БАЛАҢЫЗ МЕКТЕПКЕ ӘЗІР МЕ?

45

0

Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Бұл –
ата-ана үшін қарбаласқа толы сәт. Бар ықыласын салып, баласының мектепке сақадай
сай болып баруы үшін қолдан келгенін жасауда. Ал, базарға бағыт бұрсаңыз,
мектеп формасы мен оқу құралдары самсап тұр. Оқушыға қажеттінің бәрін табуға
болады. Бірақ қаражаты да қалта қағарлық. Сонымен балаңыз мектепке дайын ба?

Негізінен еліміздегі білім ошақтарында жалпыға бірдей мектеп формасы туралы талап
қойылмайды. Сондықтан әр мектеп өз ерекшеліктеріне сай киім үлгілерін киюді жөн
санайды. Кейбір мектептерде ұстаздар мен ата-аналар бірігіп арнайы тігін шеберханаларымен
келісімге келіп, бірдей формаға тапсырыс беріп жатады.

Осы орайда қаладағы Т.Есетов атындағы № 264 мектебі
оқушыларының бірыңғай мектеп формасына өткеніне бір жылдың жүзі болыпты. Білім
ошағы қаладағы «Жібек” тігін шеберханасымен келісімшартқа отырып, тапсырысты
сонда береді екен.

– Оқушылардың
бірдей мектеп формасын кигені дұрыс. Себебі, мектеп формасы оқушының оқушы екенін айқындап тұрады. Біздің
форма қою көк түсті. Қыздарға ақ көйлек, белдемше, жакет болса, ер балдар ақ
жейде мен шалбар киеді. Мектеп формасын «Жібек” тігін шеберханасы тігеді. Біз
үлгісін көрсетеміз. Кейбір ата-аналар өздері қалаған орындарда дайындап алады.
Ал, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына өзіміз көмек қолын созамыз, –
дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанғабыл Сарыбаев.

Одан әрі мектеп формасы мен құралдарын сататын бірнеше
дүкенге бас сұқтық. Сатушылардың саудасы қызып тұр. Мектеп формасының сатылым
кезеңі болғандықтан сұраныс көп. Қымбат болса да, баласы қалап тұрған соң
ата-ананың амалы қалмайтыны белгілі. Қыздарға арналған ақ жейдесі, белдемшесі
және жакетімен қосылып сатылатын үлгілері кем дегенде 8-9 мыңнан жоғары болады. Ер баланың ақ
көйлегі 3000-3500 теңге болса, шалбары 4000-5000 теңге көлемінде. Бастауыш
сынып оқушыларына арналған түрлі-түсті қарындаштар 200 теңгеден жоғары болса,
қалың дәптерлер – 45, ал, жұқасы 10 теңгеден саудаланып жатыр. Сапалы жақсы
сөмкелерді 6000-7000 теңгеден алуға болады екен.

Сондай-ақ, ата аналардың да пікірін білуді жөн
санадық.

– Жаңа оқу жылына әзірленіп жатырмыз. 7,8-сыныпта
оқитын ұлым мен қызымды ертіп шықтым. Қызымның ақ көйлек пен белдемшесіне 10
мың теңге жұмсадым. Аяқ киімі мен сөмкесі және басқа да керекті заттары 18 мың
теңге болды. Қазір барлығы қымбат. Тіпті, оқуға қажетті құралдарының бағасы да
шарықтап кеткен. Ұлыма да керекті заттарын
алдық. Оны бас-аяғы 28 мың теңге көлемінде киіндірдім, – дейді дүкеннен сауда
жасап шыққан ата-аналардың бірі Айдын Иманқожаева.

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз