О, махаббат, елтіген түнім едің,
Гүлім едің, пірім едің!
Қолдай гөр ғашықтардың пірі мені,
Мен енді тірілемін, деп ұлы ақын Мұқағали жырлағандай, махаббат дүниедегі барлық адамзат баласының жүрегіне жыр, көңіліне сыр құяды. Мұнда, қуаныш та, қызғаныш та, қайғы да бар. Жүрекпен сезіне білген адам үшін сөз жетпейтін ұлы сезім. Осы күйді бастан кешіргендердің бірі бақытты болса, енді бірінің тағдырлары тоғыспай жатады. Сондай жандардың бірі Мейрамбек пен Майра.
Қоңыр күз. Далада салқындау жел соғып, ағаштардан түскен жапырақ әлсін-әлсін жердің бетін жауып жатыр. Қарап тұрып бір үміт үзілгендей әсер аласың. Жаратылыстың кұдіреті-ай десеңші! Қара топырақтың бетін жапқан алтын түсті жапырақтың үстінде қос ғашық қыдырып келеді. Сезімін жеткізгісі келген жігіт еңкейіп тұрып, сүйіктісінің маңдайын иіскеді. Бұлардың сезімі өзгелерге қарағанда айрықша, ерекшелік бірден аңғарылады. Себебі қыз туабітті кеселдің салдарынан мүгедек арбасына таңылған жан еді.

Бірде басқа қалаға жұмыс іздеп кеткенінде енесі келініне үйінен кету керектігін айтты. Оның «мен ешқайда бармаймын, жолдасымды күтемін» деп нақты жауап бергеніне қарамастан, еріксіз төркініне апарып тастады. Ал, ол жолдасының жолдан келетін уақытын туралап вокзалдан күтіп алып, болған жайтты баяндап берген еді. Түсіністікпен қараған ол «үйге бірге барайық» дегенмен, Майраның көңілі жіби қоймады. Екі оттың ортасында қалған жігіт ішкілікке салынып, ішкі сырын айтар жан таппады. Жарына қайта қосылуға үй-ішінің түбегейлі қарсылық танытқандығы жанын жегідей жеп барады. Содан жүйкесі тозған ол мөлшерден артық ұйықтататын дәрі ішті. Сол ұйқының мәңгіге жалғасқандығы аянышты. Анасы онсыз да тағдырдан таяқ жеген Майраның жер-жебіріне жетті. Арбадан түскен бойда қара жердің қойнына тапсырғалы тұрған мүрдені құшақтаған күйі көз жасына ерік берді. Үйіне сүлесоқ күйде келген келіншек арада екі-үш күн өткенде аяғының ауыр екендігін сезді. Туыстары оның өмірге ұрпақ әкелуіне қарсы болып, жасанды түсік жасатуға бел буды. Сөйтіп дәрінің әсерімен жарық өмірдің нұры бұйырмаған сәбиінен де айырылды…
Күлпаш КҮНШЫҒАРОВА,
Талсуат ауылы,
Қызылорда қаласы.