ҚАЗАЛЫНЫҢ КӘМПИТІ немесе фейсбуктегі талқылаулар

53

0

Бүгінде әлеуметтік желілер ақпараттық қоғамның алдыңғы шебіне шықты. Әлемдегі және өз еліміздегі жаңалықты жеткізу мен оны талқылауда әлеуметтік желілердің жылдамдығы мен мүмкіндігі дәстүрлі ақпарат құралдарынан әлдеқайда озып кетті. Таяуда ғана мәлім болғандай, желілер рейтингісінде «Facebook» көш бастап тұр. Ақпанда он жылдығын тойлайтын әлеуметтік желіде 1,4 миллиард адам тіркелген. Одан кейінгі орын миллиардтаған қолданушысы бар «YouTube»-ке тиесілі. Ресейлік «В контакте»  де бірінші ондықтан орын алған.
Ал  РИА Новости 2013 жылдың соңында әлемнің ең ірі 20 әлеуметтік желісінде 5,7 миллиард аккаунт тіркелген, деп хабарлады. Өзіміздің  ҚазАқпаратқа сүйенсек, Қазақстанда интернетті 10 млн.-нан астам адам пайдаланады. 
Әлеуметтік желіде әр түрлі көзқарастағы, көңіл-күйдегі, діни наным-сенімдегі адамдар отыратындықтан өз ойларын ашық білдіреді. Қандай сурет пен бейнекөрініс салса да, шектеу жоқ. Мұнда кез келген тақырып әр түрлі жанрда баяндалатындықтан оған пікір білдірушілердің де айтары әрқилы. Кейде желіні қолданушылар майда-шүйдені қаузап, ішкен тамағының суретін жариялағаны үшін бір-бірін кінәлап жатады.   
Әлемдегі бір жарым миллиардқа жуық адамды бір желі бойына «байлаған» «Facebook»-те талқыға түсетін, маңызды, қызықты тақырыптарды екшеп, оны оқырман назарына ұсыну үшін «Желідегі жазбалар” айдарын аштық. Ендеше мұндағылардың не дейтінін сіз де біліңіз, оқырман.  
Фейсбук қолданушы Мұхамбедия Ахметов «ФБ-ның грамматикасынан бірер мысал: «саган ким тисты?», «шошкеттім го», «аласамайспа», «унытып калыптым», «комектесезбе?», «комегм қатты тиереді», «айтватрқ го», «жазамдевет»… Осындайлар толып жатыр, қалай жөнге салуға болады?” деп сауал тастайды. Бұл постқа пікір жазған Халима Тәжіқұл «Жетесіне жететіндей етіп жекеде сөйлесу керек” десе, Ғанибет Ғалымбекұлы «Солай жазатындарға, тіпті, еліктеп бара жатқандаймыз ғой, деген пікірін білдірген. Ал Тоқтар Жақаш «Меніңше, онда тұрған дәнеңе жоқ. Қазір бүкіл әлемде слэнг дамып келеді. Мұны да қазақша слэнг деп қабылдау керек” деген көзқараста.
Жетпісінші-сексенінші жылдардың төлдері Қазалыдан шығатын кәмпиттің дәмін ұмыта қоймаған шығар. Дүкендерде адамның жанынан басқаның бәрі сатылатын қазіргі заманның балаларына ол кәмпиттің дәмін аңыз қып айтқанмен, сене қоймас. Жақын күндері Фейсбукта Жасұлан Серіков  «Қазалы кәмпиті. Бренд болып келе жатыр” деп балалық шағымыздың тәтті естелігінің суретін жариялады. Ұзын-сонар коментарийлердің тізбегін түзушілердің қатарында  Жаңагүл Жүрсін «О, таныс кәмпит! Дәмі өзгеріп пе? Бұрынғыдай болса, алар едім”, депті. Ал  Ақназар Әбдімәліков «балалық шағымда мектептен келе жатып кірпіш зауытқа соғып, пештен жаңа шыққан кәмпитті газетке орап жейтінбіз, қазір үйге базарлыққа келіп тұрады” деген жылы естелігімен бөліскен. Кейбіреулер біздің «ащы кәмпитті” сәлемдемемен салып жіберуді сұраса, енді біреулер оны нарыққа шығару туралы ұсыныстарын жазған. 
«Шымкентте той серуеніне автобуспен шығу сәнге айналды” деген постты жұртпен бөліскен Ғалымбек Жақсылықов бұған «Жақсы бизнес идея”  деп баға берсе,  пікір білдірушілердің бірі  Айгүл Жаханова «Мейлі не істесе де ермеміз ғой. Бір кезде пойыз да жалдар. Бірақ «аттыға еріп жаяудың таңы айырылыптыға” жетпесек болғаны. Тікұшақпен қыдырып, шетелде той жасайтын қазақ емеспіз бе?! Алайда соның бәрінің сұрауы барын неге түсінбейді екенбіз”, деген.
Фейсбукшілер Украинадағы жағдайды, шоу-бизнестегі жаңалықтарды,  ұстараның жүзіндей өткір дін тақырыбын, футбол жайлы ұдайы талқылап отырады. Біздің елеп-екшеп көрсеткеніміз теңіздің тамшысындай ғана бөлігі.
Ал, бейсенбінің кешінен бері Фейсбуктің қазақ тілді лентасы қара жамылып тұр деп айтуға болады. Фариза ақынынан айырылған жұртшылық бір-біріне көңіл айтуда. Ақынның ізінен ерген іні-сіңлілері естеліктерін жариялап, поэзия патшайымының бейнесін бұрынғысынан да биіктетіп әкетті.
Фейсбукті шолып шыққан 
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз