«АЙМАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНА ЖЕТКІЛІКТІ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН»

86

0

«АЙМАҚ  ЖУРНАЛИСТИКАСЫНА ЖЕТКІЛІКТІ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН»Юрий Ли,

республикалық «Казахстанская правда» газетінің
Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі:

– Сіз кәнігі журналистердің бірісіз. Осы ретте,
аймақтық журналистиканың қазіргі қарымына қатысты ойыңызды білгіміз келеді…

– Өңірімізде жүзге жуық басылымдар мен электронды БАҚ
бар. Енді олардың қатары көбеймесе, азаймайды. Әсіресе, бізде мерзімді
басылымдарға деген көзқарас алабөтен. Жазылып, іздеп оқиды. Басқа өңірлермен
салыстырғанда оқырмандарымыз белсенді. Жергілікті биліктің мемлекеттік
ақпараттық саясатты қаржыландыруда тартынбай, мемлекеттік тапсырыс негізінде
бөлетін қаражатты ұлғайтып отырғанын ерекше атап өткен жөн. Журналистерге арналған
көптеген байқаулар мен семинарлар ұйымдастырылады. Таяу­да ғана ҚР Президенті
жанындағы ОҚК филиалының біздің облыста ашылуының куәсі болдық. Бұл жергілікті
БАҚ өкілдерінің ресми ақпараттарға қолжетімділігін арттырары сөзсіз. Осының
бәрі журналистердің сапалы әрі облыс тыныс-тіршілігін ақпараттандыруда өнімді
жұмыс жасауына оң әсер етеді.

– Аймақтық журналистиканы дамытуда шешімін таппай
жатқан қандай мәселелер бар деп ойлайсыз?

– Жергілікті журналистиканы дамытуда өзекті деген
мәселелердің басым көпшілігі шешілді. Атқарушы органдар барынша қолдау
көрсетті, әлі де аянып жатқан жоқ. Кадр мәселесі де оң шешімін тауып отыр.
Жергілікті ЖОО жыл сайын журналист мамандарды даярлап келеді. Сонымен қатар, 85
жылдық тарихы бар «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттері өздерінің
тартымдылығын жоғалтқан жоқ. Қос басылым журналистік шеберлікті үйрететін үлкен
мектепке айналды және республикалық басылымдарға мықты кадрлар даярлап беруде.
Өзін журналистика саласында сынап көргісі келген жастар үшін басқа да редакциялардың
есігі ашық. Сондықтан, аймақтық журналистикада еңбек етемін деген адамға
ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын. Қазіргі таңда БАҚ өкілдері үшін жасалған
жақсы жағдайды пайдалана отырып, кәсіби біліктілікті шыңдай беру керек.

– Сіз журналистика саласына қалай келдіңіз?

– Бұл салаға келуіме әкем Владимир Филиппович Ли себеп
болды. Ол кісі өзінің саналы ғұмырын осы мамандыққа арнап, төккен тері мен
еткен еңбегінің арқасында құрметке ие болды. «Кызылординские вес­ти» газетін
басқарды. «Казахстанская правда» және басқа да республикалық басылымдарға ұзақ
жылдар бойы қызмет жасап, аймақ тынысы жайлы материалдар жазды. Біздің үй шағын
кітапхана болатын, әкеміз газетке көп жазылатын. Солардың ішіндегі әкемнің
мақалалары менің қызығушылығымды тудыратын. Әкем журналистикаға бейімділігімді
байқайтын, бірақ мәжбүрлемеді, өз еркіме салды. Содан болар, 1991-1997 жылдары
өндіріс орындарында қарапайым жұмысшы болып істедім. Дағдарыстың салдарынан
кәсіпорын еңсесін тіктей алмады, ақыры жабылып тынды. Жаңа жұмыс іздеуге тура
келді. Жергілікті бір газетке жұмысқа тұрып, беттеумен айналыстым. Шығармашылық
ортаның әсері қолыма қалам алғызбай қоймады. 2003 жылдан бастап республикалық
басылымдарға мақалалар жаздым. Журналистика – қызығы мен шыжығы мол сала.
Қазіргі таңда жұмысыма деген көзқарас өзгерді, бұрын сыни материалдар жазуыма
себептер көп кездесетін, бүгінде оптимизм басым.

– Әріптестеріңізге кәсіби мерекесі қарсаңында қандай
тілек айтасыз?

– Ең бірінші, мол денсаулық тілеймін. Отбасыларында
амандық болсын, береке-бірлікте, молшылықта өмір сүрсін. Көңілдері ешқайда
алаңдамай, жемісті еңбек ете берсін.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

 

Әңгімелескен Дәурен
ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз