ҚАЗАЛЫМ – ҚҰТТЫ МЕКЕНІМ

138

0

Мемлекет басшысының Жолдауын сайлаушылармен талқылау, оның бағыттарын жалпақ елге түсіндіру мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары елді аралап, халықпен кездесулер өткізді. Мен де өзім туып-өскен Қазалы, Арал аудандарында болдым. Осы жолы ауданның шалғай жатқан елді мекендеріне барып, Қызылқұм мен Қарақұмның қойнауларын мекендеп отырған тұрғындармен жүздесіп, сұхбаттасудың сәті түсті. Бір кездері Бозкөл совхозының бөлімшесі болған Кәукей, Тасарық ауылдарына тұрғын үйлер салынып, екі-үш есеге өскені көңіл тоғайтты.  Аудан  әкімі Бақыт Жахановпен бірге бірнеше кездесулер ұйымдастырдық. Аудан тұрғындарының көңіл-күйі жақсы. Бұдан 7-8 жылғы бұрынғы халықпен қазіргі халықты салыстыруға мүлде  болмайды. «Елі байдың – халқы тоқ» деген аталы сөз осындайда айтылса керек.
Қандай бір қиын заманда да  Қазалы халқы ата салттан аттамаған, адал еңбекпен күн көріп, қонағына дастарханын жайған дархан халық. Қазалыға өткен ғасырда келген сан түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері – орыстар, қазақтар мен татарлар, өзбектер мен еврейлер, соғыс кезінде жер аударылған немістер мен кәрістер, түріктер мен шешендер күні кешеге дейін тұрды. Ұрпақтары әлі де бар. Біздің әкелеріміз оларды құдасындай сыйлап, үстіне үй, алдына мал салып беріп, қанатының астына алып, қамқорлық жасағанын көзіміз көрді. Қазалы – Қорқыт ата, Бегім ана, Жалаңтөс пен Әйтеке, Жанқожа мен Ақтан, Сартай батыр мен Қызылбас Палуан, Ашабай мен Сырлыбай, Бекарыстан би, Ерімбет сынды елге әйгілі ерлер мен би шешендердің мекені. Кезінде елдің елдігін, жердің кеңдігін жау мен даудан сақтап қалған да солар. Киелі топырақтан атағы көпке мәшһүр болған батырлар мен қара қылды қақ жарған билер, ақын-жазушылар, мемлекет, қоғам қайраткерлері, өнер шеберлері шықты. Орта Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі Ғ.Мұратбаев, Халық қаһарманы Р.Бағланова, жезтаңдай әнші М.Ералиева, академиктер: Серғали Толыбеков, Сұлтан Сүлейменов, Мұхамеджан Ерлепесов, Бегалы Әйтмамбетов, Ерболат Дәленов, ғылым докторы Дөңес Әбілов және тағы басқа жүздеген азаматтар осы өңірдің даңқын асырды. Бүгінде таланттар қатары жастармен толығып келеді.
Қазалы  халқы  ежелгі  қалыптасқан  дәстүрден жаңылған емес,  қайта оны жаңа заманға сай жаңғыртып, дамытып келеді.  Сөзіміз дәлелді болу үшін көзімізбен көріп, көңілге түйген игілікті істерді тарқата кетейік. Негізінен, Елбасы Жолдауларының барлығы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталатыны белгілі.
Соңғы үш жылда ауданның негізгі капиталына 35 млрд. теңге инвестиция тартылыпты. 
Инвестиция көлемінің артуына «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі мен «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбыры құрылысының аудан территориясынан өтуі оң әсерін тигізіп отыр. 
Мұндағы Елбасы саясатын жүзеге асыру мақсатында атқарылған жұмыстар көңіл қуантады. Оның ішінде шағын кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты дамып, аудан бюджетінің кірістер бөлігі көбейіп келеді екен.
Елбасы Жолдауында: «Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі, – делінген. 
Индустрияландырудың бірінші бесжылдығында аталған ауданда өңір экономикасы үшін маңызды бірқатар жобалар жүзеге асырылғанын айта кеткен жөн. Бағдарлама аясында 10 жоба толық іске қосылыпты. Алдағы жылдары жалпы құны 548 млн. теңге болатын 9 жоба бойынша түрлі өнім өндіретін цехтар пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның 3-і «Өндірістік аймақта» жүзеге асатын жобалар. Осы жобалар толық іске асқанда тағы да жаңа  жұмыс орындары ашылмақ. 
Ауданда қазір 3358 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оларда 8029 адам жұмыспен қамтылған. Ал, шығарылған өнім өткен жылмен салыстырғанда 5,6 %-ға артса,  бөлшек сауда 3575 млн. теңгені құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 14,7 %-ға өсіп отыр. Бұл аудан халқының жылдан жылға кәсіпкерлікке бейімделіп келе жатқанын көрсетеді. Мысалға, 2012 жылмен салыстырғанда аудандағы  шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 530-ға көбейген. 
Елбасы өз Жолдауында «Шағын және орта бизнес біздегі Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі» екенін айтты. Сондықтан, шағын және орта бизнесті қолдау, олардың дамуына көмек көрсету  мақсатында республикамыздың әрбір өңірінде өндірістік аймақтар құру қолға алынып отыр. «Өндірістік аймақ» ашу үшін Әйтеке би кентінен 12,7 га жер учаскесі белгіленген. Оны қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, бүгінгі таңда ол Өңірлік даму министрлігіне жіберіліпті.
Қазіргі таңда аудан кәсіпкерлері осы өндірістік аймақтан 8,7 гектар жер алып, жалпы құны 394 млн. теңгені құрайтын 12 жобаны жүзеге асырмақшы.  Айта кетейік, аталған аймақта шағын кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін арнайы бизнес-инкубатор ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл бизнес-инкубаторда шағын цехтар орналастырылатын болады.
Бұған қоса, ауданда «Сауда-логистикалық орталық салу»  жобасы әзірленуде. Жоба іске асырылған жағдайда аталған орталықта автостанция, өнім сақтау қоймасы, жабық сауда қатарлары, құрылыс материалдарын сату орындары мен автокөліктен зат сату және автокөлік қызметін көрсету орындары орналастырылады. Жоба аясында жалпы 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылып, 20-ға жуық халыққа қызмет көрсету орындары жұмыс жасайды деп күтілуде. Сондай-ақ, шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ағымдағы жылғы аудандық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Оған нан өндіру цехы, құс шаруашылығын дамытып жұмыртқа өндіру, «Бизнес инкубатор» ұйымдастыру, көкөніс өнімдерін өндіру, өңдеу бағытында ауылдық жерлерде өз ісін бастағысы келетін азаматтарға бизнес-жоспар әзірлеуіне көмек жасалатын болады. Бұл өз кезегінде әрбір ауылдан кемінде 10-ға жуық  жаңа жұмыс орнын ашуға өз ықпалын тигізеді. Байыптап қарасақ ауданда бизнесті дамыту бойынша өркенді жұмыстар атқарылуда. 
Ауданның ауылшаруашылық құрылымдарын қолдауға 248 млн. теңге субсидия берілген. Басқа басымдықтарды айтпағанның өзінде аймақта өткен жылы күріш дақылының бір гектарына төленетін субсидия көлемі 18 мың теңгеден 25 мың теңгеге көтерілді. Бұл өз кезегінде күріш өндірісі шаруашылықтарының экономикалық жағдайына оң ықпалын тигізеді.  Ауданда алғаш рет «РЗА-Агро» мен «Сыр маржаны» ЖШС-лары егістік жерлерін лазерлік-техникалық тегістеуге көшіпті. 
Өңірде мал шаруашылығы да дамып келеді екен. Мысалға, өткен жылы ауыл шаруашылығы құрылымдарында мүйізді ірі қара 7495 басқа жетіп, 26 пайызға, қой саны 22,5 пайыздан 30,1 пайызға өскен. Осы ретте «Сыбаға», «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламалары мал басының көбеюіне оң ықпалын тигізіп отырғанын айта кеткен жөн. Мемлекет асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға үлкен қолдау көрсетуде. Өткен жылы аудан бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін шаруашылықтарға 618 млн. теңге көлемінде субсидия беріліпті. Жалпы, 2013 жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында құны 42 млн. теңгеге ет бағытындағы  асыл тұқымды 19 бұқа мен 232 бас сиыр сатып алынса,  «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша құны 203 млн. теңгеге 239 мүйізді ірі қара, 158 уақ мал, 485 жылқы алынған. 
Негізінен, «РЗА» АҚ тауарлы сүт фермасы арқылы сүт өндіру мәселесі жолға қойылған. Енді, ет өндіру жұмыстарын қолға алуда. 
Өткен жылы «Сыр маржаны» серіктестігі құны 380 млн. теңге болатын 500 басқа арналған бордақылау алаңының құрылысын салу жобасын «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ ұсынып, оң қорытындысын алды.  Енді наурыз айында оның құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.
Ауданда балық шаруашылығының қарқынды дамуы көңілге қуаныш ұялатады. Негізінен, аудан аумағында көлдердің орналасуына қарай Ақсай, Қуаңдария көлдер жүйесінде аумақта 17 су айдыны бар. Оның ішінде балық шаруашылығы маңызы бар су тоғандары 13  учаскеде орналасқан. 
Аудандағы негізгі мәселелердің бірі – тұрғын үй.  Бүгінгі таңда  тұрғын үйге мұқтаж 257 адам кезекте тұр. Оның 229-ы әлеуметтік осал топтар қатарынан болса, 28-і бюджеттік сала қызметкерлері. 
Қазір баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп, салалық бағдарламалар шеңберінде өткен жылы тұрғын үйге мұқтаж 104 адамның баспаналы болуына мүмкіндік жасалыпты. 
Ал, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында былтыр елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген 51 маман тұрғын үймен қамтамасыз етіліпті. Биыл бұл мақсатқа 195 млн. теңге қаралып отыр. 
Бұдан өзге, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы шеңберінде 20 арендалық тұрғын үйге жоба-сматалық құжаттары әзірленіп, биылғы жылға 8 тұрғын үй салу үшін республикалық және облыстық бюджеттерден 73 млн. теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар, 1 арендалық тұрғын үй салу  үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. 
Өткен жылы ауданда құрылыс жұмыстары қарқынмен жүргізілгені айқын байқалды. Мемлекет қамқорлығымен құрылыс саласына 2013 жылы  бюджеттен  бөлінген 2 млрд. 572 млн. теңге қаржыға 59 нысанның құрылысы салынған. Оның ішінде әлеуметтік саладағы мәселелердің шешімін табуда бірқатар жұмыстар атқарылған. Өткен жылы 2 мектеп, 2 балабақша, 5 дәрігерлік амбулатория мен 1 мұражай және 9 спорт алаңы салынып, ел игілігіне ұсынылыпты. 
Елбасының бірінші кезекте апаттық жағдайдағы нысандардың мәселесін шешу жөніндегі тапсырмасы бойынша жұмыстар қолға алынып, 2013 жылы облыстық бюджет қаржысы есебінен апаттық жағдайдағы 6 мектеп,  6 балабақша, 2 ауылдық клуб, 4 дәрігерлік амбулатория  құрылыстарының жоба-сметалық құжаттарын дайындауға қаржы бөлінген.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бағытында ауданда да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге 2013 жылы республикалық бюджеттен 5 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 52 млн. теңге қаралған.
Өткен жылдан бастап, мүгедектердің әрбір мекемеге емін-еркін кіріп-шығуы үшін пандустар орнату ісі мықтап қолға алыныпты. Соңғы екі жылда 5 мүгедек адам мемлекеттік тұрғын үймен қамтамасыз етілген. 
Елбасы биылғы Жолдауында жергілікті билікке мүмкіндігі шектеулі азаматтарды  жұмысқа орналастыру жайын ерекше тапсырылғаны белгілі. 
Өткен жылы есепте тұрған 58 мүгедектің 28-і қоғамдық жұмысқа тартылып, 7 мүгедек тұрақты жұмысқа тұрған. Ал,  мүмкіндігі шектеулі бір азамат несие алып, жеке кәсібін ашты. 
Қазалы ауданында атқарылып жатқан шаруа аз емес. Мұнда Елбасының әрбір бастамасы баянды жалғасын тауып, әрбір тапсырмасы тиянақты шешімін табуда. 
Алда күтіп тұрған іс те көп, жұмыс та жетерлік. Оның бірқатарын жоғарыда тарқата айттым. Сапар барысынан түйгенім, Мәңгілік Ел болу жолындағы қазалылықтардың атқарып жатқан істері көңіл қуантарлық.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз