АТА ЗАҢ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ

102

0

Кез келген елдің тәуелсіздігі мен демократиялық құндылықтарын айқындайтын
басты құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке
азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары мен
міндеттері және құқықтары көрсетіледі. Конституция саяси, экономикалық,
әлеуметтік жетістіктердің жаңа белесіне құқықтық негіз берген Ата заңымыз болып
табылады. Себебі, елімізде болып жатқан саяси, экономикалық, құқықтық шаралар
осы Ата Заңымыз негізінде туындайды. Өйткені, барлық қоғамдық қатынастар тиісті
заңдармен реттеледі.

«Конституция – елдегі қоғамдық күштердің шын
мәніндегі ара қатынасы” – деп Фердинанд Лассаль осыдан бір жарым ғасыр бұрын
айтқан екен. Осы бір қанатты сөздің ақиқатына дербес өмірге бет алған әрбір
мемлекеттің көзі жеткені анық. Ендеше, еркіндігіміздің негізі болып отырған
Конституцияның Қазақ елі үшін орны бөлек. Ол – мемлекетіміздің тұрақты дамуының
кепілі. Ол – тәуелсіздігіміздің іргетасы. Ата Заңымызды қабылдай отырып,
тәуелсіздігімізді нақтылай түстік.

Осыдан он тоғыз жыл бұрын қабылданып,
тәуелсіздігіміздің тіре­гі­не айналған Ата заң мемлекет пен қоғамда орын алып
отырған бар­лық саяси-экономикалық, әлеуметтік ре­формалардың ілгері басуына,
даму­дың қайнар бастауына айналды. Осы аралықта мемлекет пен қоғам­ның да­муындағы
өзгерістер-демокра­тия­лық, зайырлы, құқықтық және әлеу­мет­­тік мемлекет
ретінде орнығу тал­пыныстарының бәрі де Ата заң қа­ғи­далары негізінде жүзеге
асырылып келеді.

Иә, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын,
елдіктің бастауы болып табылатын басты құжатқа енді ғана 19 жыл толып отыр.
Десек те, тоқтала кетер бір жайт, еліміздің Ата заңы әлемдегі ең жас
Конституциялардың бірінен саналса, көптеген зерттеушілердің пі­кі­рінше,
Қазақстан Конституциясы төрт­кіл дүниедегі жалпы адамзаттық құндылықтарды
дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен. Бұл Ата
заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.

Тарихқа шегінер болсақ, тәуелсіз Қа­зақстанның
басты қадамы Консти­туцияны қабылдаумен байланысты. Бұл туралы: «Тәуелсіздігімізді
алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам
басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді
жинақтаған Негізгі заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық
және демократиялық қоғам ор­натудың негізгі принциптерін баян­ды етуге тиіс
болатын”, – деп жаза­ды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қа­зақстан жолы” кітабында.

1993 жылы қабылданған алғашқы Конституция
егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып та­­былғанымен, оның мәні
мен маңы­зына келсек, ол Президенттің көрсет­кен мақсаты бойынша басты төрт мә­селеге
жауап беріп, соған жағдай жа­сауы тиіс болатын. Таратып айт­сақ, бірінші,
мемлекеттік билікті бас­қарудың барлық жүйесін нығайту, екін­ші, экономикалық
реформаны жүр­гі­зе отырып, елді сол кездегі те­рең дағдарыстан шығару, үшінші,
жас мемлекеттің сыртқы саяса­тын қа­лып­тастыру, төртінші, ішкі саяси тұ­рақтылықты
қамтамасыз ететін заңдық негіздерді Ата заңда көрсету.

Мемлекет басшысының аталған кі­та­бында жазуынша,
жоғарыда ай­тылған төрт мақсатты шешіп беретін баптар әуелгі Конституцияда толық қамтылмады. Президент осы тұңғыш
Конституцияның жобасы бастан-ақ еліміздегі саяси, әлеуметтік-эконо­ми­­калық
үдерістен алшақ қалғанын жаз­­ған. Расында бас заңымыздың кей­бір тұстары уақыт
өте келе на­рықтық қоғамдағы өзгерістерге сәй­кес болмай шыққаны байқалды. Сон­дықтан
екі жылдан соң 1995 жылы қа­зіргі Конституциямыз қабылданды. Қазақстанның
мемлекеттігін айқында­ған Ата заңымыз осылайша екі қайтара түледі.

Жаңа Конституция қабылданар қар­­саңда қызу
жұмыстар жүргізілді. Пре­­зидент бастамасымен құрылған са­­рапшылар тобы
әлемнің көпте­ген елдерінің ХХ ғасырдың екін­ші жар­тысында қабылданған Консти­ту­цияларын
мұқият сараптаудан өт­кізді. Елбасының өзі тікелей ын­та­лылық жасап, Еуропа
мен Азия­ның, Солтүстік және Латын Аме­рикаларының жиырмадан астам да­мыған
және дамушы елдерінің конс­титуцияларын зерттеп, саралап шықты. Сосын Әділет
министрлігіне жаңа конституцияның жобасын өз қолымен тапсырған болатын. Сол
жоба Ата заңымыздың негізін қалады. Сондықтан Тұңғыш Президент – Ел­басы
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты 1995 жылы қабылданған қазіргі Конс­титуциямыздың
авторы деп сеніммен айта аламыз.

Тоғыз бөлімнен тұратын Консти­туцияның «Адам және
адамзат” деп аталатын бөлімі елдің ең асыл қа­зынасы – адам және оның құқықтары
мен бостандықтарын қорғауға ар­нал­ған. Атап айтқанда, адамның құ­қығы мен
бостандығы өмірге кел­ген сәттен бастап оған тиесілі екен­дігі және оған
ешкімнің қол сұ­ғуына жол берілмейтіндігі айқын нақтыланған. Біз адам болып
өмірге келеміз, азамат болып қалыптасамыз. Мемлекетіміздің мәртебесіне, оның
қорғауында болатындығымызға сен­ген­де және құқықтарымызды біліп қа­на қоймай,
оны қорғай білгенде азамат екенімізді сезінеміз. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан
азаматтарының Конституциямен кепілдендірілген құ­қықтары мен бостандығының аясы
кең, ауқымы зор. Яғни, біздің негізгі заңымыз мыңжылдық тарихы мен дәстүрі бар
өркениетті мемлекеттердің заңдарымен тұспалдас.

Сонымен 19 жыл толған Консти­туциямыз тәуелсіз
еліміздің дамуына даң­ғыл жол ашып, қолға алған бағ­дарының тұтастай бөлігін
қамтып отыр десек болады. Алайда, Негізгі за­ңымыздың заман ағымына қарай
өзгеріске ұшырауын ешкім жоққа шы­ғара алмасы анық. Сондықтан тәу­елсіздігіміздің
тірегіне айналған Ата заңымызды құрметтеп қорғау, оның маңыздылығын жоғалтпай
сақтау Қазақстанның әрбір азаматының мінде­ті мен парызы болуы тиіс дегім
келеді.

Нұрлан СЕРІКБАЕВ,

Қызылорда көлік прокуроры.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз