
бен оқушының ара­сындағы жақындық кейін сырласуға ұласты. Жан-дүниесінен аса
бір қуатты жылу шуағы төгіліп тұратын апай балаларының сүйкімді қылықтарын
әңгіме тақырыбына жиі айналдырушы еді.

Мен
сол уақытта Лау­ра­ның есімін бірінші рет есті­дім. Апай былдырлап тілі шыққан
сәбидің қылықтарын айтып күліп алады. Бұл балаға деген ананың іңкәр сезімі,
шексіз махаббаты еді. Міне, содан бері 40 жылдан астам уақыт өтіпті. Лаураның
өзі қазір үлкен жүректі ана. Қыз баланың табиғатына келіңкіремейтін үлкен
жауапты қызметтің тізгінін ұстаған білікті басшы.

Лаура
Қарағандының тұтыну кооперациясы институтын бітірді. Кейін түрлі оқу
орындарында білімін жетілдірді. Мамандығы қаржыгер. Ұзақ жылдар бойы облыстық
ішкі істер департаментінің қаржы саласында басшылық қызметтер атқарып келеді.
Оның майталман маман, білікті қаржыгер екенін қызметтестері әрдайым мақтанышпен
айтады.

Әйел
нәзіктік үшін жаралған. Қалай дегенде де біздегі қалыптасқан түсінік бойынша
солай. Бірақ теңіздің асау толқындарына қарсы күрескендей жүрегі нәзік болса
да, жігерлі қыз небір сын-сынақтан мүдірмей өтті. Оның кәсіби білімі мен
қаржыгерлік жұмыстағы мол тәжірибесін облыстық ішкі істер департаментінің
басшылығы лайықты бағалады.

Көзінің
ағы мен қарашығындай қос қызы – Жұлдыз бен Тоқжан анасының қолғанаты болып өсіп
келеді. Екеуі де оқуда – озат. Үлкен қызы Назарбаев зияткерлік мектебінің
оқушысы. «Қос қызым – қос қанатым. Менің бар бақытым, байлығым”, – деп ағынан
жарылды Лаура.

Ақиқатын
айтсақ, бүгінде қаржыгер көп те, ал, нағыз қаржыгер саусақпен санарлықтай.
Қаржы саласында 20 жылдан аса еңбек өтілі бар, кеудесінде «Қылмыстық-атқару
жүйесі үздігі”, «Мін­сіз қызметі үшін” медальдары жарқыраған әділет полковнигі
Лаура Қазыбайқызы майталман маман, білікті қаржыгер деген зор атаққа әбден
лайық жан.

Сыныптай
жылжыған уақыт-ай. Қалай зымырап барасың? Мұндайда қайтып оралмайтын мұңсыз, алаңсыз
жастық шақ еске түседі. Мен Лаураны көріп сонау бір балалық шағымдағы Жақсыбике
апайыммен қайта қауышқандай болдым. Сен анаңа ұқсайсың, Лаура!

Жолдасбек
АҚСАҚАЛҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз