АУЫЛ АЖАРЫ – АЗАМАТ АБЫРОЙЫ

160

0

«Аманөткелдің Дайрабайы». Бүгінгі кейіпкерімді сырт көз осылай деп атайтынын естігенде марқайып қалдым. Неге қуанбасқа?! Егер әрбір қоныстан шыққан іскер жандар жанашырлығымен көпшіліктің ілтипатына бөленсе, қиналғанға қол ұшын созса, ізгілік, имандылық сезімдері салтанат құрары сөзсіз. Ондайда ұрпақ зердесіне адамгершілік ұғымы терең ұялайды.
«Халық – Құдайдың бір аты». Аманөткел ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Дайрабай Жалғасбаевтың аудандық мәслихат депутаты болып сайлануы халықтың берген бағасы, игілікті ісінің жемісі десек, жарасымды. Ал алғыспен ер көгереді. Тіл-көзден сақтасын, Дәкең мен Жәмила келініміздің перзент сүйіп, келін түсіріп, балдан тәтті немерелердің қызығына кенеліп отырғаны да, бәлкім, дархан пейілдерінің арқасы шығар.
Дайрабай Баймұратұлы теңіз төскейінің Сыр беткейінде орналасқан елді мекендерді жанар-жағармай, газбен қамтамасыз етумен айналысады. Өнімді тікелей Атырау, Шымкент зауыттарынан алады. Осылай делдалсыз іскерлік байланысты жолға қойған. Ол – ауылдағы мәдени-көпшілік шаралардың тұрақты демеушісі. Тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемдесіп жүреді. Биыл жоғары оқу орнында оқитын бір студенттің шәкіртақысын төлеп берді. Қалай десек те, маңдай терімен тапқан жарты миллионға жуық ақшаны қалтасынан суырып беруге кез келген қалталы тәуекел етпейді. Мұны білгенде ойыма еріксіз қазекеңнің «сұңқар тапқанын жан-жағына шашып, құзғын астына басып жейді» деген даналық сөзі оралды.
Аманөткелде Нұртуған шайырдың 130 жылдық мерейтойы қарсаңында ауыл тұрғындарына жаңа мешіт тарту етілді. Мешітті Астанада тұратын Дайрабайдың інісі Мақсұт өз қаржысы есебінен салып беруге ниет білдіріп, құрылыстың басы-қасында болуды ағасына тапсырған. Игілікті іс уақытылы аяқталып, тұрғындар оны зор ықыласпен қабылдады. Ауылын аялаған азаматтарға «Алланың нұры жаусын!» дейміз.
Депутат Дайрабай Жалғасбаев Қызылжар елді мекеніне қатынайтын жол мен қалқымалы көпір жайын көтеріп, мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Сонымен бірге Аманөткел елді мекеніне аяқ су жүргізу қажеттілігін көтеріп жүр. Алдағы уақытта жеке балабақша салу да жоспарында бар. Аяқ су дегенде елең ете түстім. Олай болатыны, Аманөткел – «әрбір бұтасының түбінде бір-бір қадақ ет жатады» дейтіндей, топырағы құнарлы жер. Кезінде Шындалы Әбдрамановтың ұйытқы болуымен пайда болған ауқымды бақта саялы ағаштар баршылық. Осы жақсы үрдіс жалғасын тауып келеді.
Ауыл азаматтары бірлесіп, ортадан қаржы шығарып, су айдайтын насосты жөндеуден өткізіпті. Аманөткелде бау-бақша егуге ниет жоғары. Бұлай болуы заңдылық тәрізді. «Марқұм Тоғаев Қазақ есімді ағамыздың бағбандығы Арал өңіріне кеңінен белгілі еді» десек, жарасымды. Олай болмағанда ше?! Қазақ өсірген қарбыздың дәмі тіл үйіретінін көз көргендердің жадында әлі сақтаулы. Кеңес одағының тұсында сол ағамыздың еккен қарбызы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде талайды тамсандырып, жүлде иеленіпті. Аяқ су ретке келсе, Аманөткелдегі ағайын түгелдей ауласын жасыл желекке бөлеп, бақшасын жайқалтып қояры айдан анық.
«Ынтымақ-бірлігіміз бөтен емес. Аузы дуалы ақсақалдарымыз, ортақ істен тартынбайтын жастарымыз жеткілікті. Ауылдың ауызбіршілігін сақтауда Мақсұт Ералиев, Октябрь Досымов, Молдаш Сегізбаевтың еңбегі ерекше», – дейді Дайрабай Жалғасбаев.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп текке айтылмаса керек.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз