АРАЛҚҰМДАҒЫ ЕРБОСЫН ЕМШІ

78

0

АРАЛҚҰМДАҒЫ ЕРБОСЫН ЕМШІCонау Оралдан 
арнайы келген қонағымнан естіген әңгімеден кейін түнімен елегізіп
шықтым. 

Жасы жетпісті алқымдап қал­ған мейманым ауыр мінезді
адам. Әрбір сөзін балғамен соққандай нық жеткізеді. Оның айтуынша, Аралқұм
ауылынан Ербосын атты емші  жас бала
шығыпты. Емделуге Қазақстанның түкпір- түкпірінен, тіпті ТМД елдерінен адам
келетінге ұқсайды. Арасын­да есімдері көпшілікке жақсы мәлім өнер жұлдыздары да
бар дейді. Қандай пікірде келгеніңді, мақсатыңды Ербосын алдын ала біледі екен
деген ағамыз мына қызықты жайтты ортаға салды. Шалғайдан бір топ адам автобус
жалдап ертелетіп жолға шықса қажет. Ербосынға емделушілер көп болгандықтан
бұрынырақ ба­ру­ды ұйғарыпты. Жолда жүргізу­ші қалғып кеткенге ұқсайды. Ке­нет…
Әлдебір нәрсе көліктің терезесіне сарт ете түседі. Оқыс дауыстан шошып оянған
шофер көлігінің жолдан ауытқып бара жатқанын байқап тежегішті басып үлгеріпті.
Осылайша бір қауым ел аман қалыпты. Бұл да Ербосынның кереметі екен деген
әңгімешіге сенер-сенбесімді білмедім. Әсірелеу де бар шығар. Алайда мұның өзі
жамағаттың жас емшіге арналған жылы ықыласынан туындағаны даусыз. Бәлкім тылсым
деген осы шығар.
Ертеңіне Аралқұмды бетке алдық. Күздің қоңыр күні
құбылып тұрды. Діттеген жерімізге жете бергенімізде аспанды қою қара бұлт
тұмшалап алды. Іле-шала дауыл көтерілді. Кәдімгі нарды құлататын қара дауылдың
өзі. Көктен құдды топырақ борап тұрғандай . Шаңды жел көзіңді аштырмайды.
Ербосынның үйін қиналмай таптық. Іздеудің 
қажеті жоқ екен. Аралқұмға кіреберістегі қарақұрым адам шоғыры,
қаз-қатар тізілген түрлі машиналар легінен осы деп пайымдағанбыз. Жаңылмаппыз.
Шағын үйдің ауласының сыртына жағалай жайғасқан кісі қарасы тым мол. Өзіміз
тілдескендер тәулігіне ең кемінде мыңнан астам адам келеді деп жатты. Солай да
шығар. Бұл маңнан еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін кездестіресің.
Баршасы әуелі Алладан сонан соң Ербосыннан дертіне дауа тілегендер.  Ербосын­ға жолығу, бетпе-бет тілдесу
қиямет-қайым екен. Анталаған жұрт тұмсығыңды сұқтырмайды. Баса-көктеп кірмекші
болсаң, жіптіктей қылу оп-оңай. Күнұза­ғына кезегін сарсыла күткен ашулы қауым
желкеңнен ұстап лақтырып жіберуі әбден ықтимал.
Біздің жолымыз болды. Жұқалтаң денелі жігіт ағасы
емшінің әкесі екен. Екеуміз  құрдас болып
шықтық. Сөзіміз салғаннан үйлесті. Серікбайдан Ербосынның жасы он бірде,
перзенттерінің кенжесі екендігін естідім. Сәкеңнің атасы Амантай ғұлама молда
болыпты. Қожа-молдаға қырғидай тиген Кеңес тұсында қуғынға түсіпті. Амалсыздан
бас сауғалап Қара­қалпақстанға өтеді. Нөкісте дү­ниеден озыпты. Ербосын биыл­ғы
жылдың қаңтарында қатты науқастанады. Жиі-жиі талмасы ұстапты. Дәрігерге талай
апар­ғанмен шипасы түспепті. Бірде Ербосынның түсіне ақ сәлде-ша­панды ата
еніпті. «Емшілік жолға түссең, дертіңнен сауы­ға­сың» деп аян беріпті. Осы­лайша
Ербосынның жаңа қы­ры ашылыпты. Алғашқыда сы­нық салумен басталған жол ем­шілікке
ұласыпты. Біртіндеп атағы жан-жаққа жайылыпты. Әйгілі Қарамолда әулиенің
бейітіне зираттағаннан кейін бала сүндеттейтін де болыпты. Қазір Ербосынды
іздеп ат арытқандар легі толастар емес. Қораның бір бұрышында шашылып жатқан
таяқ-балдақтарды Серікбай ем қонып, айығып кеткендердің  заттары деп түсіндірді.
Емшінің әкесіне еріп үй­ге ендік. Шағын бөлмеден абыр­жулы
анасы  Данагүлді жо­лық­тырдық. Бауыр
етінен жарал­ған ботасы ауырып қалса, қа­лайша саспасын?! Сырт көзге қан­шама
емші болғанмен, ана­сы үшін Ербосын ойын бала­сы. Емші шамадан тыс қуат жұм­сағандықтан
науқастанып қалған тәрізді. Олай етпеске, өзін қы­руар адам телміре тосып отыр.
Баласының ахуалына алаңдаған Данагүл емделушілердің тәртіп, тазалық сақтай
бермейтіндігіне қынжылысын білдірді. Ербосын­мен де кездестік. Құрдастарынан
айырмашылығы ешбір білінбейтін қарапайым бала. Науқастанып отырғандықтан көп
тілдесе ал­мадық.
Емделушілердің пікіріне құ­лақ түрдік. Қызылорда
қаласы­ның тұрғыны Ұлдай Исаева не­мересімен бірге  бірнеше күннен бері ем қабылдап жүр екен.
Апай «Немерем түсімде мені біреу қам­шымен ұрды деді. Әсері бар» дейді. Бұлыш
әже болса, өзі­нің ұзақ ғұмырында емші, көріп­келдердің қабылдауында мұндай көп
адамды көрмегеніне қайран қалды.
Кішкентай ғана баланың бой­ындағы тылсым күш Алланың
бір кереметі болар деген ой түсіп аттандық.
 
Жұмабек Табынбаев.
Арал ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз