АРДАҚТЫ АРДАГЕР

120

0

Бұл күндері сексен деген сеңгір таудың
үстіне шыққан, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкері» атағына қоса
«КСРО кәсіптік білім беру ісінің үздігі» және ауданның «Құрметті азаматы»
төсбелгісін омырауына таққан Әбіл
Сейітжаппаровтан сұхбат алуды күні бұрын жос­парлап, бірнеше сұрақ дайындаған
едім. Әйтсе де, еңбек өтілі 45 жылдан
астам, оның 35 жылында басшылық
қызметте болған Әбіліңіз сыр ашуға тым сараң болып шықты. Десе де, шыңыраудан
қауғамен су тартқандай болып, сауалыма там-тұмдап жауап алғандай болдым-ау!

– Сіз 1952 жылы, яғни, он тоғызыңызда Кеңес армиясы
қатарына шақырылыпсыз да, елге 1961 жылы оралыпсыз. Сонда тоғыз жыл қайда болдыңыз?

– Апырай
ә, апырай ә? – деп Әбекең мол пішілген денесін бір қозғап қойды. Көзәйнегін
іздеді. Оны тауып киді. Әлі отыр. Үн жоқ. Ау-у, қашан, деп шыдамсызданам.

– Иә,
иә… Мына Ақирек алқабында 1933-жылы дүние есігін ашыппын. Аштық, қуғын-сүргін
кезеңі ғой. Әйтеуір, тірі қалыппыз. Әке-шешем – колхозшы. Әкем 1942-жылы 46
жасында соғысқа алынады. Ауыр жараланып, 1944-жылы елге келді. Бірақ, сол
жарақаттан Ұлы Жеңіске бір ай қалғанда қайтыс болды. Онда мен 12-де едім.
1949-жылы Хадиша анам да шалының ізінен жөнелді. Тұл жетім болып қалдық. Осы
жылы жетіжылдық мектепті бітіріп, Қызылордадан бір жылдық курстан тракторист
мамандық алып, «Узрыбснаб» деген мекемеге мамандығыма сәйкес жұмысқа
орналастым. 1952-жылы алдымдағы Жәли ағайдан да біржола айырылдым. Мен армиялық
борышымды өтеуге кеттім. Әне, со-л-ай…

– Хо-ш,
сонымен Отан қорғау ісіне жөнеп бердіңіз?

– Горький
облысында үшжылдық әскери дайындықтан өттік.

Қайда
асығам? Сол жерде жұмыс істедім. Және осындағы екіжылдық автокөлік училищесін
тәмамдадым. Шофер, механизатор, механикпін. Бұл 1957 жылы ғой. Содан бізге
«Мәскеу-Пекин» автожолын салуға жолдама берді. Жол мастерімін. Ойдә, жұмысты
бұрқыраттық. Бірақ, ұзаққа бармады. Екі елдің арасында келіспеушілік болды ма,
автожол тоқтап қалды. Енді бізді Ташкентке қуды. Краснохолмская
экспедициясындамын. Қай тұста да көзге түссем керек, партияға өттім. Ең бір
дұрысы – Ташкенттің ауыл шаруашылығын механикаландыру және суландыру инженері
институтына сырттай оқуға қабылданып, кейін одан ауыл шаруашылығының
инженер-механигі мамандығын алдым. Сөйтіп, 1961-жылы елге қайттым да аудандық
«Казсельхозтехниканың» мемлекеттік аға инспекторы қызметіне кірістім. Міне,
сыртта тоғыз жыл жүруімнің мәнісі осылай.

– Сол
жылдары жас шамаңыз да отызға таяп қалыпты. Келе сала үйленген боларсыз?

– Жоқ ә,
–деді кейіпкерім күліп, – үй жоқ, күй
жоқ. Осында әкемнің ағасы Үсейін Жанаев тұратын-ды. Соның үйіне түстім.
Бұрыннан аздап жиғаным бар, алғашқы айлықты алғасын ата-анама құран бағыштап,
ас бердім. Сөйтіп көңілді бірлегесін барып Күлжаһан атты бойжеткенмен бас
қостық.

***

Әбіл
Сейтжаппаров аудандық халықтың тұрмыстық қажетін өтеу комбинатына бас механик,
«Казсельхозтехниканың» жабдықтау бөлімінің директоры міндеттерін абройлы
атқарғасын 1973 жылы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженерлігіне
шақырылады. Бұл әрі жауапты, әрі ауқымды қызмет еді. Ол араласқан 10 жылда ауыл
шаруашылығын механикаландыру, машина-трактор
паркінің пайдалану коэффициентін аттыру жөнінде Арал ауданы облыстың
алдыңғы легіне ілініп, Ә.Сейітжаппаров ІХ-Х бесжылдықтардағы «Социалистік
жарыстың үздігі» атағына ие болады.

1983-жылы
аупарткомның бюросы Ә.Сейітжаппаровты №16-шы Арал селолық кәсіптік-техникалық
училищесіне директорлыққа бекітіп, училищенің оқу-тәрбие жұмысы мен
материалдық-техникалық базасын нығайтып, мамандықтың түр-түрін көбейтіп, бір
қалыпқа салуға екі жыл мерзім белгілейді. Мұндай қатаң тапсырманың реті де
бар-ды. Селолық училище ең әуелі «Аралтұз» кентінен сәл әріректегі «Сульфат»
ауылынан ашылған-ды. Ұрлық-қарлық жайлап, бір-жар басшыларына қылмыстық іс
қозғалып, темір торға да қамалған-ды. Содан ағып-тамып, қаланың шет аймағына
жайғасқасын да көші-қоны келіспей,
қалт-құлт шайқалып тұрған-ды.


Ұмытпасам, Сіз училищедегі алғашқы қадамды жан-жақтан тас плита тасудан
бастадыңыз-ау?

– Е-е, дұрыс айтасыз. Ашық-тесік болып,
шашылып жатқан дүниені жинақтау керек болды. Мұнда білім мен тәрбие және еңбекке баулу қатар жүруі тиіс. Училищеде
небәрі жиырмаға тарта мұғалім мен шеберлер бар екен. Бәріміз жабылып, цемент
аралас шлякпен және плитамен ат шаптырым аймақты қоршауға кірістік. Аралда плита жоқ. Біз өз бетімізше тіршілік жасап,
Тараз қаласындағы плита жасайтын зауыттан вагон-вагонымен тасыдық.
Трактор-машина паркін жаңарту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен
Қазақстанның кәсіптік-техникалық білім беру комитетінің төрағасы С.Бородиннің
есігін талай рет қақтым. Төрт-бес «К-700» және одан басқа да әртүрлі маркалы
тракторлар мен ауыл шаруашылығы машиналарын алдық. Автотұрақ және қыста
тәжірибе сабағын өткізетін жабық гараж, 150 орындық үш қабатты типтік
жатақхана, оқу лабораториясы, монша, спорт комплексі салынды. Аула ішіне
асфальт төселіп, үш гектарлық көлем көк желекке оранды.

– Менің
архивімде Аралдың кәсіп­тік-техникалық училищесі жылма-жыл төрт-бес миллион
теңге шамасында кіріс алыпты деген дерек сақталыпты. Училище жағдайында ол
мүмкін бе?

– Е-е,
ақпарың анық. Қазақ «қалауын тапса, қар
жанар» демей ме? Мақтанды деме. Ондай қызбалық
менде жоқ. Жоғарыда оқумен қатар еңбекке баулу қатар жүреді дегенмін.
Соған лайық Сыр бойынан екі жүз гектар жерді тегістеп, насос құрып, су айдадық.
Бақша егіп, мал азығындық шөп дайындауды қолға алдық. Ал қырдағы мың гектардай
жайылымдықта ірі қара мен қой өсірілді. Мың бастық жабық қора, қой қырқым
пункті, малшыға үй, өндірістік тәжірибеге барған студенттерге арналып жатақхана
тұрғызылды. Бақша өнімдерімен қатар жыл сайын 70000 тонна шөп кеме жөндеу
зауытына, «Аралтұз» комбинатына, Тұтынушылар одағына, тағы басқа да мекемелерге сатылды. Училище асханасы жылда
2-3 тоннадан ет және қажетінше көкөніс алып тұрды. Табыс есебінен инженер-педагогтерге
екі пәтердің кілті тапырылса, мұғалім-шеберлерге отыз пайыз қосымша жалақы
төленді.

– Сіз
барғандағы селолық кәсіптік-техникалық училище келе-келе эксперименталды тірек
кәсіптік оқу орнына, одан бері республикадағы жоғары кәсіптік-техникалық лицей
дәрежесіне көтерілді. Осы жағын таратып
айтыңызшы?

– О-о,
міне, міне… Бұл өте жағымды сұрақ. №2-ші кәсіптік лицей 1989-жылы оқу-тәрбие
және өндірістік жұмыстарда жеткен
айтарлықтай табыстары үшін республикадағы таңдаулы 22 училищенің бірі,
ал облыс бойынша дара өзі болып эксперименталды-тірек училищесі атағын алып,
бірсыпыра пәндер интегративті әдіспен оқытуға көшірілсе, 1993-жылы 12 мамырда
Қазақстан Републикасы Білім және ауыл шаруашылығы министрлігінің шешімімен
ұжымның шығармашылықпен еңбек етіп, жоғары көрсеткіштерге жеткені лайықты бағаланып,
нарықтық экономика талаптарына сәйкес бұл оқу орнына жоғары кәсіптік
училище-техникалық лицей дәрежесі
берілді. Және осы екі министрліктің бұйрығымен эксперимент ретінде үш жылдық
орта-арнаулы білім беретін техник-механик, есепші-экономист мамандығына
талапкерлер қабылданып, келісім бойынша бұларға университет мамандары дәріс
оқыды. Олардың келу-қайту жол шығыны мен еңбекақысы лицейдің есебінен өтелді.
Ал оқуын бітіріп, диплом алған студенттер өндірістің әр саласына аттанды.

***

Әбіл
ертелі-кеш саф ауада қыдырыстайды екен. Бүгін де солай. Өр кеудесін самал желге
тосып, кең тыныстайды. «Әрдайым жолдың ауырын таңда, ол жолда қарсылас таппайсың» депті-ау Францияның сүйікті ұлы,
генерал Шарль де Голль. Ә.Сейітжаппаровтың да еңбек жолы жеңіл болған жоқ.
Кедір-бұдыры көп болды. Бірақ ол жеңді. Тәуелсіздік келгендегі «ҚР-на еңбегі
сіңген қызметкері» атағын да ауданда алғашқы болып сол алды. Өзі он үш жыл
директорлық еткен лицейді де дара, облыстың алды етті. «КСРО кәсіптік білім
беру ісінің үздігі» де ауданда бір өзі.

Өмірде
кәсіби және рухани білім деген бар. Оның мәнісі – «Адамға кәсіп үйретсең,
адамгершілігін қосып үйрет» деген сөз. Әне, Әбекең осылай еткеніне разы. Өзінің
қызметтік, азаматтық парызын адал да, толық өтегеніне разы. Иә, қарттарым, есен-сау
жүрсінші!

Шәкірат
ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

дербес
зейнеткер.

Арал қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз