АУЫРЫН АРҚАЛАП, АУЫЛЫН ТҮЛЕТКЕН

80

0

Батыстан түрілген қара бұлт бейбіт елдің аспанынан қорғасын боп жауған Отан соғысының отты жылдары Шиелідегі Бидайкөлдің біраз азаматтары да майданға аттанды.   Кемпір күрек, шал кетпен ұстап, бала ойнамаған ауылдың жай-күйін сол күнді көрген адамдар ғана айтсын. Басыңа тартсаң, аяғың ашық қалатын жылусыз көрпедей күндердің қиындығын көріп өскен Манап та осы ауылдан соғысқа алынды. Қияметтің қызыл шоғындай ерсілі-қарсылы зулаған оқтың өтінде жүріп, ауыр артелерия бөлімшесін басқарды. Боздақтардың көбі ішіне қайғы бүккен үшбұрыш қарақағаз болып оралды. Аналардың жоқтауынан жер мен көл теңселіп кетті. Жауды жеңіп, тағдыр жазуымен аман қайтқан Манап сынды ер жігіттердің алдында бүгілген елдің белін тіктеу міндеті тұр еді. Сонда атанға жүк салмақты арқаға салған Манап та, оның қатарлары да бар-жоғы жиырма үш-жиырма төрт-ақ жастағылар екен. Жағасын жел жұлқып жер жыртып, төсінде ар баққан, төскейде мал баққан да осылар, қайран біздің әкелер!
Сонымен, Манап соғыстан келе «Гигант» колхозының қат-қабат жұмысына кірісіп кетті. Күн-түнмен санаспайтын сол кездің адамдарына тән жанқиярлық еңбекпен мал бордақылау алаңында жұмыс істеді. Малды қоңына, бітіміне қарай бөлектеп, күнделікті күтімін жасау оңай атқарылатын шаруа емес-ті. Ол үшін өз ісіне адал болудан басқа әр малдың жайын адамша түсіну қабілетін де меңгеру міндет. Жатын орны құрғақ, шөбі таза, ащы-тұщысы алдында болғанда ғана мал қоң алады. Қазақтың  «мал баққанға бітеді» дейтіні сол. Жалпы, Манап мал жайын жанымен ұғынатын. Әсіресе жылқы баптауды жақсы көрді. Өзі де тәп-тәуір шабандоз еді, қорасынан бәйге аты үзілген жоқ. Атты да аламаннан оздырып, өзі де жұрттың алдында жүрді. Сондықтан шаруашылықтың білгір маманы Манап Нұрсейітов Социалистік жарыс жеңімпазы, мал шаруашылығының 1-ші класты маманы атанды, «Еңбек ардагері» медалін төсіне тақты. Облыстың, ауданның мақтауларымен марапатталды.
Еңбек есейтіп, ел алғысымен биіктеген Мәкең мұқтаж жанға қол жәрдемін аямайтын, өлшеп-пішіп бір-ақ айтатын сөзі уәлі, бойы сыйлы жан болды. Барлық игі істің бастауында жүретін оны ауылдастарының «генерал» деп атайтыны көзкөргендердің әлі есінде.
Күллі өмірін колхоз жұмысына арнап, мал бордақылау алаңында атқарушы-бригадир болған Манап аға Шиелі ауданының экономикасын көтеруге өз қолымен үлес қосқан үлкен жүректі туған жер перзенті еді.
Өмірінің соңғы жылдарында науқастанып жүргеніне қарамастан, «Қарғалыға» қатынайтын күрежолдан бұрып кіндік қаны тамған «Жиенжауысқа» жол салдырды. Сол өңірден мал жайылымына жер аштырды. Қанша жыл ауыр бейнеттің астымен жүріп, күш-жігерін ел еңсесін көтеруге жұмсаса да өзін туған жер алдында қарыздар сезінді.
Манап сынды болмысы берен азаматтың мұндай еңбектері тәуелсіз елдің ұрпақтарына үлгі-өнеге етуге бек лайық. Сондықтан асыл ағаның аты өзі сүйген туған ауылының төрінде тұрғаны ғанибет. Осыны еске алған осы ауылдың Ораз Ысқақов, Аяп Сейділдаев, Елубай Төлешов, Мейрамбек Аханұлы секілді игі-жақсылары, ардагер ақсақалдары Бидайкөл ауылының бір көшесіне Манап Нұрсейітов есімінің берілуін қалайды.
Мәкеңнің ұлттық қасиеттерді бойына тоқып, оны балаларына сіңіре білген абзал әке болғанын айтпауға бола ма?! Зайыбы Күлбара екеуі дүниеге он бір бала әкеліп, тәрбиеледі. Үлкен ұлы әке жолын жалғап туған аулы «Гигантты» онан әрі түлетуге үлес қосты, осы шаруашылықты басқарды. Ортаншы ұлы Мырзағали бірнеше басшылық қызметтерде болды, қазір «Казтрансгаз» мекемесінде еңбек етеді. Басқа балалары оқып-жетіліп, ел қызметін атқарып жүр. Әке арманы да сол еді, жұртым дейтін ұжданды ұрпағым өссе дейтін.
Р.ДҮЙСЕНҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз