БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ЖАҢА БЕЛЕСТЕ

39

0

Сәрсенбі
күні «Сыр медиа” жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі жанындағы облыстық ком­муникациялар
орталығында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының биылғы бірінші
жартыжылдықтағы атқа­рылған жұмыстарына арналған баспасөз мә­жі­лісі болып
өтті. Бұл турасында басқарма бас­шысының орынбасары Бағдат Қаленов баян­дап
берді.

Бағдат
Кенжебайұлының айтуынша, аймақта бұқаралық спортқа үлкен мән беріліп, көптеген
шаралар қолға алынуда. Соның нәтижесінде дене шынықтыру және спортпен жүйелі
түрде шұғылданушылар саны 172 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіш облыс халқының 23,4
пайызын құрайды. Тұрғындар бұқаралығын арттыру үшін облыстық бюджеттен 103,6
млн. теңге бөлінген. Қазіргі таңда спорт нұсқаушылары жүз қырықтан астам елді
мекеннің қырық бір мыңның үстінде тұрғынын тұрақты дене шынықтырумен
шұғылдануға жұмылдыруда. Сөзіміз дәлелді болу үшін цифрларға жүгінсек, жыл
басынан бері салауатты өмір салтын насихаттау бағытында 752 спорттық-бұқаралық
шаралар өткізіліп, оған жүз сексен екі мыңдай адам қамтылған. Кәмелетке
толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау мен қылмыстылықтың алдын алу
мақсатында өткізілген шараға он сегіз мың жасөспірім қатыстырылса, жүз елудей
ұлттық спорт түрлерінің сайыстарына жиырма алты мыңнан астам спортшы қатысыпты.

Ұлттық
спорт түрлерінің ішінде қазақ күресінің алар орны ерекше. Биыл бесінші рет
ұйымдастырылған боз кілем жампоздарының елді мекендерден бастау алған
бәсекесіне жеті мыңнан астам палуан қатысты. Осынау аламанның облыс орталығында
өткен ақтық сынында Руслан Әбдіразақов «Сыр барысы”, ал Айбек Серікбаев «Сыр
арланы” атанған еді. Енді олар күні ертең, 29 маусымда Астана қаласында ҚР
Президентінің жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан барысы” додасында облыс намысын
қорғайтын болады.

Жасөспірімдер
арасында «Бәрің де жарысқа!” және «Нашақорлыққа жол жоқ!” атты көңілді старттар
өткізу дәстүрге енген. Онда 1-11 сынып оқушылары жарыс жолына шығады. Аталған
шараға биыл барлығы жеті мыңдай жасөспірім тартылыпты.

Мектеп
оқушылары арасында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” АҚ жүлдесі үшін
баскетболдан облыстық турнир, КСРО спорт шебері Т.Сегізбаев жүлдесі үшін
жасөспірімдер арасында футболдан республикалық турнир, Кеңес Одағының Батыры
Т.Көмекбаевты еске алуға арналған самбодан халықаралық турнир, бұдан басқа
шахмат, футзал сайыстары, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептер, колледж және
жоғары оқу орындары мен мемлекеттік мекеме, департамент, комитет
қызметкерлерінің дене тәрбиесі даярлығы бойынша «Президенттік сынама” қабылдау
айлығы, Байқоңыр қаласында Елбасы жүлдесі үшін V облыстық халықтық спорт
ойындары өтіп, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстары оң
шешімін тапқан.

Облыс
спортшылары өткен алты айда ҚР чемпионаттарында 244 медаль олжаласа, оның
сексен үші алтын, елу екісі күміс, жүз тоғыз қола медаль. Жүлделер жиынтығы
екінші жартыжылдықта еселене түседі деген үміттеміз. Тамыз айының 17-21-і
аралығында Қытайдың Нанджинг қаласында жасөспірімдер арасында олимпиада
ойындары, 19 қыркүйек-4 қазан аралығында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында
ХVІІ Азия ойындарының жалауы желбірейді. Осынау байрақты бәсекелерде Сыр
саңлақтары намысты қолдан бермейтіндігіне сенімдіміз.

Баспасөз
мәжілісінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары
Бағдат Қаленов журналистер сауалдарына жауап қайтарды.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз