БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЫ

59

0

БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЫ

Өткен жылғы желтоқсан айының 5 жұлдызы Нұрасыл мен оның әке-шешесінің, туған-туыстарының есінде мәңгі қалды. Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясы «Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген кіші сержант Жандос Баянбаев пен қатардағы жауынгер Нұрасыл Мүбәраков сол күні Алматы-Семей бағытында сотталғандарды темір жол бойымен тасымалдау барысында қылмыскердің күзеттен қашып шығу әрекетіне тойтарыс берді.

Жандос пен Нұрасыл өздерінің жарақат алғандарына, өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан, жауынгерлік қызметтерін адал орындап шықты. Сөйтіп соңдарынан көмек келгенге дейін қылмыскерді бөгеп, оның арам ойын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.

Отан қорғаушылар күні қар­саңында ел Президенті – ҚР Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев әскери міндетін адал атқарып, бейбіт күнде көрсеткен ерліктері үшін кіші сержант Жандос Баянбаевты 3-ші дәрежелі «Айбын” орденімен, Нұрасыл Мүбәраковты «Жауынгерлік ерлігі үшін” медалімен наградтады. Бұл екі әскери қызметші Ұлттық ұланның Алматы қаласында орналасқан 7552 әскери бөлімінде қызмет етеді, екеуі де Сыр өңірінің тумасы саналады.

Сейсенбі күні бейбіт күннің батыры атанған Нұрасыл Әшімұлын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қабылдап, қоғам тыныштығы үшін ерен ерлікке барған сарбазға құрмет көрсетті.

– Халық даналығы таза ерліктің білекте емес жүректе екенін қалай тауып айтқан, – деді аймақ басшысы. – Қазақ елінің абыройын асырып, мерейін үстем ететін осындай ұландарымыз көп болса, біз мәңгілік ел боламыз. Нұрасыл тап сол сәтте ерлік жасаймын деп әсте ойламады. Оның бар мақсаты, қамаудан қашпақшы болған қылмыскерді ұстау, өзінің азаматтық борышын адал атқару ғана болды. Өзі қансырап тұрса да, қылмыскердің қашуын болдырмаған ұланға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Нұрасылдың Петропавл қаласындағы Ішкі істер министрлігінің әскери институтында білім алуға жіберілуі де біз үшін үлкен қуаныш. Сыр елі өзінің осындай түлектерімен мақтанады.

Мұнан кейін өңір басшысы сарбазға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйлығын табыс етті.

Қазақстан Ұлттық гвардиясы «Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Нұрбай Кеңесбайұлы Ұлттық ұланның жеке құрамы елдің ірі қалаларында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, түзеу мекемелері мен маңызды мемлекеттік нысандарды күзету, сотталғандар мен қамауға алынғандарды айдауылдау, төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша қызметтік тапсырмалар орындайтынын айта келіп, бұл әскери қызметкерлердің ерліктері көпке үлгі болатындығына және оларға көрсетілген құрмет жастар арасында әскери қызметтің беделін көтеруге мүмкіндік жасайтынына тоқталды. Осындай жүректі азамат тәрбиелеп отырған Сыр өңірі жұртшылығына, аймақ басшысына әскери бөлім басшылығының алғысын жеткізді.

БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЫКездесуде сөз алған Нұрасыл Мүбәраковтың нағашы атасы мен әжесі Аманжол мен Мәлике жиендерінің ерлігінің ескерусіз қалмағаны үшін аймақ басшысына, жауынгерлік қызметін орындау кезінде ауыр жарақат алған оның Семей мен Алматыда емделуіне көп көмек көрсеткен әскери бөлім басшыларына шынайы алғыстарын білдірді. Ерлік үлгісін көрсеткен сарбаз кеше облыстық ІІД Әкімшілік полициясы қызметкерлерімен және «Сырдария” лагерінде оқушылармен кездесті.

Бұдан екі жыл бұрын Жаңақорған ауданындағы №53 орта мектепті бітірген Нұрасыл Мүбәраков бір жылдай Алматы қаласындағы»PIasttara” зауытында оператор қызметін атқарды. Әкесі Әшім мен анасы Гүлнардың, өзінен басқа бес бауырының, өзге де туған-туыстарының мақтанышына айналған Нұрасылдың болашағы айқын. Өз елінің айбынды азаматы болашақта әскери қызметті жалғастырғысы келеді.

 

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз