ҚАЗАЛЫНЫҢ БАЗАРЫ – АУЫЛ-АЙМАҚ АЖАРЫ

47

0

Бүгінгі
таңдағы кәсіпкерлік саласы ерекше қарқынмен дамығанына талас жоқ. Бұл ел
арасында «Кіші Түркістан» аталатын Қазалыға да тән көрініс. Кент орталығындағы
талапқа сай базарлардан іздегеніңізді
қиналмай табасыз. Аудан көлемінен асып, әрісі – Шалқар, берісі
Байқоңырдан ат арытып жетіп сауда жасап жатқандарды кездестіресіз. Міне, халық
бағасының шынайылылығының дәлелі.

Ежелгі Тұран ойпатының
перзенттерінің осы бағыттағы аяқ алысы мақтауға лайықты. Біздің бұл пікіріміз
Қазалы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімнің басшысы Әліби
Әбиевпен болған екеуара әңгімеден соң тіпті бекемделе түсті.

Басшының айтуынша, үстіміздегі жылдың 5 айында есепке
алынған шағын кәсіпкерлік субъектілері өткен кезеңмен салыстырғанда біршама
өскен. Аудан бюджетіне шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен қомақты
салық түсіп отыр. Сондай-ақ, бөлшек сауда қызметі бойынша тауар айналымының
көлемі де арта түсуде. Өнеркәсіп өндірісінде де ілгерілеушілік байқалады.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен жоспарланған жобалардың
4-і аймақтың үйлестіру кеңесінде мақұлданды. Олардың қатарына «Сыр маржаны»
ЖШС-ның «500 басқа арналған мал бордақылау» кешенін салу, жеке кәсіпкер
Мәмбетжановтың темір-бетон бұйымдарын шығару, Рахметовтің құрылыс және жиһаз
бұйымдарын дайындау цехын іске асыру, Абдрасулованың алкогольсіз сусындар әзірлеу
тәрізді жобалары жатады.

Жастайынан басшылыққа араласқан Әліби қазіргі таңда
байырғы қызметкерлердің қатарынан саналады. Оның аузынан шыққан келесі сөйлемге
елеңдей құлақ түрдім. Олай болмағанда ше? Әрбір жаңадан ашылған жұмыс орны
кемінде бірнеше адамның, қалаберді әлденеше отбасының нәпақасы екендігі даусыз.
Бұған қалайша қуанбассың. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге
асыру ауданда тұрақты күн тәртібінде тұр. Экономиканың шикізатты емес
секторларында кәсіпкерліктің теңгерімді өсуін қамту тұрғысында «Құрылыс
материалдарын өндіру» жобасымен «Халық банкі» арқылы жеке кәсіпкер А. Рахметов
алған 12 млн. теңге несие ««Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы субсидияланғанға ұқсайды. Міне,
керемет! Жеңілдік деп осыны айт. Оған қоса
«Даму Start Up» жобасы бойынша М.Төлегенов «БанкЦентрКредит» АҚ-нан 3
млн. теңге несие иеленді.

Әдетте, ауылды алтын бесікке теңейміз. Мұндай
жанашырлықтан дала перзенттері де қалыс қалмапты. Шалғай елді мекендер­де
кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ««Қызылорда ПРЭКО» Консолтингтік компаниясы»
ЖШС маркетингтік зерттеу жүргізіпті. Қорытындысында ша­ғын нан өндіру, құс
шаруашылығын дамыту, жұмыртқа өн­діру, тұрмыстық қыз­­­мет көрсету орта­лы­ғын жасақтап, «Биз­­­нес-инкубатор»
ұйым­дастыру, ауыл шаруашылығы өнім­де­рін өңдеу бағытында бизнес-жоспар әзір­ле­ніп, түсіндіру шаралары ұсынылды. Кә­сіпкерлерді
несие­лендіруде «БТА», «Қазақ­стан Халық бан­кі» АҚ-ның Қазалы филиалдары мен
шағын несиелік ұйымдар, несиелік серіктестер жыл басынан бері 305,64 млн. теңге
несие қаражаты берілген. Шағын кәсіпкерлікті дамытуға кенттің солтүстік батыс беткейінен «Өндірістік аймақ»
ұйымдастырып, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Азық-түлік
бағасын тұрақтандыруда «Сауда-логистикалық орталық ұйымдастыру» жобасы аса
маңызды.

– Нақты кезеңде «Қазалы Жолаушы» ЖШС қалааралық
автостанция құрылысын бас­тап та кетті. «Қазалы даму» коорпоративтік қоры
««Байқоңыр» ӘКК ҰК» АҚ-мен бірлесіп инвестициялық жобаны іске асыру, жергілікті
тауар өндірушілер «РЗА» АҚ, «Сыр маржаны», «Нұр Ас және К» ЖШС, «Бақыт» шаруа
қожалығының сауда орталықтарын салу жөнінде жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
Бөлім тарапынан ауданда шағын кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті одан әрі ұлғайту үшін
кәсіпкерлікті дамытушылар арасында өнім өндіру бағытындағы қызметтердің көлемін
ұлғайту, берілген несиенің өз мақсатында пайдаланылып, жаңа жұмыс орындарының
ашылуына, жергілікті салық базасының ұлғаюына ықпал ету басты назарда
болады. Қысқасы, кәсіпкерліктің келешегі
кемел дейді Қазалы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің
басшысы Әліби Әбиев.

Ауданда кәсіпкерліктің дамуына, сөз жоқ, Қазалы базары
үлкен серпін беріп отыр. Базарлы ел – ажарлы деген осы.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз