АШЫЛҒАН ЖАҢА НЫСАН

62

0

салық
көзі және жаңа жұмыс орындарын береді

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен Қызылорда
облысы әкімдігі жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.
Отырысты ашқан облыс басшысы кеңеске қатысушыларға ҚР Премьер-Министрі Кәрім
Мәсімовтің жақында Қызылорда облысына
жасаған жұмыс сапарының қорытындысы жайлы қысқаша мағлұмат берді.

Үкімет басшысы облыста болғанда негізінен үш мәселе талқыланды. Оның
біріншісі аймақта металлургия кластерін қалыптастыруға байланыс­ты. Маусым
айында металлургия кластері бойынша Жол картасы қаралып, бекітілді. К.Мәсімов
бұл салаға қолдау білдіруге уәде етті. Екінші мәселе – ауыл медицинасына
қатысты түйткілді жайларға арналды. Осы салаға қатысты кейбір заңдарға
өзгертулер енгізілу қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, облыстағы басқа да жобалар
қаралды.

Премьер-Министр Сыр еліне келіп кеткеннен кейін Үкіметтің кеңейтілген
селекторлық мәжілісінде облыста жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Экономикаға инвестиция тартудан Қызылорда алғашқы орындардан табылып отыр.
Аймақтағы ірі мегажобалардың аяқталып келе жатқанына қарамастан, тағы да жалпы
құны 300 млрд. теңге шамасындағы жобалар жүзеге асырылады. Әлемдік қаржы
институттарымен тығыз байланыста жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта
«САРАТС-2” жобасына қаржы бөліне бастайды. Үкімет басшысы инвестиция тартуды
қызылордалықтардан үйрену қажеттігін айтты.
Осы орайда, Қырымбек Елеуұлы бұған тоқмейілсуге болмайтынын, жұмысты
жалғастыра беру керектігіне назар аударды.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман
Сүлейменов кеңестің өткен жолғы
отырысында қаралған жобалардың орындалу барысына тоқталды. «Сыр маржаны” ЖШС
Қазалы ауданында 500 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу жөнінде жұмыстар
жүргізуде. Ал «Ақарыс” серіктестігінің жеміс-жидек және көкөніс қоймасын
жаңғырту жобасы «Байқоңыр” ӘКК-нің қолдауымен жүзеге асуы тиіс. «Энергия”
ЖШС-ның брусчатка, тротуар плиталарын шығаратын өндірісіне Қызылорда
қаласындағы индустриялдық аймақтан 2 гектар жер бөлінген.

Аймақ жетекшісі «Байқоңыр” ӘКК бизнесті демеп, жолға қойып жіберуге
арналған құрылым екенін баса айтты.
Сондықтан, осы құрылым кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс. Қырымбек
Елеуұлы сонымен қатар, егін шаруашылығын әртараптандыруды ынталандыру мақсатында
1,3 млрд. теңге бөлініп отырғанын жеткізді.
Қолдау тек күріш егушілерге ғана көрсетіліп қоймайды, басқа дақыл
түрлерін өсірушілерге де жасалады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – облыс­та жүзеге асырылып жатқан
жобаларға арналды. «Даму” ЖШС Арал ауданындағы пеноблок өндіру жобасын қолға
алып отыр. Серіктестік басшысы Дәурен Жаппарқұлов пеноблок өндірісі аймақта
жаңа өндіріс түрі екенін жеткізді. Өздері шығаратын өнім бағасы көршілес
облыстардағы бағадан арзан болатынын айтты. Жоба құны 140 млн. теңге болса,
оның 40 млн. теңгесі серіктестіктің өз қаржысы. Ал қалған қаржы екінші деңгейлі
банктерден алынады. Облыс басшысы жобаға «Бизнестің жол картасы-2020”
бағдарламасы аясында қолдау болатынын айтып, Арал ауданы әкімдігіне тиісті
тапсырмалар берді. Байқоңыр қаласындағы «Асфальтбетон, жол бордюрлері мен
плиталарын жасау зауыты” жобасын жүзеге асырушы «Байқоңыр құрылысы” ЖШС басшысы
Ерғазы Ізбанов темір жол тұйығының қажеттілігін жеткізді. Оған тиісті қолдаулар
көрсетуге уәде берілді. Ал аралдық жеке кәсіпкер «Батыс Еуропа-Батыс Қытай”
халықаралық автодәлізі бойында сервистік қызмет көрсету орталығын ашпақшы. Оған
жер телімі бес жылға жалға беріліп отыр. Кәсіпкердің жер телімін бірден сатып
алмақ ниеті бар. Оған әуелі нысанды салып бітіру керектігі туралы жауап
берілді. Содан кейін барып, оған жер телімін сату немесе ұзақ мерзімге жалға
беру жүзеге асады. Қармақшы ауданында
мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін «Аңсаған” қоғамдық
бірлестігінің төрайымы Бақыткүл Райымбекова тоқыма өнімдерін өндіретін орталық
үшін ғимарат қажеттігін жеткізді. Облыс басшысы әлеуметтік жобаны жүзеге
асыруға қажетті көмек көрсетілетінін айтып, аудан басшылығына тапсырды. Сол
секілді, тоқыма және тігін өнімдерін өндіретін шеберлер орталығын ашуды
көздеген жеке кәсіпкер Қарлығаш Ілиясова Тасбөгеттегі пош­та ғимаратындағы бос
бөлмелерді алуға көмек сұрады. Қырымбек Елеуұлы жағдайды зерттеп,
мүмкіндіктерді қарастыруды қала әкімшілігіне жүктеді.

Кеңесте Т.Сүлейменов «Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автодәлізі бойында
сервистік қызмет көрсету орындарын орналастыру жөнінде ақпарат берді. Үлкен жол
бойында 33 жер телімі жобаланып, 35 кәсіпкер мен серіктестікке ұсыныс берілген.
Оның ішінде «А” санаты бойынша – 6, «В” санаты бойынша – 9, «С” санаты бойынша
20 ұсыныс келіп түскен. Қазір төрт орталық жұмыс істеп тұрса, түскен 35
ұсыныстың 20-сы Сәулет қала құрылысы кеңесінің қарауына жолданып, оның 12-сі
мақұлданды. Сегіз ұсыныс қайта толықтыруларға жіберілді. Мақұлданған жобалардың
алтауы жерін алған. Басқарма басшысы инвесторлары белгіленбеген 3 орын бар
екенін хабарлады. Оның екеуі Арал ауданының, біреуі Жалағаш ауданының
аумағында. Осы орайда облыс әкімі аталған аудандардың басшылығына инвесторлар
тартуға шұғыл түрде жұмыс жүргізу жөнінде қатаң тапсырды. Автодәліз бойында
облыс халқының басым бөлігі тұрып жатыр. Бұл үлкен жол бойында қызмет көрсету
бизнесінің өрістеуіне мүмкіндік береді. Жаңа нысандар ашылып жатса, жаңа салық
көздері, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Сөз соңында аймақ жетекшісі
инвесторлар сырттан келгенмен, жұмысшыларды жергілікті тұрғындар арасынан алу
керектігін бақылауда ұстауды ескертті. Ол сонымен бірге Кәсіпкерлер кеңесі
айына екі рет бас қосып отыратындығын жеткізді.

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз