АҚЫЛ СҰРАМАЙТЫН АЛТЫН ҚАЗЫНА

54

0

Қызылорда қалалық кітапханалар жүйесінде аудан, қала кітапханашыларының қатысуымен  «Кітапханадағы  кітапты насихаттау мен оқуға басшылық жасау үлгілері» атты семинар өткізілді. Семинар барысында  «Кітап оқу: қазіргі жағдайы және келешегі», «Кітап қорын сақтау, толықтыру және насихаттау жолдары», «Қала кітапханаларында жаңа технологиялар мен электронды ресурстарды жүзеге асыру барысы» тақырыбында баяндамалар оқылып, тренинг сабақ өткізілді.
Шығыстың жарық жұлдызы Әлішер Науаи «Кітап – ақылына ақыл сұрамайтын алтын қазына» деген екен. Кітаптың құдіреттілігін паш етеміз, ал сол кітаптың өзін қайдан аламыз? Қызықты мәліметтермен, ақпараттармен қайдан танысамыз? Осы сауалдың бірақ қана жауабы бар, ол – кітапхана. Кітапхана – мәдениеттің ең маңызды саласы. «Кітап – мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты» – деп Ә.Кекілбаев айтқандай, сол кітап иелері қатарына кітапханашылар да жатады. Қазіргі кітапханашыларға бүгінгі талаптарды орындау үшін үлкен іскерлік пен білім қажет. Бүгінгі күні кітап оқу үлкен мәселеге айналып отыр. Қазіргі ХХІ ғасыр компьютер мен техниканың дамыған заманында кітапханашыларға екі күрделі міндет жүктеліп отыр. Оның бірі көпшілікті кітап оқуға баулу, кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру болса, екіншісі заман талабына сай оқырман сұранымына жан-жақты, тез, әрі нақты жауап беру үшін кітапханаларда инновациялық тәсілдерді меңгеру, яғни құжаттарды электронды жеткізу, баршаға қолжетімді виртуалды анықтама қызметін пайдалану.
Заманауи жаңа технологияны жетік меңгерген қазіргі жастарымыздың ұлттық рухани байлыққа деген құштарлығының бәсеңдегенін Елбасы да жасырмайды. Рухани байлықтың орнын компьютер мен интернет ешқашан толтыра алмайды. «Келешекте кітап оқығандар интернетте отырғандарды басқаратын болады» деген болатын Елбасымыз. Сондықтан оқырман мен кітаптың арасын жақындату мақсатында кітапханашылар қауымы бар мүмкіншіліктерді қолдануда. Семинар барысында кітапханашылар оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, кітап кеңістігін кеңейтіп, бос уақытты тиімді өткізудің жаңа үлгілерін ұсынды. Оқырман сұраныстарын жан-жақты қанағаттандыра отырып, әр түрлі қызықты мәдени шаралар өткізу оқырман тартудың тиімді жолы екендігін дәлелдеді. Қызықты  кітаптарды қала халқына насихаттау үшін көгілдір экран арқылы жаңа бағдарлама ашумен кітапханаға оқырман тарту сияқты көптеген кітап оқудың тәсілдері жайлы ой-пікірлерін айтып, іс-тәжірибе алмасты.
Жасөспірім баладан бастап қарияға дейінгі аралықта өз тіліндегі көркем әдебиетті оқуға насихаттау ұлттық құндылығымызды қамтығанымыз деп түсінуіміз керек.
Райхан СИСЕКЕЕВА,
Қызылорда қалалық кітапханалар жүйесінің әдіскері.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз