АУҚЫМДЫ МІНДЕТТЕР БИІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

203

0

АУҚЫМДЫ МІНДЕТТЕР БИІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІМемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында сот жүйесі саласына да нақты міндеттер қойылып отыр. Айқындалған басым бағыттарды жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың, соның ішінде еліміздің сот жүйесі мен судьялар қауымдастығына жүктелген жауапкершілік те ауқымды. Елбасының Жолдаудағы «Сот жүйесіне сенімнің артуына қол жеткізу қажет», деген бір сөзінің астарында сот жүйесіне артылып отырған барша міндеттер мен тапсырмаларды орындаудың салмағы жатыр. Жолдауда қойылған міндеттерді жүзеге асыра отырып, сот жүйесі жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігі мен баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңғырту жұмыстарын одан әрі жалғастырып, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың барлық мүмкіндіктерін аша түсуді көздеп отыр. Сот төрелігін жүзеге асыру барысында күнделікті неғұрлым жиі кездесетін әлеуметтік-экономикалық мәселелердің тізімі айқындалуда. 
Соттар қоғамдық қауіптілігі төмен экономикалық қылмыс құрамдарын қылмыссыздандыру, мемлекеттік сатып алу саласын жетілдіре отырып, аз көлемде айыппұл салу институтын қайта қалпына келтіру мәселелеріне көңіл бөлуге мүдделі. Жолдауда көрсетілгеніндей, әлемде төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Ол сандық технологияларға иек артады. Ал экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Еліміздің сот жүйесінде жаңа технологияларды енгізу қазірдің өзінде тиімділігі мен нәтижесін беріп отыр. Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 20-қадамын жүзеге асыру барысында барлық соттар аудио және бейне құрылғыларымен қамтамасыз етілді. Сот процестерінің аудиобейнежазба құрылғылары орнатылған залдарда өткізілуі әділ сот төрелігінің ашық¬¬тығы мен қолжетімділігіне, судьялар мен сот талқысына қатысушылардың процессуалдық нормаларды сақтауына оң ықпал етті. Судьялардың жұмысын оңтайландырып, бюджет шығындары мен сот өндірісіне қатысушылардың қаржысын, уақытын үнемдеуге, сот отырысы хаттамасының сапасын арттыруға, мәселелерді объективті түр¬де шешуге мүмкіндік берді. Жалпы, бүгінде сот үрдістерін дыбыс және бейнетаспаларына жазу жаңа сапалық деңгейге көтеріліп отыр. Сот отырыстарына дыбысбейне тіркеу жүйесін енгізу бұл біршама айқын, қолжетімді және заңның үстемдік етуіне негізделген, уақыт талабына сай сот төрелігін құру жолындағы қадам екендігін дәлелдеді. Жолдауда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру қамтамасыз етілуі керек екендігі айтылды. Мұндай жұмыстардың мемлекеттік биліктің сот тармағында біркелкі табысты жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Жаңа ақпараттық технологияға негізделген электрондық бағдарламалар өз нәтижесін көрсете бастады. Олардың қатарында «Төрелік», «Сот кабинеті» және басқа сервистер бар. Пошта байланыстарының орынын ешбір қаражат шығындамайтын электронды пошта, SMS хабарлама, электрондық бағдарламалар мен сервистер, гибридті электронды пошта және басқалары басты. Қазір сот процестерін қосымша уақыт пен қаражат шығындамай-ақ қашықтықтан бейнеконференцбайланыс арқылы өткізу қалыпты құбылысқа айналып барады. Жолдау талаптарын жүзеге асыру барысында бұл жұмыстар одан әрі дамытыла береді. Озық технологияларды енгізуде сот жүйесі жолбасшылық тізгінін бекем ұстап келеді. 
Забира АБЫЛАЙҚЫЗЫ,
 Қызылорда қалалық сотының судьясы 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз