ҚАПИЯДА ҚИЫЛҒАН ҚОС ҒҰМЫР

50

0

Бұл қайғылы оқиға былтырғы қоңыр күзде болған еді. Қыркүйек айының соңғы күні Салтанат пен Нәзтай есімді қос қыз айдың-күннің аманында қыршынынан қиылды. Енді болған жағдайды таратып айтайық.
 Дәл сол күні Қазалы айналым пайдалану депосының машинисі Оразалы Сейіт пен оның көмекшісі Нұрлан Сүндетов №34 «Ақтөбе-Алматы» бағытындағы жолаушылар поезымен кезекті сапарға шыққан болатын. Алайда адамды алжастырайын десе оңай екен ғой. Ширек ғасырдай машинистің көмекшісі, соңғы жеті жылда машинист қызметін атқарып келе жатқан Оразалы Әбдінағиұлы «темір жол бойында адам» деген ережені өрескел бұзып, өзіне міндеттелген ережені сақтамау салдарынан қос қыздың өліміне себепші болған. Сүйтіп Қызылорда қаласына кіріп келе жатып, облыстық өкпе аурулары ауруханасы тұсында теміржол бойында отырған Салтанат Бейсова мен Нәзтай Әбсадықованы қағып кеткен.
«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының 2012 жылғы 14 наурыздағы бұйрығы негізінде пойыз жүріп келе жатырған жол бойы адамдардан бос болмаған жағдайда тежегіш 400 метр қашықтықта іске қосылуы тиіс болса, машинист қыз балаларға 100 метр қалғанда ғана тежегішті жедел іске қосқан. Алайда, «Қараөзек-Қызылорда» стансалары аралығында рұқсат етілген сағатына 89 шақырым жылдамдықпен келе жатқан жолаушылар пойызына бұл өте кеш болатын. Қанша жерден жедел тежегіш қосылса да, жоғары жылдамдықтағы поезд оқиға орнынан 800 метр қашықтыққа барып бір-ақ тоқтаған. Оның үстіне сол кезде қарама-қарсы бағытта жүк поезы өткен.
Тоқтаған бойда көмекшісіне жолды көріп келуді тапсырған машинист ұялы телефоны арқылы Қызылорда локомотив пайдалану депосының кезекшісіне адам қағып кеткенін хабарлайды. Артынша радио байланыс арқылы не үшін тұрғандарын сұраған станса кезекшісіне мән-жайды баяндайды. Осы кезде поезды қарап келген көмекшісі де ешқандай мүрделер жоқтығын жеткізеді. Көп ұзамай теміржол және полиция қызметкерлері келіп тексеру жүргізіп жатқанда, сол жерде 22 минут тұрып қалған олар поезд диспетчері рұқсат берген соң ары қарай жүріп кеткен.
«Қазекең» қашан да кең пейіл халық екендігіне осындайда тағы да таң қаласың. Қапияда қос ғұмыр көктей солып жатқанда жәбірленуші жақ айыпталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, істі өндірістен қысқартуды сұраған. Қылмыстың жасалғанына, сотталушының қылмыстық әрекетінің дәлелденуі мен дәрежеленуіне тараптар дау келтірмеген. Сондай-ақ сотталушы Оразалы Сейіттің өз кінәсін толық мойындауы, жәбірленушілердің кешірім беруі қылмыстық істің өндірістен қысқартылуына негіз болған.
Сұлтанәлі АЛИХАНОВ,
Қызылорда көлік прокурорының орынбасары.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз