БАСТАМА ТҰРҒЫНДАР МҮДДЕСІН КӨЗДЕЙДІ

73

0

2015 жылдың қараша айында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабыданды. Аталған заң жобасы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың айқындаған бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-ші қадамын іске асыру шеңберінде әзірленді. Заң жобасын дайындау барысында үздік халықаралық тәжірибе мен әлеуметтік әділеттілік қағидалары қолданылды.

Жаңа Заңға сәйкес азаматтарға медициналық қызметтің 2 түрлі пакеті ұсынылады. Біріншісі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Пакеттің құрамына жедел-жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді. Сонымен қатар, 2020 жылға дейін өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған (салық органына өзін-өзі қамтыған азамат ретінде немесе әлеуметтік сала органдарында жұмыссыз ретінде тіркелмеген, қорға жарна төлемейтін) тұрғындарға республикалық бюджеттің есебінен амбу­латорлық-дәрілік қамтамасыз етіле­тін амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қарастырылған. Екіншісі – жаңа­дан құрылатын медициналық сақтан­дыру Қоры ұсынатын сақтандыру паке­ті. Оған абулаторлық-емханалық кө­мек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызды ауруларды есептемегенде), ста­ционарлық көмекті алмастыратын көмек (әлеуметтік маңызды ауруларды есептемегенде), қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, пал­лиативтік көмек және мейірбикелік қарау мен жоғары технологиялық көмек кіреді. Аталмыш пакетті алу құқығы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы ҚР азаматтарына, ҚР аумағында тұрақты өмір сүретін және қорға жарналар төлейтін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен, әлеуметтік осал топ мүшелері үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер – жүмыскерлер мен жалдамалы жұмысшылар үшін аударымдар және қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін жарна төлейтін болады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры – міндетті ай сайынғы жарналарды шоғырландыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілген медициналық қызметтерге уақытылы ақы төленуін қамтамасыз ету және еліміздегі медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында құрылады. Оның құрылтайшысы және бірегей акционері ҚР Үкіметі болып табылады.

Мемлекет төлейтін әлеуметтік осал топ үшін жарнаның мөлшерлемесі статистика саласындағы уәкілетті орган айқындайтын соңғы екі жылдағы орташа айлық еңбекақының мөлшері негізінде есептелінеді, және 2017 жылдың 1 шіл­десінен мөлшерлеме көлемінің – 4%-н, 2018 жылдан бастап – 5%-н, 2023 жылдан – 6%-н, 2024 жылдан – 7%-н құрайтын болады. Жұмыс берушілер аударымдары жұмыскерге төленетін жұмыс берушінің шығыстарының2017 жылы – 2%-ы, 2018 жылы – 3%-ы, 2019 жылы – 4%-ы, 2020 жылдан – 5%-ы көлемінде болады. Қызметкерлер жарнасының мөлшерлемесі олардың табысының 2%-н құрайтын болады, аударым 2019 жылы 1%, 2020 жылдан бастап 2% болады. Бұл жарналар сомасы жеке табыс салығын есептеу кезінде шегерілетін болады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) олардың кірісінің 2017 жылы 2%, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 5%, 2020 жылдан бастап 7%-н құрайтын болады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігі қағидасына негізделген. Яғни, мемлекет міндетті медициналық сақтандыру жүйесін мемлекеттік реттеу және қор активтерінің сақталуына кепілдік берумен шектеліп қалмай, заңмен бекітілген әлеуметтік осал 12 топ үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударуды өз мойынына алып отыр.

Міндетті әлеуметтік медициналық қор құрудағы тағы бір өзекті мәселе – медициналық қызмет сапасын арттыру. Аталған заңға сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде азаматтардың алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымын және стационарлық көмек көр­сететін ұйымды таңдауға құқығы бар. Яғни, азаматтарға таңдау еркіндігі беріле отырып, медициналық қызмет көрсетудің рыногы қалыптасады. Медициналық мекемелердің, олардың жұмыскерлерінің және жеке дәрігерлердің өз еңбегінің саны мен сапасына тікелей мүдделілігі пайда болады. Бұл өз кезегінде жоғары сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

 

Бақыт ИСМАХАНБЕТОВ,

медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Қызылорда облысы

бойынша департаменті басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз