Азаматтық процестік кодекс жаңашылдықты көздейді

293

0

Азаматтық процестік кодекс жаңашылдықты көздейді31 қазан 2015 жылы Елбасы қол қойған жаңа Азаматтық процестік кодекс 1 қаңтар 2016 жылы қолданысқа енгізілді. 
Жаңартылған Азаматтық процестік кодекс «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарында көзделген шараларды тәжірибеде іске асыруға мұрындық болды. Жаңа Кодексті қабылдау заң үстемдігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып қана қоймай, Қазақстан Республикасының құқықтық кеңістігін түбегейлі жақсартты. Ол барлық заманауи негізгі институттарды сақтап қана қоймай, сонымен қатар қазақстандық құқықтық тәжірибені әлемдік озық стандарттарға жеткізетін өзгерістерді енгізді.
Жаңартылған Азаматтық процестік кодексінің мақсаты – азаматтардың және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта тиімді қорғау, дауларды қарау мен шешудің жеделдігін арттыру, сот актілерінің сапасын қамтамасыз етуді көздейді. Жаңа Кодекс 58 тараудан және 505 баптан тұратын мемлекеттің құқық жүйесіндегі азаматтық дауларды қараудағы тың бастамаларды және халықтың сот төрілігіне қолжетімділікті қалыптастыратын заңнамалық акті. 
«100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарының 16-қадамы бойынша азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот төрелігі жүйесін үш сатылы жүйеге көшіру арқылы сот жүйесі сатылары оңтайландырылды. 
Сот актілерін қайта қарауды жүзеге асыратын әрбір саты үшін белгілі бір шектеулер белгіленген. Апелляциялық саты сот актілерін толық көлемде қайта қарауды жүзеге асырады, бірінші сатыдағы соттың жіберген ағаттықтарын толықтырады, егер олар бірінші сатыдағы сотқа дәлелді себептермен ұсынылмаған жағдайда дәлелдемелерді қабылдайды. Өтініш беретін субъектілер мемлекеттік бажды төлеуден босатылады. Мәні бойынша қаралмаған, не жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде қаралған істерді қоспағанда істі үш судьяның алқалы құрамында апелляциялық сатыда қарау көзделген. Кассациялық сатыдағы сот актілерін құқық бойынша тексеру жүзеге асырылады, кассациялық өтінішхат беру мерзімі 6 айға дейін қысқартылған. 
Кодексте Ведомствоға бағыныстылығы және соттылығы тарауында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың қарауына жатқызылған істер санаттары кеңейіп, инвестициялық қызметпен байланысы жоқ, инвестордың қатысуымен туындаған даулар бойынша соттылығы анықталған. Соның ішінде, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар жасы кәмелетке толмаған баланың әкелігін анықтау және одан алимент өндіруден, жасы 14-тен асқан, 18-ге толмаған кәмелетке толмаған балалардың өз түсімдеріне өз бетімен билік ету құқығын шектеу немесе осы құқықтан айырудан, кәмелетке толмаған баланы толық әрекет қабілеттілігіне ие деп танудан, әкелікті анықтаудан және баланы асырап-күту үшін тұрақты ақшалай сомада не пайыздық мөлшерде алимент өндіруден, алимент мөлшерін төмендетуден, жасы кәмелетке толмаған балалардың тұрғын үй, еңбек құқықтарын қорғаудан туындайтын даулар бойынша азаматтық істерді қарайтыны бекітілген. Мамандандырылған соттың кәмелетке толмаған балаға қатысты істі қарау шеңбері кеңейтілген.
Сонымен бірге, бұған дейін азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралып келген даулар сот ісін жүргізу тәртібімен қаралмайтыны айқындалды. Атап айтқанда, жаңа Кодексте қылмыстық істі қарау барысында қылмыстық қудалау органымен, мүлікті тәркілеу, заңсыз жолмен алынған немесе заңсыз жолмен түскен қаражаттарға алынған, қылмыс құралы болып табылатын мүлікті мемлекет пайдасына аудару жөнінде сот үкімі негізінде, әкімшілік құқық бұзушылық құралы болып табылатын мүлікті тәркілеу туралы сот қаулысының негізінде салынған тыйым салулардан босату туралы істер азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралмайтыны бекітілген.
Осы тарауда азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын дауды (жанжалды) медиация, партисипативті рәсім тәртібінде шешу немесе арбитраж қарауына жіберу мүмкіндігі анықталған.
Мемлекет басшысы судьялардың VI съезінде сот тәртібінде қарауға жататын даулар санын қысқарту, оларды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, отандық сот төрелігін қалпына келтіру мүмкіндігін беретін татуласу рәсімдерін және медиацияны дамыту маңыздылығын атап көрсеткен болатын. Кодексте алға қойылған міндеттерді орындауда дауларды реттеудің соттан тыс және сотқа дейінгі тәртібіне, соттағы татуласу рәсімдеріне көңіл бөлінген. 
Істердің жеке санаттары бойынша дауларды сотқа дейін реттеудің міндеттілігі көзделген.Дауды сотқа дейін реттеу тараптарға дауды (жанжалды) қысқа мерзімде, материалдық және моральдық аз шығындармен шешуге мүмкіндік береді.Тараптар шарттарда дауды медиатормен, нотариуспен немесе авдокатпен сотқа дейінгі  реттеу міндеттілігін қарастыра алады.
Дауды сотқа дейінгі тәртіпте шешуге тараптарды ынталандыру үшін сотқа дейінгі дауды реттеуде кінәлі тараптың келтірген шығындарды өтеуі,   жауапкер кінәлі болмаған кезде талап қойылған жағдайда сот шығындарын өтеуден бас тартуы, ұтылған тараптың жұмыс уақытын жоғалтқаны үшін шығындарды өтеуі, жеке санаттағы істер бойынша мемлекеттік баж мөлшерінің көбеюі көделген. 
Жаңа Азаматтық процестік кодекспен жаңа ұғым – «партисипативтік рәсім» кезінде дауды реттеу ұғымы енгізілді. Бұл тараптар мен олардың адвокаттарының қатысуымен жүзеге асырылатын рәсім. Жыл басынан бері 10 іс партисипативті тәртібімен қаралған.
Тараптарды процестің ерте сатысында келісім жасауға ынталандыру үшін мемлекеттік баж бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда толық көлемде, кассациялық және қадағалау сатыларындағы соттарда – бастапқы төленген соманың 50% мөлшерінде қайтарылатыны бекітілді. 
Сонымен бірге, жеңілдетілген іс жүргізу талаптарының шеңбері кеңейтілген. Үш күн ішінде қаралатын бұйрық арқылы іс жүргізу талаптар тізбесі 11-ден 18-ге дейін, бір ай мерзімде қаралатын жазбаша іс жүргізу 2-ден 12-ге дейін кеңейтіліп, азаматтарға қысқа мерзімде сот төрелігіне қол жеткізу мүмкіндігі берілген.   
Заңды тұлғалар үшін есептік көрсеткіштің жеті жүз және жеке тұлғалар үшін екі жүз шегінде ақшаны өндіріп алу туралы талаптар, сондай-ақ соттан тыс жасалған келісім бойынша міндеттемелерді мәжбүрлеп орындату туралы талаптар ауызша талқылауды жүргізусіз тараптардың жазбаша құжаттарының негізінде жазбаша іс жүргізуде қарастырылады. Мұндай шаралар күрделі емес дауларды жедел қарауға және шешуге мүмкіндік береді, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру процесін жылдамдатады. 
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде талап арызды (арызды) сот өндірісіне қабылдау мәселесіне қатысты өзгерістер енгізілген. Судья талап қою арызы келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені шешеді. Талап арыз талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, қозғалыссыз қалдырып, кемшіліктерді жою үшін мерзім беру нормасы алынып тасталған. 
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 153 бабына сәйкес, егер жауапкер істі дайындау сатысында істі сот талқылауына дайындау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланбауы себебінен сот талқылауына қатыспаса, сот талқылауы барысында қарсы талап қою қабылдануы мүмкін. 
Азаматтық процестік кодексте іс жүргізу мерзімдеріне қатысты біршама өзгерістердің енгізілгенін айта өту қажет. Мәселен, істі сот талқылауына дайындау мерзімі де ұзартылған. Оған сәйкес, азаматтық істерді сот талқылауына дайындау, егер осы Кодексте және басқа да заңдарда өзгеше белгіленбесе, талап қою арызы соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Сот Кодекстің істі сот талқылауына дайындау барысында 165 бабының талаптарын орындауға міндетті.
Ерекше іс жүргізу және ерекше талап қоюмен іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер бойынша сот арыз қабылданған уақыттан бастап 10 жұмыс күні ішінде сот мәжілісіне дайындық жүргізеді.
Апелляциялық шағым беру мерзімі түпкілікті шешім қабылданған уақыттан бастап 1 ай мерзім ішінде берілуі мүмкіндігі бекітілген.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күні аталмыш кодекс соттардың қарауындағы істерді оңтайландырып, тиімділігін арттырып, қазақстандық сот жүйесіндегі ашықтық пен қолжетімділікке бастайтын заңнамаға айналды.
Нұрлан  ҚАЙЫРБЕКОВ, 
Қызылорда облыстық сотының төрағасы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз