БЕРЕКЕМІЗ БІРЛІКТЕ

30

0

Жыл алмасқан кезде «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деген тілек тілеп, өткенге салауат айту, ертеңнен жақсылық күту әдеті жылдар бойы қалыптасқан.  Уақыт дөңгелегі кері айналмайтынын тағы бір дәлелдеп, табалдырығымыздан Жаңа жыл аттағалы тұр.
Биылғы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасы қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алуым менің өмірімдегі ең маңызды және жұлдызды сәт болды. Шыққан биігіме қуанбаған ағайын қалмағанын көргенде ерекше толқынысты бастан кешірдім. Бұл маған ғана емес, ертелі-кеш егіс даласында бел жазбай жұмыс істеген барша еңбек адамдарына берілген баға деп білемін. Сонымен қатар мұндай жоғары деңгейдегі марапат менің ел алдындағы жауапкершілігімді бұрынғыдан да еселей түсті. 
Елбасының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру туралы тапсырмасын орындаудан басталған алғашқы қадамым осындай шыңдарға бастап тұр екен. Маған дейін де Нағи ауылын түлету үшін тер төккен Еңбек ерлері аз емес. Әсілі менің ұғымымда ауыл мен қаланың аражігі білінбеу керек. Ауылда да қаладағы сияқты адамдарға өмір сүруге, еңбек етуге, бос уақытты  өткізуге қолайлы жағдайларды жасауға әбден болады.  Мен  ауылды көріктендіруді туған ауылымнан бастадым. Барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес.
Туған ауылымда күріш шаруашылығымен айналыса бастағалы түскен пайданы сол жерді көркейтуге жұмсап келемін. Ауылда атқарған жұмыстарымызға халық бағасын да, батасын да беріп келеді.  Бүгіннің биігінен қарасам, атқарылған шаруа ауыз толтырып айтарлықтай. Бірақ бұл тоқмейілсуге негіз болмайды. Қолында қаражаты бар, істің көзін білетін жігіттер қай ауылда да бар. Олар туған ауылын көркейту үшін қолынан келгенін жасаса екен. 
Жылды қорытындылар сәт келгенде барша жерлестерімді құттықтап,  Жылқы жылы елге жайлы, еңбек адамдарына қолайлы жыл болсын деп тілеймін.
Абзал ЕРАЛИЕВ,
Қазақстанның Еңбек Ері.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз