АТАҢА НЕ ІСТЕСЕҢ…

57

0

Қарттар үйі. Үлкен көшенің бойында тұрған бұл мекеннің ресми атауы басқа
болғанымен, халық осылай дейді. Қартайған шағында тасмаңдай тағдырдан теперіш
көрген жандардың маңдай тірейтін соңғы аялдамасы. Сан түрлі ойлар санаңды
шырмайды. Қарайласатын қарасы жоқтың да, төрт құбыласы түгел қарттардың туған
үйінен, немере-шөбере шаттығынан жырақта тұрып жатқанына кім жауапты?

Даланың
дархандығын бойына сіңірген, ата-анасының алдын кеспеген қазақ қарттар үйінің
көбейгеніне таң қалмайтын болды. Мұның түп-төркіні өткен ғасыр­дың
50-60-жылдарына қарай жетелейді. Әуеліде қарттар үйлері еңбекке жарам­сыз,
қамқорсыз қалған жан­дар­ға арналып салынды. Уақыт өте келе, ба­ла-шағасына
керексіз болып қал­ған қария­лардың мекеніне айнала бас­тады. Жан-жағымызды ба­жай­ласақ,
кәрі құрлықтың бірқатар елдерінде некеге тұр­маған немесе балалары жоқ әйелдер
осындай мекемеге қоныстанады. Испания мен Грецияда қайырымдылық қор­лары мен
жеке адамдар құрған интернаттар бар. Данияда егде адамдар өмір сүруге ыңғайлы
жеке тұрғын үйлер салынған.

Мұнда
сан түрлі тағдыр бар. Әрқайсысының қарттар үйіне келуінің өзіндік тарихы тағы
бар. Жиырма төрт сағат бойы дәрігерлер бақылауында, тамағы тоқ болғанымен,
көңіл құрғыр аш бөрідей ұлиды. Көздеріндегі мұң пердесі ешқашан түрілмейтіндей.
Былдыраған немересінің тілін қызықтап, төрде төредей боп отыратын шағында
үкімет бөлген төрт қабырғада күтушінің қолына қараған. Олардан ананы-мынаны
сұрап, жан жарасын тырнағың келмейді екен. Сондықтан қызметкерлерді әңгімеге
тарттық.

Жасы
70-ке жақындаған ақсақалдың 5 баласы бар. Бірақ жасында жаза басып, кейін
қайтып келгенде балалары қабылдамаған. Содан осы жерден пана тауыпты.
Ерлі-зайыпты қарттардың баласы шетелге кетіп бара жатып, ата-анасын осында
өткізіпті. Мұнда баласы о дүниелік болған соң, келінімен бір шаңырақ астына
сыймағандар да тұрады. Тұрмыс құрмай, өмір бойы әпкесімен бірге тұрған апайға
да тағдыр талқаны осы жерден бұйырыпты.
Бір туған жанашыры қайтыс болған соң, қарттар үйін паналағаннан басқа
амалы қалмаған. Бойында күш-қуаты барда ағайынның ауыр жұмысын істеп күнелткен
қарияны жұмысқа жарамай қалған соң туыстары осында әкелген. «Ай сайын
зейнетақысын салып тұрамыз, хабарсыз қалмаймыз” деген сөздерінде де пәтуа
болмапты.

Ата-анадан
бас тартуды ешқандай себеп­термен ақтап алуға болмайды. Дегенмен, осындай шешім
қабылдауға қандай жағдайлар түрткі болатынын зерттеп көрдік. Адамның алдағы
күнін ешкім болжап білмейді. Аяқ-қолы сап-сау жанның бір сәтте кісі қолына
қарап қалуы ғажап емес. Көбінесе мүгедек адамдарды бағып-қағудан қашатындар
науқастарды осында әкеледі. Мүгедек жақынының күтімінен бас тартқандар
күндердің күнінде кәріліктің өздеріне де келетінін ұмытып кеткен сияқты.

Қарт
адамның үлкейгендегі бала мінезіне төзбейтіндер де мәселені осы жолмен шешетін
болыпты. Бірақ «әкең жынды болса, байлап бақ”
деген қазақ жасы келіп, беймаза болған үлкендерін үкімет қарауына
өткізіпті дегенді естідіңіз бе? Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың бір хадисінде«Ата-ананың
қартайған шағында олардың екеуін яки бар біреуін разы етіп, күтпеген перзент
қор болсын, қор болсын, тағы да қор болсын!»деген екен.

Қоғам
өзгерді ме, адам өзгерді ме, жасы келген жақынын қарттар үйіне тапсыруды ұят көрмейтіндер көбейіп
барады. Мұны қасірет демеске лаж жоқ. Қарттық – ешкімді де айналып өтпейтін
құбылыс. Сондықтан «атаңа не істесең алдыңа сол келеді” деген қазақтың
қарапайым ғана ғибратына құлақ асқанның артықтығы болмас.

М.МЕРЕЙ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз