БАЙҚОҢЫРДА МҰҒАЛІМДЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ БАСТАЛДЫ

276

0

Еліміздің білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған
мемлекеттік бағдарламасында барлық оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету алға
қойылған. Бұл бағдарламада Отандық білім беру жүйесін әлемдік білім кеңістігіне
ендіру үшін педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың кәсіби біліктілігін дамытуды
қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне басты
назар аударылған.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында
Қазақстандық оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға, алған білімдерін
күнделікті өмірде пайдалана алуларына айрықша көңіл бөлінген. Оқушылардың функционалдық
сауаттылығын жетілдіру өз кезегінде мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыруды
қажет етеді. Қазіргі таңда мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру – білім жетілдіру
курстарының басты міндеттерінің біріне  айналуда.
Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі оның ұстаздық кәсіби шеберлігі, оқытудың жаңа әдістерін
және инновациялық технологияларды сапалы меңгеруімен өлшенеді. Мұғалім қаншалықты
білімді, шығармашыл тұлға болса, оның құзыреттілік қабілеті де соншалықты кең болмақ.
Биылғы жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бас­та­масымен
Қазақстан Республикасы және Ресей Федерация­­сы Үкіметтерінің арасында
2015-2016 оқу жылынан бас­тап Бай­қо­ңыр қаласындағы 6 қазақ мектебінің
қазақстандық оқу стандартына көшу мәселесі шешілген болатын. ҚР Білім және
ғылым министрлігінің келісімі бойынша Байқоңыр қала­сындағы қа­зақ мектептері
ұстаздарын қазақстандық білім бе­ру жүйесі ерек­шеліктерімен және Отандық білім
жүйесінде кеңі­нен қол­данылып жүрген жаңа технологиялармен таныстыру мақ­са­тында
6-16 сәуір аралығында «Өрлеу» БАҰО» АҚ 
филиалы Қы­зылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің бі­­ліктілігін
арттыру институтының ұйымдастыруымен «Білім бе­­ру мазмұнын жаңарту жағдайында
тарих пәні мұғалімінің кә­­сі­би құзыреттілігін дамыту» тақырыбында тарих пәні мұға­лім­деріне
арналған біліктілікті арттыру курсы өткізілді. Курсқа қала мектептерінен 25
тыңдаушы қамтылды. Жалпы, биыл­ғы оқу жылының аяғына дейін физика, математика
және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған біліктілік арттыру
курс­­тарына барлығы 100 тыңдаушы қамтылады деп жоспарлануда.
Курс барысында институт директоры Бауыржан Елеусінов
қазіргі білім берудің өзекті мәселелері, білім беруге қойылатын негізгі
талаптар, оқу процесін жетілдіру мен дамытудың маңызды мәселелері, Байқоңыр мектептерінің
ҚР білім стандартына көшуіне байланысты алдағы уақытта атқарылатын ауқымды
істер жөнінде кеңінен мағлұматтар берді. Сондай-ақ, институт
профессор-оқытушылары мен әдіскерлері курс тыңдаушыларына «Қазақстан
Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты», «ҚР Білім
беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы»,
тақырыптары бағытында дәрістер оқыды. Курс барысында «Назарбаев зияткерлік
мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы және Кембридж университетінің
Білім факультеті (Ұлыбритания) бірлесе дайындаған мұғалімдерге арналған
деңгейлік курс бағдарламасының негізгі элементтері және басқа да өзекті
тақырыптар қамтылды. Тыңдаушылардың белсене қатысуымен «Тарих пәні мұғалімінің
педагогикалық кәсіби құзыреттілігін дамыту жолдары» тақырыбында курсішілік
конференция және «Тарих пәнін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында
«дөңгелек үстел» өткізілді. Соңында барлық тыңдаушыларға біліктілік  сертификаты табыс етілді.
 
Бақтыбай
БЕРДІБАЕВ.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз