Азаматымен ажарлы ауыл

103

0

Азаматымен ажарлы ауылДана
халқымыздың «Көпті көргеннен сұра» деген ойлы сөзін жиі естисің. Бұл қарттарға
қоса білікті де көкірегі ояу жастардың ақыл-санасына сүйсінгеннен айтылғаны
анық. Әңгімемізді осылайша бастауымыздың мәнісі тереңде жатыр.

Шығыс жастарының жалынды
жетекшісі Ғани Мұратбаевтың есімі баршаға мәлім. Жасындай жарқылдаған азаматтың
ғұмыры қамшының сабындай қысқа болғанымен, соңында мәңгі жарқыраған жұлдызы,
өшпестей атағы қалды. Небары 23 жыл өмір сүрген оның тындырған тірліктері
ғасырға бергісіз.

Бір сәт тарихқа шолу жа­сайық­шы.Ғани Мұратбайұлы– пе­­да­­­гогикалық
училищенің оқы­ту­шысы. Жетісудағы комсомол ұйымының негізін қалаушы. Түр­кістан
комсомолы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы. РКСМ Орталық Комитетінің бюро
мүшесі. Коммунистік Жастар Интернационалы Атқару Комитетінің Шығыс бөлімі
меңгерушісі қыз­меттерін атқарды. «Жас алаш» газе­тін ұйымдастырғанда Ғани небары 19 жаста екен. Дауылпаз ақын Ілияс
Жансүгіровтің: Азаматымен ажарлы ауыл«Ғани жиналыста «жастардың газе­тін шығару керек» деген ойды
көпшіліктің ортасына тастады. Бәрі мақұлдады. Бұл жұмыс оның өзіне тапсырылды.
Мен хатшылық міндетін мойныма алдым. Өзге де азаматтар атсалысты. Ғани қаға­зын,
ақшасын тапты. Осылайша қазақ жастарының тұңғыш га­зеті «Жас алаш» Ұлыстың ұлы
күні жарыққа шықты» деген ес­те­лігі баршаға мәлім. Қазалы өңі­ріндегі Ғанидың
мыңдаған іні-қа­рындастары өздерін
жақсының жал­ғасы санайды. Олай болуы заңды да.

Аудан орталығына жақын қоныс Ғани Мұратбаевтың есімі­мен
аталады. Жерлестері өздерінің саңлақ перзентін ешқашан жады­нан шығарған емес.
Оған Ғани­дың туылғанына 110 жыл толуына орай өткізілген шара дәлел. Рес­­публикамыздың
түкпір-түк­пі­рі мен көршілес Ресейден арнайы келген қонақтардың қа­ты­­­суы
тойдың маңы­зын аша түсті. Аз ғана уақытта елді мекен келбетті шаһарға айналды.
Жол айрығындағы «Таға» маңдайшасы
алыстан көз арбайды. Түнгі жарықпен қамтылған бейнесі тым көркем. Жолдың
екі қапталындағы билбордтар, жасыл белдеулер жан жадыратады. Ауыл көшелері,
мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Ауласы абаттандырылды. Көптеген
шаруаның бітуіне кәсіпкер азаматтар қол ұшын созды. Мынау – «Атамекен» алаңы.
Оның аталуының өзі кеудеңе жігер құяды. Кіреберістегі «Тәуелсіздік» стелласы
маңайға нұрын төгіп тұрғандай. Мұқият қоршалған аула, жайқалған гүлдер, түнгі
жарық шамдары, шағын сәулеттік кескіндер жадыңызға ертегідегі Иран бағын
оралтады. Ал ауыл ор­талығы… тіпті ғажап. «Ғани саябағы» мәдени шаралар өткізіле­тін, тұрғындар
тынығатын, балалар ойнайтын демалыс орнына айналған.

Азаматымен ажарлы ауылКенттен таяқ тас­там елді мекенде көптеген әлеуметтік
мәселе шешімін тапқан. Әсіресе, жолаушылар тасымалы жолға қойылған. Ауыз су
«Арал-Сарыбұлақ» топ­тық су құбырына қосылған. Ауыл тұр­ғын­дары телефон байланысымен түгелге жуық қамтылған. Сананы –
тұрмыс билейді. Ауылда жұмыссыз жандар жоқтың қасы. Басым бөлігі «Рза-агро»
серіктестігінде, бюджеттік мекемелерде еңбек етеді. Жеке мал ұстап, ата кәсіпті
жалғастырып отырғандар да жеткілікті.

Ауылына қарап – азаматын таны. Мұратбаев ауылдық
округінің әкімі Берік Бисембаевты көптен білетінмін. Біршама уақыт қарамағында
жұмыс та жасадым. Бәкеңнің көкейіндегісін батыл
жеткізетін дағдысына қанықпын. Кейде тура сөйлеп, туғанына жақпай
қалатыны бар. Әрине, жеке бастың қамы емес, ортақ мүдде үшін. Жарамсақтыққа,
жалғандыққа мүлде жаны қарсы. Кеңес
үкіметі тұсында Бисембаев «Қазақстанның 40 жылдығы” атындағы кеңшарды басқарды.
Ол тұста қаракөл қойын өсірумен ай­налысатын ауылымыздың атағы Одаққа
танымал-тұғын. Шаруашылықтың түтіні түзу ұшуына «Ленин” орденінің иегері Шынтас
Жалғасбаев сүбелі үлес сіңірді. Көкеміз
зейнет демалысына шыққан соң тізгінді Берік ұстады. Атағы Алатаудай ағаның ізін
жалғастыру, жи­наған абыройға дақ түсірмеу оңайға соқпады. Алайда, Әбидің ұлы сас­­қан жоқ. Мол тә­­жірибесіне
сүйен­ді. Қос­шы­ла­рына, ел-жұртына сенді. Өмірден көр­ген-түй­гені мол кө­не­­көздердің ақы­­лы­на құлақ ас­ты. Өзім танитын Берік­тің
жақсы қасиеті қазақылықты, аруақты қатты қадірлейтіні десем, артық емес.
Беріктің кезінде әлденеше жыл қатарынан Жанқожа бабаның Қызылқұмдағы бейітіне халық­тың зияраттауына
көлік ұйым­дастырғанын, батырдың әкесі Өтеген – Нұрымбеттің қорымына
түнеухана, орталықтан «Сарқұл қожа» мешітін салдырғанын Арықбалықтың халқы
әліге шейін ұмыта қойған жоқ. Өлі риза
болмай, тірі байымайды. Мүмкін
азамат еңбегінің берекелі болуының де сыры осында жатқан шығар…

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы,

Мұратбаев ауылы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз