ҚАЙРАТКЕР ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

62

0

ҚАЙРАТКЕР ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Өткен бейсенбіде облыс орталығында мемлекет
және қоғам қайраткері Тәкей Есетовтің 90 жылдығына арналған еске алу шаралары
өтті. Алдымен №264 мектеп-лицейге оның есімін беру және ескерткіш бюсін ашу
салтанаты болды.

Алғашқы
еңбек жолын Арал ауданынан бастаған Тәкей Есетұлы облысты ұзақ жылдар басқарып,
өңірдің өсіп-өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған қайраткер. Ел ілтипатына
бөленген абыройлы азамат халықтың сенімін арқалаған білікті басшы бола білді.
Адами қасиеттер бойына жинақталған ерен тұлғаның көпшіліктің алғаусыз алғысына
бөленуі азамат абыройын асқақтатты. Оның осынау жанқиярлық еңбегі мемлекет
тарапынан лайықты бағаланды. Республика Жоғарғы Кеңесіне бірнеше мәрте депутат
боп сайланған білікті басшы екі рет «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь Рреволюциясы»
ордендерімен, сондай-ақ он екі медальмен марапатталған.


Біз бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тәкей Есетұлының есімін
ұлықтауға арналған салтанатты шараға жиналып тұрмыз, – деді алғашқы сөз кезегін
алған аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы. – Тәкең туралы айтқанда, алдымен оның елі
үшін, халқы үшін еткен еңбегі, қайраткерлік тұлғасы, сындарлы сәтте салиқалы
шешім қабылдайтын шынайы болмысы еске түседі. Міне, бүгін тұғырлы тұлға Тәкей
Есетұлының есімін білім ошағына беру туралы ұсынысымыз Үкімет тарапынан қолдау
тауып, қаладағы №264 мектеп-лицейге беріліп отыр. Осы арқылы өскелең ұрпақ
бойында елге деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, қазақстандық патриотизмді
арттыратын боламыз.

Бұдан
соң ұзақ жылдар үзеңгілес еңбек еткен ардагер Бөрібай Құлманов, Еңбек Ері
Аманкелді Ахметов, Т.Есетовтің аяулы жары Тазагүл Сейітжанқызы халқы қадірлей
білген азаматтың есімін иеленуі жас ұрпақ үшін, мектеп ұжымы үшін үлкен
жауапкершілік жүктейтіндігін, сондықтан мұнда елінің ертеңіне қалтқысыз қызмет
ететін білімді ұрпақ тәрбиеленіп шығарына сенім білдірді.

Облыс
әкімі Қырымбек Көшербаев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек
Шаухаманов ескерткіш бюсін ашып, гүл шоқтарын қойды.

Еске
алу шарасы одан әрі Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында Тәкей
Есетовтің өмір жолы мен қызметіне арналған танымдық конференцияға жалғасып,
толымды тұлға туралы деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ, Есетұлы жайлы
естеліктер айтылды. Соңынан «Гранд Плаза” мейрамханасында марқұмның рухына
құран бағышталып, ас берілді.

 

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз