ҚАРЖЫЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ САҚТАУДА ҚАПЫ ҚАЛМАУ КЕРЕК

246

0

Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХІ сессиясы
өтіп, онда 2014-2016 жылдарға арналған бюджетке өзгертулер мен толықтырулар
енгізу, бірқатар комиссиялардың құрамын бекіту, ономастикалық мәселелер
талқыланды. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Парламенті Сенатының
депутаттары Мұрат Бақтиярұы, Бекмырза Еламанов қатысты.

 

Мәслихат сессиясында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сөз
сөйлеп, қазіргі уақыттағы әлемдік экономиканың құбылмалы сипатына баға берді. Өткен аптаның ішінде брент маркалы
мұнай бағасы барреліне 82 АҚШ долларына дейін төмендеді. Бұл 47 айдағы ең аз
мөлшер. Халықаралық энергетика агенттігі мұнайдың әлемдегі тұтыну болжамының
айтарлықтай төмендегенін, одан әрі бағаның құлдырауын жария етуде. Мұнай
экспорттаушы елдер ұйымының (ОРЕК) алдағы саммиті қарсаңында Сауд Арабиясы,
Кувейт, Катар, Иран мемлекеттері мұнайдың бағасын тұрақтандыру үшін мұнай
өндірісін қысқартпайтынын мәлімдеді. Оларды 80-85 АҚШ долларына тең баға әбден қанағаттандырады. Кувейт мұнай
бағасының тағы да 14 пайызға төмендейтінін болжап отыр.

Аймақ басшысы әлемдік мұнай нарығындағы күрделі жағдайдың
бірнеше объективті себептеріне және
оның біздің ел экономикасына тигізетін кері әсеріне тоқталды. Еліміздің бюджеті
мен қаржылық тұрақтылығы «қара алтынның» нарықтағы бағасымен тікелей
байланысты. Сонымен бірге Ресейдің
экономика секторларына Батыс елдері салған санкциялардың әсері де оңайға
соқпайды. Ресейлік
экономистер рубль құнының құлдырауын болжап отыр. Мұның зардабы Қазақстан
экономикасын айналып өтпейтіні белгілі. Мәскеу әлеуметтік бағдарламаларды
қаржыландыруда бюджеттік шығыстарды қысқартатынын ашық айтуда. Қазақстан мұндай
жағдайға жеткен жоқ, бірақ бәріне де дайын болу керек.

Аймақ басшысы жалпы ішкі
өнімнің өсімі, инфляция, азық-түлік бағасының көтерілуі, индустриялық
сектордағы инвестиция көлемінің төмендеуі, өнеркәсіп саласындағы даму
көрсеткіші туралы мәліметтерді мысалға келтірді. Елбасы тапсырмасымен
экономикадағы жағдайға байланысты түрлі шаралар қабылдануда. Қаржылық
тұрақтылықты сақтау үшін облыста да арнайы жоспар құрылды. Республикалық бюджет
мұнайдың жаңа болжамды бағамымен қайта есептеліп жатыр. Облыс әкімі мұнай өндіру көлемінің қысқаруы, уран
бағасының төмендеуі аймақ экономикасына қалай
әсер ететінін терең талдап берді. Бұл жағдайда шағын және орта бизнеске
арқа сүйеу керек. Кәсіпкерлік саласынан түсетін салық түсімдерінің өсімінде,
ауыл шаруашылығында алға жылжушылық байқалады.

Елбасы инфрақұрылымды
дамытуға көңіл бөлуді тапсырды. Соған сәйкес «Жезқазған-Қызылорда жолын салу»
жобасы қолдау тапқан. Бұл экономиканың өсіміне, жұмыспен қамту саласына серпін
әкелмек. Аймақ басшысы тұрғын үйлерді пайдалануға беруден, әлеуметтік нысандар
құрылысын салудан кейінгі оңды нәтижелерге тоқталды.

ҚАРЖЫЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ САҚТАУДА ҚАПЫ ҚАЛМАУ КЕРЕКҚырымбек Елеуұлы бюджетті
нақтылауда ағымдағы жағдай ескеріле отырып қабылданған шешімдер мен кейбір
мәселелерді айқындап берді. Негізгі мақсат бюджеттік қаржыларды толық игеруге
бағытталмақ. Басталған бағдарламалар соңына жеткізіледі. Дағдарысқа қарсы бірнеше мәселелер шешілді. Тұрақтандыру
қорын толтыруға, өңірлік инвестициялық орталықты капиталдандыруға қаржы бөліну
ұсынылып отыр. Қиындықтар мен кедергілерге қарамастан,барлық әлеуметтік
міндеттердің орындалуы толық қамтамасыз етіледі.

Мәслихат сессиясында
2014-2016 жылдарға арналған бюджетке енгізілген толықтырулар мен өзгерістер
мақұлданды. Сондай-ақ, ономастика, облыс әкімі жанындағы терроризмге қарсы,
құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық, сәулет қала құрылысы,
мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиялардың құрамдарына енгізілген өзгерістер
де қолдау тапты. Осы сессияда бірқатар
көшелер, білім және мәдениет мекемелеріне атау беру мәселелері
талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

Сессияны облыс әкімі Қырым­бек
Көшербаев қорытындылап, соңғы айлардағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық, рухани
өмірінде орын алған жаңалықтарға, алдағы шаралар ауқымына тоқталды. ҚР
Парламенті Сенатына депутат болып сайланған Бекмырза Еламановты құттықтап,
табысты еңбек тіледі.

Аймақ басшысы Татарстан
Республикасымен арада қол жеткен ынтымақтастық меморандумының, Т.Жүргенов
есімін есте қалдыруға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның,
Қорқыт және Ұлы дала сазы халықаралық музыкалық фестивалінің, Жанқожа батырдың
240 жылдығының, С.Майқанованың 100 жылдығына арналған театрлар фестивалінің,
Қызылорда қаласы күнінің, Алтын күз мерекесінің, Еңбек әулеттері күнінің, грант
иегерлерімен кездесудің ізінде қалған өнегелі істерді атап өтті. Мүгедектерді
әлеуметтік қорғаудағы, денсаулық саласындағы игі жаңалықтардың маңызына
тоқталды.

Бүгін Астанада Қызылорда
облысы ауылшаруашылық өнім­дерінің жәрмеңкесі өтеді. Ал алдағы аптада Байқоңыр
инвестициялық форумы болады. Тағы бір сүйінші хабар, 21 қазанда Үкімет
қаулысымен Қызылорда әуежайына халықаралық статус берілді. Жыл соңына дейін
бірнеше халықаралық рейстер ашылмақ.

 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз