АЙМАҚ ТУРИЗМІНІҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

71

0

АЙМАҚ ТУРИЗМІНІҢ БОЛАШАҒЫ ЗОРСыр елінде 16 сәуір күні ІІІ «Байқоңыр» инвестициялық форумы өз жұмысын бастайды. Осы маңызды шара қарсаңында біз облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменовті әңгімеге тарттық. Өйткені, форум бағдарламасында «Қызылорда облысында туризмнің дамуы» атты тақырыптық секция ұйымдастырылады.
– Тельман Райғаниұлы, екікүндік форум өз жұмысын ертең бастағалы отыр. Онда мамандар аймағымыздағы туризм саласының даму мүмкіндіктерін тақырыпқа тамызық етпекші. Форумға қай  елдерден мамандар мен туристік операторлар шақырылып отыр және шетелдік қонақтарымызға қандай көрікті жерлерімізді көрсете аламыз?
– Бұл жолғы форумға кәрі құрлық – Еуропаның 5-6 мемлекетінен және көршілес Ресейден туризм саласы бойынша жұмыс жасап жатқан компанялар мен сала мамандары және отандық туристік агенттік басшылары мен «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ өкілдері шақырылып отыр. Мәселен, Германия, Италия секілді елдердің белгілі туристік компания басшылары, сондай-ақ Франция мен Ресейден тиісті мамандар келеді деп күтілуде. Бұған қоса, түрлі елшілік өкілдері келеді. Форумның алғашқы бөлігі Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешенінде өтеді. Алдымен меймандарымызға түркі дүниесінің ұлы ойшылы Қорқыт бабамыздың мемориалдық кешені мен осындағы Зиярат ету орталығын таныстырамыз. Осы жерде «Қызылорда облысында туризмнің дамуы» атты тақырыптық секция өтеді. Сонан соң Байқоңырға жол жүреміз. Бағдарламаға ғарышты қаланың көрікті жерлерін таныстыру және ғарыш айлағын көрсету енгізілді. Атақты айлақтағы «Байқоңыр» мұражай кешені, «Боран» орбиталық кораблінің макеті, С.Королев пен Ю.Гагарин іссапар кезінде тұрған мемориалды үйлер – адамзат алғаш көкке самғаған жердегі ғажайып естеліктер қатарында. Ал, ең бастысы, қонақтарымыз 16 сәуір күні кешкілік Байқоңыр ғарыш айлағындағы ұшу алаңынан зеңгір көкке самғайтын «Союз-У» ғарыш кемесінің ұшырылымына куә бола алады. 
– Аймағымызда ішкі туризмнің даму мүмкіндіктері қалай? Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда  және форум жұмысынан қандай нәтиже күтіліп отыр? 
– Нақты кезеңде облысымызда 6 туристік компания бар. Өкінішке қарай, олардың барлығы сыртқы туризмді дамыту, яғни ынта білдірушілерді шетелдерге апару ісімен ғана айналысады. Ал, ішкі туризм кенже дамып келе жатыр. Жергілікті  туркомпаниялар басшыларының айтуынша, ішкі туризмге адам жинау өте қиын. Меніңше, бұл жерде патриоттық сезім, туған өлкенің көрікті жерлерін насихаттау жағы жетіспей жатыр. Мәселен, Израильде болғанымда, бұл елде ішкі туризм өте мықты дамығанына куә болдым. Аймақ басшысы облыстың таяу болашақтағы өсу мүмкіндіктерін саралап, туризм бизнесін дамытуды тапсырып отыр. Облыста ішкі туризммен айналысатын аз дегенде 2 компания және әр ауданнан бір-бір компания жасақтауға мүмкіндік жасауға тиіспіз. Ал, біздің басқарманың ұйымдастыруымен өтетін секцияның мақсаты – облысымыздың туристік мүмкіндіктерін көрсетіп, туроператорлармен ынтымақтастық әріптестікке негіз қалау. Осылайша, отандық және шетелдік туроператорлармен алдын ала келісім-шарт жасасуды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатқа өзіміздің ішкі мүмкіндіктерімізді таныстыра отырып, қол жеткізуге болады деп ойлаймын. Себебі, әлемде теңдесі жоқ ғарыш айлағы – Байқоңыр мен Қамбаш секілді ғажайып көл біздің облыстың аумағында. Байқоңыр кешені мен осы өңірдегі Қамбаш көлін туризм мақсатында пайдалану, оның инфрақұрылымын бүгінгі өркениет талабына сай дамыту маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл мақсатта жұмыстар атқарылып жатыр. Бұған қоса, біздегі Арал теңізінде экологиялық туризмді дамытуға болады. Қазақ елінің байырғы 4 астанасы Сыр жерінде. Мұны біз мақтаныш тұтамыз. Екі жарым мың жылдық тарихы бар Шірік- Рабат қала-қорғаны, Қаратаудың етегінде шипажайлар және т.б. бар. 
Біз алдағы уақытта Алматы қаласында өтетін «Туризм және саяхат – KITF-2014» халықаралық туристік көрмесіне қатысып, Қызылорда облысының туристік мүмкіндіктерін таныстыратын боламыз. Сонымен бірге, Лондон, Пекин және Гонконгта ұйымдастырылатын халықаралық көрмелерге қатысуды жоспарлап отырмыз. Ақпараттық-жарнамалық материалдар дайындалуда. Ал, ертеңгі форумнан күтеріміз көп.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз