«Арай Санрайз» әлемі

70

0

«Арай Санрайз» әлеміЖуырда «Арай
Санрайз» балалар тынығу лагерінде «Ашық есік” күні өтті. «ПетроҚазақстан Құмкөл
Ресорсиз» мұнай компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған шараға мұнай
компаниясы, білім саласы басшылары, ата-аналар шақырылды. Келген қонақтарды
жылы қабақпен күтіп алған лагерь ұжымы тынығу аймағына кішігірім экскурсия
жасатты. Үйірме жұмыстарымен таныстырған тәрбиешілер үш тілде сайрап тұр. Ши
тоқу, құрақ көрпеше, ағаш ою және кілем тоқу сияқты үйірмелері балаларды
іскерлікке баулыса, қазақша күрес, асық ату спортқа біртабан жақындатады. Бір
қызығы, балғындарға бағалы уақытын бөлген қадірлі қонақтар бір күн бала кейпіне
енді. Сол күні олар да асық атып, ләңгі теуіп, арқан тартып, бір уақ бес тас
ойнаудан да бақтарын сынады. Жеңімпаздар ұпайға саналатын қағаздарды иеленді.
Қанжығаларындағы ұпайларына кәдесый дүкенінен сый-сияпат алды. Онда
тәрбиеленушілердің өз қолымен жасаған қолөнер және тоқыма бұйымдары болды.
Кішігірім жолсапардың соңы мерекелік концертке ұласты. Балалар жас
ерекшеліктеріне сәйкес ән айтып, би биледі. Ал олардың өнеріне тәнті болған
«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Басқарма төрағасы Цинь Хунвей:

– Осы күні
бұл лагерьге келіп жатқаныма қуаныштымын. «Мың рет естігеннен, бір рет көр»
деген. Біздің компания әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген және мүгедек
балаларға арналған жобаларға демеушілік жасап келеді. Бұл игі іс әлі де
жалғасын табады. Сонымен қатар балалар «Шаттық керуені» акциясын жыл сайын
тағатсыздана күтеді. Кереметтей көңіл-күй сыйлағаны үшін шын жүректен
тынығушыларға өз ризашылығымды білдіремін, – деді.

«Арай Санрайз» әлеміӨз кезегінде
сөз алған облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Р.Байназарова компания
басшылығына алдағы уақытта тынығушылардың қатарын арттыруды ұсыныс ретінде
жолдады.

Балғындарға
шадыман шаттық сыйлайтын облыстағы беделді әрі белсенді «Арай Санрайз» тынығу
лагері биыл он сегіз жасқа толып отыр. 1996 жылы бұрынғы «Арай» пионер лагері
«Харрикейн» компаниясының қолдауымен күрделі жөндеуден өткен еді. Жаңа заманға
лайықталған кешеннің атауы да «Арай Санрайз» болып жаңартылды. Лагерь өзінің
алғашқы тынығушыларын бір жылдан кейін 14 шілдеде қабылдады. 2005 жылы
«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының акционері ретінде «CNPCI» Қытай
мұнай компаниясы танылды. Бұл тынығу орнының тынысын кеңейтті. Себебі асхана
жүйесі жаңа сипатқа енді. Сондай-ақ футбол алаңына газон төселініп, бассейн
күрделі жөндеуден өтті.

Жыл сайын
лагерь екі мамандандырылған және төрт сауықтыру кезеңінде әрқайсысы 180 баладан
есептеліп, тегін түрде 1080 баланың демалуына мұрындық болады. Аймағымыздағы аз
қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан, қаладағы №1 мектеп-интернатынан және
ОҚО Сайрам интернат-үйінен келген тұлдыр жетім және ата-ана қамқорлығынсыз
қалған балалардың, үкіметтік емес сектор өкілдері балаларымен қатар, мұнда
компанияның және мердігерлік ұйымдардың қызметкерлерінің балалары да демалады.

Әр жылда «ПетроҚазақстан
Құмкөл Ресорсиз» компаниясы тынығу орнына 106 миллион теңге жұмсайды. Балаларға
мол мейірімі мен шапағатын төккен компанияның табысы еселеп, ісі өрге басары
сөзсіз. Себебі пәк көңіл балақайлардың шат күлкісі жағымды істерге жетелейді.

Нұрбек САҒАДАТ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз