АЙМАҚ ТАБИҒАТЫН ЖАҚСАРТУ ШАРАЛАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

51

0

Кеше
облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті
сессиясы болып өтті. Сессияға облыстық мәслихаттың депутаты Аманжол Оңғарбаев
төрағалық етті. Сессияның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – облыстағы табиғат
пайдаланудың жайы және оны жақсарту шаралары туралы облыстық табиғи ресурстар
және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Еркебұлан Бекжанов
баяндама жасады.

Баяндамашы
атап өткеніндей, Қазақстан Республикасының Су, Орман, Жер, Экология
кодекстеріне және 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму” салалық
бағдарламасына, ҚР-ның «жасыл экономикаға” көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске
асыру жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сай табиғат
пайдаланудың тиімділігін арттыру бағытында облыста бірқатар шаралар жүзеге
асырылуда. Қызылорда облысының жер есебіне сәйкес оның қоры 24041,4 мың гектар.
Оның ішінде – егістік жерлер 144 мың га, тыңайған жерлер – 65,8 мың га,
шабындықтар – 106,3 мың га, жайылымдықтар – 11825,4 мың га, көпжылдық екпелер
мен бақшалықтар – 18,7 мың га, барлығы 12160,2 мың га ауыл шаруашылығы
алқаптары. Облыстағы егістік жерлерінің көлемі кейінгі жылдары тыңайған және
жайылымдық жерлер есебінен өсуде. 2005 жылдан бері шаруашылықтардың суландыру
жүйелерін суғаруға жарамды қалыпқа келтірудің арқасында егістік алқаптар көлемі
8,9 мың гектарға өсті. 2013 жылы жалпы көлемі 37656 гектарды құрайтын 262 жер
учаскелері ауыл шаруашылығы өндірісі үшін табысталып, айналымға қосылды.

«САРАТС
1” жобасының жүзеге асуы нәтижесінде Сырдария өзенінің су өткізу қабілеті екі
есеге ұлғайып, Солтүстік Арал теңізі толығуда. Су көлемі 27 текше шақырымға
жетіп, облыста балық шаруашылығының дамуына біршама жағдай жасалды. Аймақта
балық шаруашылығына маңызы бар 166 су айдыны тізімге алынды. Облыс бойынша
өткен жылдармен салыстырғанда балық аулау көлемі 2,5 есеге өсті.

Облыс
аумағында жалпы көлемі 6,5 млн. га мемлекеттік орман қоры жерлеріне кейінгі 5
жылда барлығы 33754 га сексеуіл, саялы жеміс ағаштарын егу жұмыстары атқарылды.

Қоршаған
ортаны ластағаны үшін 2013 жылы төлем көлемі 15323484 мың теңге түсіп, оның
4236930 мың теңгесі экологиялық және қоршаған ортаны қорғау шараларына
жұмсалған. Облыс елді мекендеріндегі 145 поли­гонда 835 мың тонна шамасында тұр­мыстық
қалдықтар шоғырланған. Осы полигондардың 142-сі заңдас­тырыл­маған және
белгіленген талап­тарға сай емес. Басқарма басшысы баян­дамасында сондай-ақ
облыс бойынша тұрмыстық шаруашылықтан жылына 12 млн. текше метр су шыққанмен,
олар жиналатын су алаңы Қызылорда қаласы мен Әйтеке би кентінен басқа елді
мекендерде толық шешілмегенін келтіріп өтті.

Депутат А.Оңғарбаев аймақта
жылдар бойы шешілмей келе жатқан кейбір өзекті мәселелерге тоқталып өтті.
Мәселен, Арал қаласындағы сор көлдер тұрғындарға қиындықтар туғызып келе жатса,
Көкарал бөгетінен төмен қарай кеткен шабақтар миллиондап қырылуда. Ол, сонымен
бірге, бүгінде балықты электр тоғымен аулау секілді өрескел жайттардың көрініс беріп отырғанын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, мал өлекселерін өртеу орындары, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу,
қызыл мия тамырларын заңсыз жинауға қатысты шешімін таппаған жайттарды ортаға
салды. Ал депутат Қылышбек Әбішев өз кезегінде жерасты суының көтеріліп
кетуінен көптеген елді мекендер тұрғындары азап шегіп отырғандығына сессияға
қатысушылар назарын аударды. І.Тілеп, Р.Байназарова және басқа да депутаттар
аймақ экологиясын жақсартуға қатысты өз ойларын жеткізді.

Сессияда сөз алған облыс әкімі
Қырымбек Көшербаев экология және табиғат қорғау мәселелері Елбасы ерекше маңыз
беретін салалардың бірі екен атап өтті. Аймақ жетекшісі депутаттарды «САРАТС 2”
жобасын жүзеге асыруға қатысты қолға алынып жатқан жұмыстар жайынан хабардар
етті. Ол, сонымен бірге, аймақтағы 166
көл біздің табиғат қорымыз болуымен қатар, кәсіпкерлік саласын дамыту
мүмкіндігінің көзі екенін жеткізді. Су ресурстарын дамытуға қатысты Үкіметке
облыстан ұсыныстар берілгенмен, олардың көбісі 2016-2020 жылдары жүзеге
асырылады деп жоспарға енгізілген. Облыс әкімі осы жобаларды ертерек уақытқа
жылжыту үшін мақсатты жұмыстар жүргізу керек болатынын айтты. Сонымен бірге
соңғы жылдары егістік алқаптары 40 мың гектарға артқанын жеткізді. Негізгі
дақыл күрішті суғаруға жұмсалған судың 40 пайызын жоғалтамыз. Болашақта
су азаймаса, көбеймейді. Сондықтан егістікті әртараптандыруды ұмытпауға
тиіспіз. Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл егуді жалғастыруды
ойластырған жөн. Облыс басшысы аймақ флорасы мен фаунасының қызыл кітаптарын
жасау бағытында жұмыстар қолға алынып жатқанын жеткізді. Бүгінде елімізде
тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, қайта кәдеге жарату жайы тек Астанадағы зауытта
іске асуда. Қызылордада осындай зауыт салу мақсатында инвесторлармен, Еуропалық
даму банкімен нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Күн
тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, барлық ұсыныстар
талқылаудан өткеннен кейін облыстық мәслихат
Қызылорда облысында табиғат қорғау шаралары туралы арнайы шешім шығарды.
Мұнан соң күн тәртібінде белгіленген өзге де мәселелер талқыға салынып, олар
бойынша тиісті шешімдер шығарылды.

Сессия
жұмысы аяқталар сәтте облыс басшысы депутаттарға соңғы айлары атқарылған жұмыстар туралы қысқаша мәлімдеп берді.
Қызылорда облысының делегациясы Түркияда болып, ондағы бизнес өкілдерімен
кездесулер өткізді. Енді алдағы қазан айында олардың делегациясы біздің өңірге
келіп, бірлескен бизнес форумға қатысады. Түрік бизнес өкілдеріне тек
өндірістік жобалармен келу туралы айтылған. Қазір Қызылорда әуежайының терминалы құрылысы басталды,
алдағы уақытта тікелей Түркияға авиарейс ашылатын болады.

Облыс
әкімі Астанада Қызылорда облысының күндері табысты өткенін мәлімдеді. Енді
келесі аптада облысқа Премьер-министр Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен келеді.
Үкімет басшысының алдында негізгі екі мәселе – аймақта металлургия
кластерін және ауылдық медицинаны
дамыту мәселелері қойылмақ.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз