БЕСІК ЖЫРЫ НЕГЕ ТАСАДА ҚАЛЫП БАРАДЫ

114

0

Қазақ халқы салт пен дәстүрге бай ел. Өмірге бала келгеннен
бас­тап шілдехана, бесікке салар, тұсаукесер
сынды салт-жоралғылар жасалады. Нәресте бесікке салынып, бесік жыры
айтылады. Бесiк жыры – сазды әуенмен, ырғақты, мағыналы, мазмұнды сөзбен сәбиді
уатып, тынышталдырады. Жүйке жүйесіне жағымды әсер қалдыра отырып, сол арқылы
алғашқы тәрбиенің нәрін сіңдіреді.
Үлкендер бесік жырын тыңдап өскен
баланың болашағы зор, үлкен азамат болып қалыптасады деп үміт күткен. Негізінен
мақалаға түрткі болғаны қазіргі кезде
бесік жырын айту санадан өшіп
бара жатқаны кімнің болса да жанына бататын жайт екені. Әрбір балалы үйдің шаңырағынан естілетін
жырдың орнына бүгінде заманауи әндер орындалады. Бұған күнделікті өзімізде куә
болып жүрміз. Бұл қалай? Дана халқымыз
«Тәрбие тал бесіктен” деп тегін айтпаса керек. Шыр етіп дүниеге келген сәтінен
бастап алғаш болып еститін бесік жыры неге өзгерді?

Иә, бесік жыры көнеден келе жатқан дәстүр. Бала кезімізде
үйдегі кішкентай нәрестені көпті
көрген, шаңырақтың қазыналы қарты, ақ жаулықты әжеміз бесікке бөлеп, әндетіп
жататын. Мұны бесік жыры дейтін. Ақ орамалы төгіліп, қолындағы әшекейлері
сыңғырлап бесіктегі сәбиге бар ынтасын аударып, «Әлди, әлди, ақ бөпем” деп
емірене бастайтын. Сол уақытта немерелері де қаумалап, «әже, маған да әлди
айтшы, ұйқым келді” деп алдына жата қалатын. Қандай әдемі көрініс десеңізші!
Кейде кішкентайлар түгілі, естияр болсақ та, сол әннің әсерінен бойымыз балқып,
ұйқымыз келетіні жасырын емес.

Жалпы, бесік жырында ата-анасы баласының болашағынан үлкен
үміт күтетінін және олардың махаббаты, ой арманы, ігзі тілегі, ақыл өсиеті
айтылып, астарлы айқындалатын. Бесік жырын тыңдап өскен баланың тілі ерте
шығады, есте сақтау қабілеті де жақсы дамиды деп естіп жататынбыз. Мұны үлкендер аузынан тастамайтын.

Ал, бүгінде кейбір жас ата-аналар бесік жырын айтуды құп
көрмейді. Есесіне қазіргі заман талабына сай мағынасы жоқ, мазмұны арзан, бір
сөзді бірнеше рет қайталайтын сапасыз әндерді бала санасына сіңіреді. Соның
салдары болар соңғы жылдары елімізде тәрбиесі қиын балалар саны артып, үлкендер
жасайтын қылмыстық әрекеттерге бой алдыруда. Расында бала тәрбиесі қиындап
барады. Олармен жұмыс жасау да оңай шаруаға айналмай отыр. Қазақы салт
дәстүрден алшақтап, есесіне батыстан келген дүниелерге әуес болып барады. Міне,
осыдан шығатын қорытынды – бесік жырын білмейтін жастардың қазіргі жай-күйі.
Енді тақырыпқа қайта ойысайық, қазіргі ата-аналар бесік жыры түгілі, балаларын
бесікке салмайды. Оның орнына ағаш төсек (манеж) қолданады. Бесікте жатқан баланың қол-аяғы түзу, ұйқысы тыныш
болады деп әжелеріміз үнемі айтып
отыратын.

«Бесік жырынсыз өскен бала рухани мүгедек» деп бабаларымыз
бесік жырының маңыздылығы мен болмысын әу бастан-ақ айтып кеткен. Сондықтан
дүниеге жаңа келген сәбидің өмірге деген құштарлығы мен сүйіспеншілігін
қалыптастыратын алғашқы қадам ол анасының жан жүрегімен, наз­ды үнімен шырқаған
бесік жыры.

Жасыратын несі бар, қазір жас аналар балаларын ұйықтату
үшін бесіктің бас жағына ұялы телефонды қойып, шетел музыкасымен қосып тербетеді. Келіндерге ұлттық өнегені
көрсетіп, тәрбие беретін енелер де азайды. Алайда, бұл әуенді орындайтындарды
ауылдан ғана кездестіре аламыз. Себебі қалада бесік жырын айтататын әже,
апаларымыз сирек деп айтуға болады. «Бесік жырын немереңізге айтып бересіз
бе?!» деп Іңкәр Әденқызы апамызды әңгімеге тартқан едік, іштегі біраз шерін
бізбен бөлісті. «Қазір бесік жырын айтып отырған келінді кездестірген жоқпын.
Баласына даңғырлаған ма­ғы­насы мен мәні жоқ әуендерді тыңдатады. Бір жағынан
бұл үлкен­дердің де кінәсі. Бірақ өзіміз жас кезімізде бесік жырын үлкен
енелерімізден естіп, балаларымызға да айтып бердік. Енді үйдегі кішкентай
немерелеріме де айтамын. Құдайға шүкір, қазір тәуелсіз, дербес еліміз.
Әдет-ғұрпымыз қай­та жаңғыруда. Немерелерімді бесікке өзім салып, бесік жырымен
ұйықтатамын. Келініме үнемі айтып отырамын «бесік жыры баланы тыныш ұйықтатып
қоймай, барлық қазақы болмысты бойына дарытады» деп.

Расында, бесік және жыр бұл екеуі ажырамас егіз ұғым. Киелі
және қасиетті, ештеңеге айырбастамайтын құнды дүние. Ана бір қолымен бесікті,
бір қолымен әлемді тербеткен деген тәлімі мол, тағылымы кең мәтелдің астарына
терең үңіле білейік.

Тал бесікте тербеліп жатқан бала ұяда не көрсе, ұшқанда
соны іледі деген нақыл бар. Бесік жырының ұрпақ тәрбиесінде маңызы ерекше
екенін ұмытпайық.

Сара
ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз