АЗАМАТТЫҚ БОРЫШҚА АДАЛ БОЛАЙЫҚ

66

0

Аймақтағы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарының аяқталу қорытындысын жасау және күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарына тапсырма беру жөнінде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте мәжіліс болып өтті. Бірқатар жергілікті басшылар мен қалалық, аудандық шақыру комиссиясы мүшелері бас қосқан жиында төрт мәселе қаралды.

Бірінші мәселе биылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарының аяқталу қорытындысы болды. Бұл турасында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Арал Есмамбетов хабарлама жасаса, әскери қызметке шақыру барысын медициналық тұрғыда қамтамасыз ету жайын облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Серғазиев сөз етті. Жиын барысында қала және аудандардағы шақыру пункттерінде зерделеніп іріктелген әскерге шақырушылармен қамтамасыз ету мәселесін шекара қызметі 2019 әскери бөлімінің командирі Владимир Колпаков қозғады. Ал, әскери қызметке шақыруды жасақтау туралы Ішкі істер министрлігі ішкі әскер Ұлттық ұланының 5547 әскери бөлімі штаб бастығының аға көмекшісі Дархан Әбдіқаев мәлімдеме жасады.

Биылғы көктемгі әскери шақырту жұмыстары сәуір мен маусым айлары аралығында жүргізілген. Бұл аралықта аймақ бойынша 1156 азамат медициналық комиссиядан өтсе, оның 304-нің денсаулығы әскерге баруға жарамсыз болып отыр. Ал, 39 азамат Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартқан. Дегенмен, берілген меже толығымен орындалып, ел қорғауға қабілетті 512 азамат әскер қатарына жіберілген. Десе де, бұл салада әлі күнге дейін өз деңгейінде орындалмай келе жатқан мәселелер жеткілікті.

«Бүгінде әскерге шақырту кезінде азаматтардың денсаулығына, дене бітімі, білімі мен отбасылық жағдайына байланысты әскер түрлеріне дұрыс тағайындалмауы, сондай-ақ, олар жайында алдын ала іріктеу жұмыстарының жүргізілмеуі саладағы басты қателіктер болып отыр. Осының салдарынан биыл арнайы құқықтық статис­тика тексеру барысында облыс бойынша 14 әскерге шақырылушының туыстарының істі болғандығын анықтады. Оның ішінде 6 әскерге шақырылушының өзі істі болған. Бұл азаматтарды режимдік командаларға тағайындағанда оларға арнайы тексерудің жүргізілмегендігін көрсетеді», – деді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Арал Есмамбетов.

Жан-жақты мәселелерді талқылаған жиында аудандық бөлімдердің де жұмыстары сараланды. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Әлімжан Ерниязов Арал, Қазалы, Жалағаш аудандарындағы жұмыс қарқыны бәсең екендігін жеткізе отырып, азаматтарды әскерге шарқырту барысында оларды толық, алдын ала зерделеу керектігін баса айтты. Сондай-ақ, жиынға қатысқан тиісті басшыларға жіберілген кемшіліктерді қайта болдырмаудың жолын қарастырып, күзгі әскери қызметке шақыруда сапалы жұмыс жасауға үндеді. Айта кету керек, осы күзгі шараға 3130 азамат шақырылады деп күтілуде. Бұл шара желтоқсан айының 23-ші жұлдызына дейін жүргізілетін болады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз