ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНДЕРІ-АЙ

69

0

Кеше Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Қазақтың келіндері-ай» атты салтанатты шара өтті.

Ата-енесін ардақ тұтып, әулетінің береке-бірлігін арттырып, ынтымағын жарастырып, туған-туысына келінге тән иба, әдебімен жаққан келіндерді көпшілікке үлгі қылу, оларға құрмет көрсету мақсатындағы шараға облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы қатысты.

Салтанат сахнасына көтерілген облыс әкімінің орынбасары шараның көпшілік үшін, әсіресе жас буын үшін маңыздылығын атап өтіп, игілікті істі алғаш болып қолға алған облыстық ардагерлер кеңесіне алғысын білдірді.

– Құрметті қауым, бүгін, міне, біздің елде «Қазақтың келіндері-ай» деген аты да, заты да, мазмұны да ерекше шара өтіп жатыр. Бұл қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрді берік сақтанған Сыр елі үшін мақтануға тұратын бастама және көпшілікке, өзге аймақтарға, тіпті, республикаға үлгі ретінде көрсетуге, таратуға лайықты шара деп ойламын. Осы бастаманы ұйымдастырып, басы-қасында жүрген облыстық ардагерлер кеңесіне, оның басшысы Сейілбек Шаухаманов ағамызға алғысымыз шексіз. «Отан отбасынан
басталады» дейді. Олай болса, қазақ отбасында келіндерге жүктелетін
жауапкершіліктің жүгі ауыр. Сондықтан да керегемізді алтын қылып отырған үлгілі
келіндерді қалай құрметтесек те жарасады,– деп атап өтті Рауан Кенжеханұлы.

Өз кезегінде
сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов шараның
мән-мағынасына тоқталды.

– Кешегі қыз,
бүгінгі келін, ертеңгі ана, арғы күнгі әже. Қазақ: «Келіннің аяғынан, қойшының
таяғынан» – деп бекер айтпаса керек. Отбасын отбасы етіп, әулетті әулет етіп,
елді ел етіп отырған осы аналар – келіндер. Халқымыздың бар жақсы қасиеттерін,
тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін дарытушы, дамытушы,
насихаттаушысы да әйел, ана, келін. Сондықтан облыстық ардагерлер кеңесі
үстіміздегі жылдан бастап өңірімізде келіндердің байқауын, таңдауын жүргізіп,
жариялылығын қамтамасыз ететін болады, – деді Сейілбек Шаухаманов.

Таңдаулы
келіндерге «Қазақтың келіндері-ай» арнайы дипломы табысталып, «Үлгілі келін»
алқасы тағылды және сыйлықтар берілді. Сонымен бірге үлгілі келіндердің
есімдері облыстық ардагерлер кеңесінде ашылған «Құрмет кітабында» жазылды.

Игі шара Сыр
өнерпаздарының концертімен жалғасты.

 

Айнұр
БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз