АУЫЛЫМНЫҢ ЖАҢАША КЕЛБЕТІ

59

0

АУЫЛЫМНЫҢ ЖАҢАША КЕЛБЕТІАдам өмірінде кіндігі кесілген мекен киелі саналады. «Туған жер – тұғырың» дейді халық даналығы. Оның қадір-қасиеті туралы айтып тауыса алмайсың. Ауыл – әр адамның бесігі, арқасүйері, балалық шақтың мекені. Атамекенге деген махаббат, атамекенге деген сағыныш ауылдан басталса керек. 
«Жүз шайыр елі» деп аталған Қармақшы ауданында Тұрмағамбет ауылында дүниеге келгенмін. Даңқты сүлей Тұрмағамбет және атақты Ешнияз сал мен оның ұрпақтары, Жиенбай жырау мен Рүстембектің ұрпақтары, күрішші, Социалистік Еңбек Ері Сәлима апамыз, соғыс ардагерлері, көптеген ақындар  мекен еткен бұл ауыл – мен үшін құтты қоныс. Тіпті, белгілі ақын Мұхтар Шаханов ауыл тұрғындарымен кездесуге келген кезінде осы ақындардың шығармаларымен танысып, Мәскеуде белгілі ақын Евтушенкоға: «Қазақстанның бір ауылынан 100-дің үстінде ақын-жыршылардың шыққанына куә болдым» деп, біздің ауылымыздан мұншама өнер иелерінің шыққанына таңырқаған. «Әу демейтін қазақ жоқ» дегендей, бұл ауылдың кез келген адамында бір өнер, талант бар. 
Иә, ауыл өмірі мектеп өмірімен тығыз байланысты. Мектеп тарихына үңілсек, бұл білім ордасы да Тұрмағамбет ақын атында. Бұл мектеп 1929 жылы құрылған. Ақын атамыздың атындағы білім ордасынан сан мыңдаған түлектер, әр саланың мамандары шыққан. 
Қазіргі уақытта ауылымыз бірте-бірте, күннен-күнге құлпырып, дамып келеді. Атап өтсек, ауылымызда 2008 жылы балаларға арналған жаңа қосымша балабақша ашылды. Ауылдық аурухана бұрыннан бері жұмыс істейді. Жастар мен жасөспірім балаларға арнап барлық жағдайы жасалынған спорт алаңы ашылды. 
Тұрмағамбет ақынның өмірге келгеніне 130 жыл толуына орай ақын атындағы саябақ бой көтерді, оның төріне атамыздың кеуделік мүсіні қойылып, жанына ағаштар егілген. Ауыл әкімі Нұрбол Тоғызбаев, «Тұрмағамбет» ЖШС-ның төрағасы Нұржан Пірмантаев ауылды көркейтуге, көгалдандыруға, жарықтандыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Түнгі мезгілде ауылымызда қаладағыдай түрлі түсті шамдар жарқырап, ауыл көркін келтіріп тұрады. Шағын және орта бизнесті, кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасалған. Ауыл тұрғыны Жадыра Махамбетова қайтарымсыз миллион теңгеге қол жеткізіп, өзінің бизнестік бағдарламасын құрып, тәтті тоқаштар, торттар, тәттілер, ұн тағамдарын дайындаумен айналысып, халық алғысына бөленіп жүр. 
Сәния НҰРЛАНОВА.
Қармақшы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз