БАСТЫ МІНДЕТ – ТҰТЫНУШЫЛАР СҰРАНЫСЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРУ

280

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту қажеттігін тапсырды. Мемлекет басшысы жүктеген осы міндеттің облыста жүзеге асырылу барысы қалай? Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Әбдіхалықовпен жүргізілген сұхбатта осы мәселелер негізгі әңгіме өзегіне айналады.

Ержан Қыпшақбайұлы, Елбасы Жолдауда халыққа коммуналдық қызмет көрсетуді жақсартуды тапсырды. Соның ішінде энер­ге­тика жүйесін жетілдіру қажеттігі де ай­тылды. Жалпы, осы тұрғыдан алғанда біздің облыстағы қазіргі ахуал қандай?

– Шындығында, Елбасы өз Жолдауында еліміздің экономикасындағы құрылымдық ре­формаларды жалғастыруға бағытталған Жа­ңа Экономикалық Саясат туралы жария­лады. Жолдауда айтылғандай, соңғы жылда­ры энергетикада ауқымды жұмыстар жүргі­зіл­генімен, магистральдық желілердің шектеу­лі­лігі елдің оңтүстік өңірлерінде электр энер­гиясының тапшылығын туындатып отыр.

Жалпы, біздің облыста электр энергиясы­ның жетіспеушілігі барлығы жасырын емес. Қы­зыл­орда жылу орталығы облысқа қажетті электр энергиясының тек 40 пайызын ғана өндіреді. Ал, қалған 60 пайызды біздер сырт көзден сатып алуға мәжбүрміз. Бүгінде облыс аумағында барлығы 9108 шақырым әуелік және кабельдік электр желілері, 117 қосалқы және 1433 трансформаторлық станциялар бар. Соңғы отыз жылдан бері облыстың электр энергетикасын дамытуға жеткілікті қаржы бөлінбеуінен аталған электр нысандарының 70 пайызының тозығы жеткен. Дейтұрғанмен, соңғы төрт жылда еліміздің экономикасының тұрақты өсуінен 3,9 млрд. теңге қаржы бөлініп, жүйелі жұмыстар жүргізілді. Соның ішінде осы уақытта 207 шақырымға жуық электр желілері салынып, 7 тарату пункті мен 22 трансформаторлық стансалар іске қосылды.

2011 жылы жалпы сметалық құны 1444,0 млн. теңгені құрайтын «Қызылорда облы­сының аудан орталықтарын электрмен жаб­дықтау жүйесін дамыту” жобасы әзірленіп, үш жылдық мерзімде жеті аудан орталығының электрмен жабдықтау жүйесін дамытуды қамту жоспарланды. Атап айту керек, бұл көптеген жылдан бері аудан орталықтарының электр жүйесін қайта жаңғырту бағытында қолға алынған ауқымды іс болды. Үш жылда бұл жобаға барлығы 1226,3 млн. теңге қар­жы бөлініп, Арал, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарының орталықтары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқта­лып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Арал ауданы Жақсықылыш елді мекенінде электр жүйелері жаңғыртылды.

«Қызылорда қаласында «ПС-35/10” кВ-тық «Жаңаарық”, «Тасбөгет”, «Районнан ко­тельная” қосалқы стансалары қайта жаңғыр­тудан өткізілді. Нәтижесінде Қызылорда қаласының 50 мыңнан астам халқы сапалы және үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етілді.

2014 жылы «Қызылорда қаласының кернеулігі 10/0,4 кВ электрмен қамту жүйесін дамыту” жобасы бойынша өткен жылы бас­талған құрылыс-монтаж жұмыстары аяқ­талды. Бүгінде оны қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса Жаңақорған, Шиелі және Қазалы кенттеріндегі электр жүйелерін дамыту жобалары бойынша жұмыстары аяқ­талуға жақын. Олар іске қосылғанда жоғарыда аталған үш кенттің 65 мыңға жуық тұрғыны сапалы электр энергиясын тұтынуға қол жеткізеді.

Сонымен қатар, биыл «Арал”, «Новоказа­линск” қосалқы стансаларын жаңғырту жұ­мыс­тары жүргізілуде. Нысандар өтпелі, яғни 2015 және 2016 жылдары аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ, 2015-2017 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыруға тиісті министрліктерге жалпы сомасы 7,2 млрд. теңгені құрайтын 11 жоба бойынша бюд­жет­тік өтінім ұсынылды. Осы қаржы бө­лінгенде облыстың энергетика саласын дамытуда кең ауқымды жұмыстар жүзеге асырылатын болады.

Халықты таза ауыз сумен және жы­лумен қамтамасыз етудің барысы жөнінде айта кетсеңіз.

– Жалпы сумен қамту бойынша Елба­сы­ның 2020 жылға дейін ауылдық елді ме­кен­дердің орталықтандырылған ауыз су­ға қолжетімділігін 80 пайызға жеткізу тап­сырмасына сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада алдыңғы қатарда.

Өткен жылдың қорытындысымен облыс бойынша барлық 262 ауылдық елді мекеннің 185-і орталықтандырылған ауыз суға қосылды немесе бұл көрсеткіш 71 пайыз болды. 2012 жылы ол 178 елді мекенді қамтып, 69 пайызды құраған еді.

«Ақбұлақ” бағдарламасы бойынша биылғы жылға барлық қаржы көздерінен 8 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 21 жобаның құрылыс жұмыстарына 4,7 млрд. теңге және ауыз су тарату қызметтеріне берілетін субсидияға 3,3 млрд. теңге бөлінді.

Облысқа трансфертпен берілетін қар­жы­лардан басқа тікелей Су ресурстары коми­тетінің қаржыландыруымен биылға 2,3 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде Жиделі топтық су құбырына 8 елді мекенді қосу жо­басына 1,1 млрд. теңге және Талап топтық су құбырына 1,2 млрд. теңге қаралған.

Сонымен қатар биыл қала мен барлық аудандардың көптеген елді мекендеріндегі ауыз су жүйесін жаңғырту жұмыстары бас­талды. Ал, келер жылы сметалық құны 2,4 млрд. теңге болатын Қазалы аудаының Әй­теке би кенті мен Қазалы қаласының су жүйелерін жаңғырту жұмыстарының құры­лысы басталады. Сонымен бірге Арал-Са­рыбұлақ топтық су құбырына қосылған 10 ел­ді мекеннің ішкі су жүйелерін тұтынушыға дейін жеткізу жобасының құрылысы салына­ды. Сырдария ауданының Сейфуллин елді ме­кенінің тұтынушыға дейінгі құрылысы да жүргізіледі. Жалпы, биыл 28 жаңа жоба 2015-2017 жылдары қаржыландыруға тиісті министрліктерге ұсынылады.

Жылумен қамтамасыз ету мә­се­лесі­не кел­­сек, онда 2014-2015 жылғы жылу беру маусы­мы­на дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында «Қызылордажылуэлектрорталығы” МКК-на об­лыстық бюджеттен 234 млн. теңге қаржы бөлініп 4 қазандық қайта жаңғыртудан өтті. Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде құны 1 млрд. теңгеден асатын қуаттылығы 5,44 ша­қырым жылу желілерін кеңейту жұмыстары атқарылды.

Сонымен қатар жылу беру маусымын үз­діксіз өткізу мақсатында ҚР Үкіметі қорынан «Оңтүстік қазандық” филиалы үшін 16,4 мың тонна мазут алуға 873 млн. теңге және Қы­зылорда жылу электр орталығы үшін газ құнын субсидиялауға 378 млн. теңге бө­лінді. Ал, 2015 жылы құны 665 млн. теңгеге ұзындығы 2,6 шақырымды құрайтын Қызыл­орда қаласындағы жылу желілерін қайта жаң­ғырту бойынша үш жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Облыстық бюджеттен бөлінген 75 млн. тең­геге «Қызылордажылуэлектрорталығы” МКК-сын қайта жаңғырту және кеңейту” жоба­сының мемлекеттік сараптама қорытын­дысы мен техникалық экономикалық негіз­демесі әзірленді. Бұл жоба іске асырылған жағдайда электр қуатын 235 МВт және жылу қуаттылығын сағатына 400 гигокалорияға жет­кізу, сондай-ақ, аймақтың сыртқы энергия көз­деріне тәуелділік жойылып, алдағы уақыт­та құрылысы салынатын индустриялық иннова­циялық кәсіпорындарға қосымша электр энергиясын беруге жол ашады.

Тұтынушыларды «көгілдір отынменқамтамасыз етудің жайы қалай?

– Қазіргі таңда, облыс бойынша Қызылорда қаласының 95 пайызы ілеспе газбен қамтама­сыз етіліп отыр. Ал, облыстың қалған аудан орталықтары мен қала маңындағы елді мекен­дерді газдандыру «Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистральды газ құбырының бойында қарас­тырылған бұрыптар арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Негізі Қызылорда облысын кешенді газ­дан­­дырудың
бірінші кезеңі 2015-2017 жыл­дары аралығында 21 елді мекенді газбен қамтамасыз
ту жоспарлануда. Бұл жұмыстар тиісті дәрежеде жүзеге асырылған жағдайда осы кезеңде
облыс халқының 70 пайызын газбен қамтуға қол жеткізіледі. Аталған тап­сырманы
жүзеге асыру үшін өткен жылы 5 техникалық-экономикалық негіздемені және 10
жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 569,5 млн. теңге
бөлінсе, бүгінгі күнге 4 техникалық жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп,
олардың мем­ле­кеттік сараптама қорытындысы алынды. Қалған жобалау-сметалық
құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады.

Сонымен қатар Қызылорда облысының әкім­дігі мен «ҚазТрансГаз”
АҚ арасында жа­салған меморандумға сәйкес барлығы 23 млрд. теңгеге 4 аудан
орталығына, яғни, Арал қаласы, Әйтеке би кенті, Шиелі және Жаңақорған кенті мен
Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысы мен
кварталішілік газ құбырларының құрылысын салу келісілді. Бүгінде бұл істің
алғашқылары да басталып кетті. Сонымен бірге Қызылорда қаласының Қызылжарма
ауылдық округін және Тасбөгет кентін газдандыру үшін биыл­ғы жылға
республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұ­мыстары
жүргізілуде.

Жалпы, облыстық бюджеттен 12 жоба­лау-сметалық
құжаттама әзірлеу үшін 2015 жылға 381 млн. теңгеге бюджеттік өті­нім ұсынылса,
келер жылы Қызылорда қаласын­дағы газдандырылмай қалған тұрғын үйлерді
газдандыру, Қарауылтөбе, Талсуат ауылдық округтерін, Белкөл кенттерін газқбен
қамта­масыз ету үшін ҚР Ұлттық экономика ми­нистр­лігіне 1183,4 млн. теңгені
құрайтын 4 жо­ба бойынша бюджеттік өтінім ұсынылды.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға да
бүгінде ерекше мән беріліп отыр. Осы бағытта облыста қандай жұ­мыстар
атқарылуда?

– 2011 жылдан бастап Елбасының бас­та­масымен қолға
алынған «Қазақстан Респуб­ликасының тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын
жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған” бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын
үйлер жөндеуден өткізіліп жатқандығы белгілі. Бүгінгі таңда облыс бойынша 1096
көпқабатты тұрғын үй бар болса, оның 70 пайызы күрделі жөндеу жұмыстарын
жүргізуді қажет етеді. Бұл үйлердің көбі 20-30 жылдан бері жөндеу көрмеген.

Бағдарлама аясында облыс бойынша 81 көпқабатты тұрғын
үйге күрделі жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізуге республикалық бюд­жеттен
1814,255 млн. теңге бөлінді. Бү­гінгі таңда Қызылорда қаласы бойынша жос­парланған
72 үйдің 42-нің жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал қалған үйлердің жұмыстары да
аяқталуға жақын. Сонымен қатар, облыстағы 5 аудан бойынша 9 үй жөндеуден өтті.

Жалпы, алдағы жылы облыс бойынша 115 көпқабатты тұрғын
үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жалпы құны 1762,5 млн. теңгеге
Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылды. Негізі облыста 2020
жылға дейін 570 үйді жөндеуден өт­кізу көзделуде. Қалай айтқанда да, біздің бас­ты
міндет тұтынушылар сұранысын қа­нағаттандыру екені белгілі. Сондықтан да бұл
бағыттағы жұмыстар жандандырыла беретін болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айғали
ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз