АҚСУАТТА ЖЕР БЕРІЛІП ЖАТҚАН ЖОҚ

74

0

Өткен аптада «Ақсуат ауылдық
округінен тегін он сотық жер беріліп жатыр екен» деген жалған ақпар
«Вконтакте», «WhatsApp Messenger» әлеуметтік желілерінде желдей есіп, оған
сенгендер аудандардан автобус жалдап, Қызылорда қаласына қарай ағылған. Өңірлік
коммуникация қызметінде өткен брифингте қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы
Әділбек Ер­сұлтанов бұл хабардың шын­дыққа мүлде жанаспайтынын айтты.

 

Ақсуат ауылдық округінің әкімі Ақарыс Нұрсейітовтің
айтуынша, жер алуға өтініш білдірген
азаматтардың саны бұрын 2000-ға жетер-жетпес болса, негізсіз әңгімеден кейін
5000-ға бірақ жеткен.

Қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы
Ғалымжан Еркебай «инфрақұрылымы сайланбай, кезекке қарамай жер берілмейді»
деді.

Қызылорда қаласы аумағынан 50 гектар жер бау-бақша
дақылдарын егу үшін дайындалған еді. Жер ешкімнің атына аударылмаған, тұрғын үй
салуға лайықталмаған. Қауесет әңгіменің тарауына осы себеп болған сыңайлы.
Халықты дүрліктірген дақпыртты кімдер таратқанын қалалық ішкі істер басқармасы
тексеруде, іс қала прокурорының жіті бақылауында. Жалған ақпарды таратқан адам
2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мұндай жағдайда жұртшылықты «жер алып беремін» дейтін алаяқтарға алданып
қалмауға шақырамын, – деді қала прокурорының орынбасары Елжан Әжібеков.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз