БАЛАНЫҢ ТАМАҒЫНАН бал жалағысы келген

56

0

 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінде өткен жиында сотқа дейінгі тергеу қызметінің биылғы бес айда атқарған жұмыстары қорытындыланды. Бұл туралы департаменттің сотқа дейінгі тергеу басқармасы басшысының орынбасары Руслан Яғымұсов пен басқарманың ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы Бақытжан Ниязов әңгімелеп берді.

Есепті кезеңде сотқа дейінгі тергеуге122 қылмыстық іс тіркеліп, өндіріспен аяқталған жетпіс жеті істің он төрті сотқа жолданған. Мемлекетке келтірілген 17,4 млн теңге залалдың тергеу барысында қолданылған шаралар нәтижесінде 17,3 млн теңгесі өндірілген.

Жыл басынан бері алпыс бір сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, үш жүйелі сыбайлас жемқорлық дерегі анықталса, парақорлық фактісі бойынша тіркелген 24 қылмыстық істің тоғызы пара алу, он төрті пара беру, қалған біреуі парақорлыққа делдал болу. Мысалы, Шиелі аудандық қазынашылық бөлім басшысының парақорлық әрекеті әшкереленіп, сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан айырылған. Ол ауданның бір мемлекеттік мекемесі қызметкерінен анықталған заң бұзушылықты уәкілетті органдарға хабарламау үшін 400 мың теңге пара алған. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі облыстық аумақтық инспекциясының басшысы мен орынбасарларына мемлекеттік сатып алу бойынша жеңімпаз деп тану үшін кәсіпкерден 300 мың теңге пара алу дерегіне қатысты қозғалған қылмыстық іс тергеуі аяқталып, орынбасар шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылса, басшының қылмысы сотқа жолданған.

Департамент қызметіндегі өте маңызды мәселе – аса ірі мөлшерде мемлекет
пен азаматтарға мүліктік залал келтіретін, қылмыстық топтармен жасалатын жүйелі
сипаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жою. Мысалы, Қызылорда қалалық білім
бөлімі орталықтандырылған бухгалтериясының бас есепшісі мен есепшісі алдын ала
сөз байласып, ұзақ уақыт жүйелі түрде орта мектептердің бастауыш сыныптарындағы
тұрмысы төмен оқушылар мен 1-2 сынып оқушыларын тамақпен қамтамасыз етуге
берілетін қаражатты иемдену үшін мемлекеттік сатып алудан жеңімпаз болып
танылған 10 кәсіпкерден тапсырыс сомасының 10-15 пайызы көлемінде пара алып
отырған. Пара алушы тұлғалармен бірге өз еріктерімен пара беруге мүдделі болған
кәсіпкерлерге де сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Тағы бір мысал, облыс бойынша қаржылық бақылау инспекциясы басшысы
орынбасарының жүйелі парақорлық әрекеті әшкереленіп, оның қарамағындағы төрт
бақылаушы-тексеруші де жауапкершілікке тартылуда екен. Орынбасар қарамағындағы
бақылаушы-тексерушілерден тексеру қорытындыларын еш кедергісіз келісу үшін 110
мың теңге пара алған.

Есептік кезеңде мемлекеттік және басқа мекемелерге сыбайлас жемқорлық
қылмыстарын жасауға мүмкіндік туғызатын себеп-салдар мен заң бұзушылықтарды жою
үшін енгізілген 68 ұсыныстың 56-сы қаралып, нәтижесінде қырық сегіз лауазымды
тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде үшеуі мемлекеттік,
төртеуі атқарып отырған қызметтерінен босатылса, алтауына қызметіне толық
сәйкес еместігі туралы ескертілген. Ал өзгелеріне сөгіс және қатаң сөгіс жазалары
қолданылған.

Департаментте бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылауда да
мақсатты жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік сатып алу барысындағы сыбайлас
жемқорлық көріністерін жою туралы ұсыныс және ескерту хаттары дайындалып,
тиісті органдарға ұсынылады. Бұл қызметпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет
құрылымындағы арнайы бөлімше айналысады. Өткен бес айда жүргізілген талдау
мәліметтері мен мониторинг негізінде жолданған он жеті ұсыныс хат бойынша
мемлекеттік органдармен бірқатар мемлекеттік сатып алу конкурстары тоқтатылып,
бағаларды қайта қарауға жүргізілген бақылау нәтижесінде 156,4 млн теңге бюджет
қаражаты үнемделген. Сондай-ақ анықталған он әкімшілік құқық бұзушылықтың
алтауы сыбайлас жемқорлық сипатында болып, 277,8 мың теңге әкімшілік айыппұлдың
185,5 мың теңгесі бюджетке өндірілген.

Айта кетер мәселе, Үкіметтің өткен жылғы қаулысымен бекітілген сыбайлас
жемқорлық құқық бұзушылық фактісін хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы
күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидалары бар.
Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек бүкіл қоғамның қолдауымен
ғана тиімді болмақ.

 

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз