БЕЙБІТ ЗАМАННЫҢ ЗАУАЛЫ

142

0

БЕЙБІТ ЗАМАННЫҢ ЗАУАЛЫ

Бiрiншi
байлық не деп сұрасаң кез келген адам, тіпті балаға дейін оның денсаулық екенін
тақылдап айтып береді. Сонымен қатар, «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің”
деген мақалдан да бәріміз хабардармыз. Әйтсе де, бұл сөздердің қаншалықты
маңызға ие екенін жете сезіне
бермейтініміз де рас. Оны аурудың
азабын тартқан жандар ғана анық сезінедi. Адам әртүрлі жағдайларға байланысты
сырқатқа ұшырайды. Түрлі дертке шалдығып, аурудан жапа шегiп жатады. Ал енді
сау жүрген адамның аяқ астынан ауруханадан табылатын жағдайы ше? Ол енді
көбінесе түрлі апатты жағдайларға байланысты орын алатыны белгілі.

 

Бүгінгі таңда жол-көлікоқи­­ға­лары болып жатқан апат­тардың басым бөлігіне ие де­сек, сөзімізде еш қате болмас. Күн­делікті өмірде жол-көлік оқи­­ғалары туралы деректердi ес­тiп те
жатырмыз, көзімізбен де
көріп жүрміз. Теледидардан да күнделікті
беріп жатады. Ондай жаңалықтарға жұрттың еті үйреніп кеткендей. Ал оның
әрқайсысының артында адам­дардың өмірі мен денсау­лы­ғы, қысқаша айтқанда, тағ­ды­­ры
тұрғанына мән бере бер­мей­тін­дейміз. Кейбір жан­түрші­гер­лік көріністерді
көрсеткенде де­нең дір ете қалады. Көлік апат­тарының статикасы да сұмдық.
Соңғы он жылда Қазақстанда көлік
апаттарынан 32 мың адам қаза тауыпты. Ал он жылға со­зылған Ауған соғысында
қаза тапқандар саны бұдан екі еседей кем. Жол-көлік оқиғаларында жарақат
алғандардың саны 166 мың адамға жетіпті. Жағаңды ұстатар жайсыз деректер. Қан­ша­ма
отбасы қара жамылды, та­лайлар мүгедек болып қалды. Жа­рақатынан азап шегіп жүр­гендер
қаншама?! Аман қал­ған­дары адам үшін ең қымбат қа­зына өмірі, бірінші байлығы
денсаулығы еке­нін жете түсінеді.
Қысқаша айтқанда, жол-көлік оқиғалары бейбіт заманның зауалы болып тұр.
Неге бұлай?

Апат
айтып келмейді. Оны жазым деп, құдайдың ісі деп Жа­ратқанға жаба салуымыз Алла­ның
өмір сүру еркін өзімізге бер­генінен бейхабарлығымызды білдіреді. Мұндай
оқиғалар бір не бірнеше жүргізушінің, я болмаса жаяу жүргіншінің кі­нәсінен,
тиісті заңдылықтарды сақ­тамауынан, жол ережесін өрес­­кел бұзғандықтан орын
ала­ды. Жалпы жол-көлік оқиға­ла­­рының көбеюіне бірнеше се­­беп­ті айтады.
Біріншіден, кө­­­лік өте көп. Екіншіден, жол­дарымыздың сапасы нашар не­месе
қазіргі ағылған көлік тасқынына есептелмеген. Бұл айт­қан жайлардың әрине, кө­лік
апатының артуына әсері бар. Десе де, ең бастысы, жүргі­зушілердің кінәсінен
көбейіп отыр. Оған дәлел болар мысал да көп. Осы жолдардың авторы да сондай
жайтты бастан кеш­ті. Апаттан кейін облыстық ме­дициналық орталықтың травма­тология
бөліміне түстім. Біраз күн өткен соң сұрастырып біл­сем, палатада қатар жатқан
екі нау­қас та жол-көлік оқиғаларына ұшыраған екен. Бір қызығы, бә­ріміз де бір
күнде түскенбіз. Ал­ғашқысы жиырма бестегі жігіт түнгі мезгілде қалғып кеткен
кезде көлігі жолдан шығып ке­тіп, аударылып қалады. Содан ая­ғы тiзеден жоғары
жерден сы­нып, оған ота жасаған екен. Ау­руханадан шыққаннан кейін төрт ай
өткенде ғана барып, балдақты тастап, өз аяғымен жүрді. Осы жігіттің жанында отырған сері­гіне ештеңе болмапты.
Сөйтсе, ол қауіпсіздік белбеуін тағыпты. Ал бұл тақпаған.

Ал
екінші науқас серігіміз мұ­­най компанияларына қыз­мет көрсететін бір мекеме
қыз­мет­кері. Басшылары ар­найы тап­сырма беріп, оған жүр­гізу­шісімен бір «Джипті”
қосады. Міне, сол жүргізушісі қатты ай­дап құйғытып келе жатқанда ау­дарылып
қалады. Жүргізуші сол жерде қайтыс болып кеткен. Ал өзі ауыр жарақаттарымен ау­­руханаға
жеткізіледі. Тек жан­­сақтау бөлімінің өзінде он тәуліктей жатып, палатаға ау­ыс­тырылады.
Бұдан кейін де сынған аяғына, қолына ота жасау үшін тағы екі аптадай
уақыт күт­ті. Өйткені, басына тиген қатты соққыдан әлі өз-өзіне келе
қоймаған еді. Ота жасалып, үйіне шыққаннан кейін ғана барып, жүргізуші жайлы
естіп білді. Ең қиыны оны жұмысқа жарамсыз деп тауып, екінші топтағы мүге­дектікке
шығарды. Ал қайтыс болған жігіт көлікті үнемі қатты жүргізеді екен. Оған дейін
де бір-екі апатқа түскен көрінеді.

Ал
енді өзіме келейін. Таңғы сағат сегізге жақын күндегі мініп жүрген қалаішілік
бағыттағы жо­лаушы көлігіне отырдым. Кә­­дімгі бір есікті «Мерседес”. Жұрт­­тың
жұмысқа асыққан ша­ғы, келесі аялдамалардан-ақ кө­ліктің іші жолаушыларға лық
тол­ды. Соның өзінде жүргізуші жас жігіт пен оның кассирі тү­сіп-мінген
адамдарға «тез-тез бо­­лыңдар” деп асықтырумен бол­­ды. Көліктің есігі
жабылар-жабылмастан бірден жоғары жыл­дамдыққа басып, зымырай жө­неледі.
Көшедегі көліктердің бәрінен басып озып отырды. Жүр­гізушінің қатты айдағаны
сон­шалық, жолаушылардың ашу-ызасын туғызды. Бәріміздің «Жай жүрсеңші, бізді не
өлтірейін деп пе едің?!”, «Адам алып келе жа­тырсың ғой” дегенімізге құлақ
асқан жоқ. Неге асыққанын біл­меймін, кейбір аялдамаға тоқ­тамай жолаушыларды
біраз жер ұзап кеткен соң ғана түсірген сәттері болды. Түрегеп тұрған
жолаушылар біршама азайғанда орта тұста босаған орынға жай­ғастым. Тұрғандар
саны бес-ал­ты адам шамасында болды. Жү­ргізуші жылдамдықты одан сайын асыра
түсті. Екі аял­дамадан соң түсемін, ақшамды дай­ындай берейін деп қолымды
қалтама сала бергенмін. Сол сәт­те «тарс” еткен дауысты естідім және бір
жағымызға аударылып бара жатқанымыз, «ох, авария!” деген ой санамды шарпып өт­кені
ғана есімде. Одан әрі еш­те­ңе
білмеймін. Есімді төрт-бес сағаттан соң, аурухана төсе­гінде бір-ақ жинадым.
Бұл аралықта аударылған көліктен шы­ғарып,
жедел жәрдеммен алып кеткенін, рентгенге, ком­пьютерлік томографияға түсір­генін
еш сезген емеспін. Бұл 2013 жылдың 9 тамызында Қы­зылорда қаласындағы Астана
даң­ғылында орын алған №22 қо­ғамдық көлігінің апаты болатын.

Жедел
жәрдем көліктері ау­да­рылған «Мерседестен” он бір адамды ауруханаға жеткізіпті. Әйтеуір, адам өлімі
жоқ, әйтсе де… Жарайды, бұған сәл
кейін ораламыз. Жеңіл-желпі жарақат алғандарға апат орнында дәрі­гер­лік көмек
көрсетілген. Ау­ру­­ханаға жеткізілгендердің еке­уі тексерулерден өтіп, жа­ра­­қат­тары
таңылған соң үйле­ріне қайтады. Қалғандары ау­ру­ханаға жатқызылған. Қызыл­орда
қаласындағы жолау­шы­­лар көлігінің апаты тура­лы сол күні республиканың бар­лық
бұқаралық ақпарат құ­ралдарынан берілді. Қызылорда облысы әкімдігінде шұғыл жи­налыстар
өткізіліп, жедел ша­ралар қолға
алынады. Барлық жо­лаушы көліктерінің жай-күйі, жүргізушілердің құжаттары тек­се­ріледі.
Тексеру кезінде талапқа сай келмейтін біраз жайттар анық­талған. Тіпті, қала
ішінде жү­ре­тін жолаушы көлігі бірден ке­міп шыға келіп, тұрғындарға қиындық
туады.

Міне,
бір күннің ішінде об­лыс аумағындағы болған мен естіп білген үш оқиға. Есті­мегенім
қаншама?! Егерде сол көліктерді жүргізгендер заң­ды­­лықты сақтап, жол ереже­ле­­рі
талаптарын бұзбай жүр­ген­де мұндай жайттар орын ал­мас еді ғой. Белдікті тағы­нып
отырса, аяғы сынбас па еді. «Джип» жүргізушісі қалып­ты жылдамдықта айдаса,
апат­қа ұшырамауы, ұшыраса да аман қалуы мүмкін-ау. Қасын­да­ғы серігі
соншалықты жа­рақаттанбас еді. Сол секілді жо­лаушы көлігін басқарған жас жігіт
жүргізуші мәдениетін сақ­тап, жолаушылар үшін жау­ап­кершілікті түсіне білгенде
ғой, шіркін… Облыстағы бір тәу­лік­те болған үш оқиғаға қал­ған 13 облыс пен
Астана мен Ал­матыдағы жол-көлік апат­тарын қосыңыз. Осыдан-ақ өзі­ңіз есептей
беріңіз. Өкінішке орай, біздің елімізде жүргізуші мәдениетін сақтамайтындар же­­­­­тіп
артылады. Оған мы­сал жол үстіндегі небір әпер­ба­қандықтарды айтуға болады.
Лондон қаласы бірнеше мил­лион халқы бар мегаполис. Он­да әрине, көлік саны да
көп. Ұлы­британия астанасының көшелері соншалықты кең емес. Солай бола тұрса да
осы қаладағы көлік апаттары Алматы қаласындағы болып жатқан көлік апаттарынан
аз. Себебі, лондондық автомо­би­листердің
жүргізушілік мәде­ниеті жоғары.

Ақыры
мақала тақырыбы жол-көлік оқиғалары туралы бол­ғандықтан өзім душар бол­ған апат жайлы, оның зардап­тары жөнінде
толығырақ тоқ­талып өткенді жөн көрдім. «Мер­седес” көлігі сол күні жо­лаушы
тасымалдауға шыққан жас жігіттің атында емес екен жә­не оған көлікті басқару жө­ніндегі
сенімхат берілмеген бо­лып шықты. Әкесі он бес күн жолаушы тасымалдағаннан кей­ін
вахталық жұмысқа кетісімен сол сәтте мініп шыққан екен. Бұған дейін жол ережелерін бұз­ғаны үшін жол
полициясы жүргізуші куәлігін алып
қойып, уақытша куәлікпен жүріпті. Апат кезінде жоғалып қалды деп оны да
көрсетпеген. Ең бас­ты өрескел кінәсі
– жолау­шылар тасымалдауға рұқ­сат
беретін «Д” санаты да (ка­тегориясы) жоқ болып шық­ты. Рұқсатсыз алып шыққан
көлігі сақтандырылмаған. Оған қоса, қатты жылдамдықпен жүрді. Кейі­нірек сотта
куәгерлер берген түсінiктемеден апат болар сәт­те көліктің спидометрі 100
км/сағаттан түспегенін білдік. Осы­лай қатты жылдамдықпен жү­ріп келе жатқанда
бұрылып жат­қан көлік екеуi соқтығысады. Со­дан ішінде жолаушылары бар
«Мерседес” аударылған күйі та­ғы да 70 метрдей сырғып барып, жол жиегінде
тұрған екі-үш көлікті зақымдайды.

Ауруханаға
жеткізілген­дер­дің екеуі жансақтау бөліміне жатқызылса, бес-алтауы нейро­хи­рургия бөліміне орналас­ты­рылады.
Олардың арасында ая­ғы ауыр келіншек те болған. Травматология бөліміне жатқы­зылған
тек мен ғана. Екі-үш ап­та өткен соң олардың барлығы ауруханадан шығады. Әлі дұ­рыс
жүре алмайтын себепті мен оларды көре алмадым. Ме­нің алған жарақаттарым да
оңай емес еді. Он бір қабырғам мен төс сүйектерім сыныпты. Одан бөлек,
жауырыным және үш омыртқа жарылған. Тағы екі омыртқаның қанатшалары сын­ған.
Тек шалқамнан ғана жа­тамын. Он тәуліктей еш ұйықтай алмадым. Түн мезгілінде
қатты қиналып шығамын. Жетінші күні ғана дәрігерлердің көмегімен тұ­­руға
талпыныс жасадым. Қа­бырғалар сынғанда өкпені жа­рақаттайды екен. Содан өкпеге
ұйыған қан, сарысу толып қа­­ла беретін көрінеді. Оны жау­ырынның астынан
тесіп, тартып алып (пункция жасау) тұрады. Алғашқы бір айда төрт рет жасап үйге
шығарғаннан кейін тағы тола берген соң қайта жатқызып тағы да төрт рет осындай
про­цедура жасады. Үш айдан астам денені қысып жүретін корсет ки­іп жүрдім, бұл
уақытта отыруға рұқсат етпеді. Иә түрегеп жүре­сің, болмаса жатуың керек. Апат­тан
үш ай өткен соң МРТ апаратына түсіріп, бір омырт­қаның қисық тұрғанын анық­тады.
Осыдан кейін дәрігерлер пікірі екіге жарылды. Олардың басым бөлігі ота жасатып,
қи­сайған омыртқаны түзету керек десе, енді бірі артық қыламыз деп тыртық қылып
алармыз, осы­лай тұра берсін дегенді айт­ты. Өйткені, ол өте қиын ота және оны
Астанадағы орталықта жасату керек екен. Сондықтан үнемі сақтанып жүру керек. Жү­гіруге,
секіруге, тайып жы­ғы­луға, ауыр зат көтеруге, арқа­лауға болмайды. Дегенмен,
ал­ғаш­қылары мынандай ой айт­ты. Өмір болған соң әртүрлі жағ­дайлар орын алып
қалуы мүмкін. Оқыс қимыл не қандай да бір соққы болып қалса, омыртқа одан сайын
қисайып, жұлынды қысыңқырап қалуы мүмкін. Сол кезде екі аяғыңа қауіп. Сон­дықтан
ота жасатпағанмен, орта­лықта тексеріліп, мамандар кеңе­сін алу керек болады.
Ақыры бар­лығы осындай шешімге кел­ді. Омыртқаның кінәратынан то­лыққанды
еңкейіп, я шалқая ал­маймын. Ал, апаттың
денсау­лығыма келтірген басқа да зар­даптары жетерлік.

Жарайды,
ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпейді. Жалпы осының бәрін
егжей-тегжейлі жаз­бай-ақ қояр едім
және бұл тақырыпты қозғамас та едім, егер жансақтау бөліміне түскен екі жас
жігіт болмағанда. Олар – 22 жастағы Сағатбек Сүйі­нов пен 29 жастағы Эльдар
Адыр­баев. Бүгінде екеуі де тө­секке таңылған, бірінші топ­тағы мүгедек жандар.
Апат сал­дарынан екеуінде де 4-5 омырт­қасы мыжылып, күл-тал­­қаны шыққан.
Оларға ота жасауға шұғыл түрде Аста­на­дағы ор­талықтан маман алдыр­тады. Дә­рігерлер
уатылған омырт­қа­ларды қолдан келгенше жинап, келмеген жерінде металдан (ти­тан)
құрастыруға мәжбүр бо­лады. Жансақтау
бөлімінде он тәуліктен аса жатқаннан кейін па­латаға шығарады. Міне, сол
уақыттан бері олар өзгелердің кө­мегінсіз ештеңе атқара алмайды.

Сағатбек
отбасында балалар­дың үлкені. Өзінен кейін студент қарындасы мен інісі бар.
Інісі жас кезінен мүгедек ретінде есеп­те тұрады. Әкелері жас ке­зінде қайтыс
болған. Анасы Гүл­сім Акпарова жедел жәрдем бөлімшесінде тазалықшы бо­лып жұмыс
істейді. Отбасы екі бөлмелі жер үйде тұрады екен. Сағатбек колледжді қызыл дип­ломмен
бітіргеннен кейін ана­сына қолғабыс жасамақ ниет­пен жұмысқа кірісіп кетеді.
Инс­титутқа сырттай тапсырған. Сол кезде құрылыс бригадасында жұ­мыс істеп
жүрген еді. Ана­сына «мама, уайымдама, алдағы төрт-бес жылда ішінде ваннасы,
туалеті бар, бес-алты бөлмелі жоспарлы үй салып бiтiремiн, келін түсіріп
беремiн” деп, үнемі көңілін бір демдеп қояды екен. Ол жай айтылған сөз емес, үй
салатын жерді көтеріп, тегістетіп
қойыпты. Келер жылы іргетасын құямын,
одан кейінгі жылы қа­бырғасын көтеремін, қалған жұ­мыстарын бітіруге тағы екі
жыл кетеді деп жоспарлап жүрген.

Эльдар
жоғары білімді ма­ман дәрігер. Ақтөбе меди­ци­на­лық институтының түлегі. Ас­танадағы
№2 балалар емхана­сында педиатр болып жұмыс істеп жүрген оны облыс
басшылығы Қызылордаға шақырады. Себе­бі,
барлық жақтағыдай біз­де де неонатолог маманы жетіс­пей­тін. Сол шақыртуды
қабыл алып, облыстық медицина ор­та­лығының перинаталдық бөлі­мінде
дәрігер-неонатолог болып істеп жүргеніне екі ай болған екен. Оған жақын арада
облыстық медициналық орта­лықтың жас мамандарына арналған үйінен пәтер беруге
уәде еткен-ді. Ке­ліншегі алғашқы
нәрестесіне ая­ғы ауыр болып жүрген Эльдар енді үш-төрт күннен кейін отызға
толғанын атап өтпекші еді.

Осындай
алға басып келе жат­қан жастардың болашағына 2013 жылдың 9 тамызындағы кө­­лік
апаты балта шапты. Бірін інім, бірін баламдай санайтын екі жігіттің көріп
жатқан қи­ын­дықтарын, тән азабы мен жан аза­бын, ішкі жанайқайын сөзбен
жеткізіп айту мүмкін емес. Сол секілді, олардың аналарының, жұ­байының,
бауырларының жан күй­зелісін де ауызбен айту қи­ын. Олар соңғы бір-екі айда ға­на
мүгедек арбасына отыра алатын болды. Онда да әрине, басқалардың көмегімен және
аз уақытқа ғана. Барлық жағдайда көмекке сүйе­неді, әйтсе де олар үшін ең азап­ты
нәрсе жеңіл және үлкен дә­рет­ке шығу. Қанша жа­қының дегенмен, бұл жұмысты екі-үш
адамның көмегіне сүйе­ніп атқару деген қандай азап әкеледі, қалай қысылып, қор­ланады
десеңші. Сол үшін де та­мақты тартынып жейтінін ай­тады жақындары. Бес-алты ай­дың
ішінде Сағатбектің шашы тү­гелдей ағарып кеткенінің өзі­нен-ақ жағдайды шамалай
бе­руге болар. Анасы баласының қи­налғанын сездіртпеуге тыры­са­тынын айтты.
Десе де, жалғыз өзі жатқанында көзінен тарам-тарам жас ағып, үнсіз жылап
жатқанын көріпті бір-екі рет. Сол секілді, Эльдардың анасы Рысжан апай да
баласының ешкім жоқ сәтте ба­сын ұрғылап, жылап жатқанын бай­қап қалған. Иә,
«қайдан ғана осындай бәлеге душар болдым, Астанада неге жүре бермедім” деп
өкініштен өзегі өртенді ме екен сол сәтте. Балаларының осындай сәттерін көрген
аналардың іші қан жылағаны айтпаса да түсінікті.

Апаттан
кейін туғандары Эль­дар­дың келіншегі, аяғы ауыр Сәу­­ленің жағдайына қатты
алаң бо­лып еді. Шошынғаннан бала­сын жоғалтып ала ма деп. Бір қуа­ныштысы,
уақыты жетіп, аман-есен босанды. Қазір Санжар есімді сәби өсіп келеді.
Эльдардың отбасы об­лыстық медициналық орталық бер­ген екі бөлмелі пәтерде
тұрып жатыр. Ол үшін ризашылығын біл­діреді. Қолдан келген көмегін көр­сетіп жатқаны үшін аурухана басшылығына, ұжымға
рахметін айтады. Сол сияқты,
Сағатбектің ана­сы қолдау көрсеткен өзінің ұжы­мына, ұлының достарына,
жа­­­қын-жуықтарына алғысын біл­ді­реді. Осы ретте баспасөз бе­тін өзiм де
пайдаланғым келіп отыр. Әуелі Алланың құдіретінің ар­қасында, содан соң
дәрігерлер кө­мегімен аяғыма тұрдым. Облыс­тық медицина орталығына, оның ішінде
травматология бөлімі ұжы­мына алғысым шексіз. Алғаш сәт­тен шырылдап
асты-үстіме түсіп жүрген жарымды, университеттегі оқуы басталғанша ауруханадан
шық­пай 21 күн жанымда болған ұлымды, «папа, жақсы болып ке­тесің” деп
айналып-толғанып жүр­­ген қызымды, бауырларым, ағайын-туысқан және моральдық, материалдық қолдау көрсеткен
достарым мен әріптестерімді қалай атап өтпеске. Қиын сәтте қолдау көрсетер
адамдардың болғаны қан­дай жақсы.

Сағатбек
пен Эльдардың үйін­де болғанымда оларға тек жақ­сылықтан үміттену керек екенін
айт­тым. Әлі-ақ аяқтарыңа тұрып ке­тесіңдер дедім. Бұл шын сөзім, өзім солай
болатынына сенемін. Қа­зір медицина жедел дамып ке­леді. Шетелдермен байланыс
жақ­­сы. Нейрохирургия саласы да­мыған Израйль, Германия, Қы­тай секілді
мемлекеттердегі ем­деу орындарымен байланысқа шы­ғып, кеңес алуға, баруға, тек­серілуге
болады. Қажет болса, ота жасату мүмкіндіктері туып қа­­лар. Әрине, айтуға оңай.
Оған көп қаржы керек болады. Ондай қаржы мүмкіндіктері жоқ, әрине. Мүмкін
белгілі кәсіпкерлер көмек қолын созар. Біздің заңымыз Қы­тайдағыдай емес.
Аспанасты елінде көлік апатына түсіп, мүгедек болып қалған жандардың өмір бойғы
шығыны, көлік апатына кі­нәлі адам­дардың мойнына іліне­ді екен. Со­лай болса,
біздегі әпер­бақан жүр­гі­зушілер абайлап жүруді үйре­нер ме еді.

Оқырмандарды
көлік жүргізу­шіге қандай жаза тағайындалғаны қызықтырары белгілі. Денсаулық­тарына
аса қауіпті залал келтірілген деп үшеумізді жәбірленуші деп таныды. Сотта
мынадай ойымды жеткіздім. «Бас жарылса – бөрік ішін­де, қол сынса – жең ішінде”
деп қалдыра салатын жағдай емес. Төсек тартып жатқан екі азаматтың болашақ
емделуі үшін көп қаржы керек болады. Сондықтан олар тарапынан 4-5 млн. теңгеден
мо­ральдық шығын өтеу туралы та­лабына түсіністікпен қарау керек. Өмір көрген, өмірлік тәжірибем жет­кілікті
адам ретінде судьядан жүр­гізушіге бас бостандығынан айы­ру жазасын қолданбауын
сұра­дым. Бұл менің жеке өтінішім бо­латын. Ал, басымдылық төсек тар­­тып
жатқан екі жас жігіттің, со­лардың сенімді өкілдерінің сө­зіне берілуі тиіс
екенін сотқа қа­тысушылар түсінгені абзал екенін жеткіздім. Ал жүргізуші жас
жігіт осы оқиғадан өмірлік сабақ алып, көпшілікпен санасуды, үлкенді құр­меттеп,
кішіні сыйлауды, заң­ды­лықты сақтауды, жол ережесін бұзбауды мықтап жадына
сақта­ғаны жөн деген ой айттым.

Сот
жүргізушіні бір жылға бас бостандығынан айырып, екі мүге­дек жігітке 1 млн.
теңгеден, маған бес жүз мың теңге моральдық шы­ғын өтеу туралы шешім шығарды.
Қылмыстың әдейі жасалмағанын, бұрын сотты болмағанын және ке­ліншегінің аяғы
ауыр екенін ескерді. Бұл жазаға келіспеген Са­ғатбектің анасы апеллияциялық
арыз берді. Ол сотта «менің балам қи­налып төсекте жатқанда бұл жі­гіт бір жыл
мерзімін лезде өтеп шығады. Менің айлығым 50 мың тең­ге, баламның мүгедектігіне
бе­рі­летін зейнетақы 30 мың теңге, ай сайынғы массажы мен қажетті дәрілерінің
өзіне 40 мың теңгедей кетеді. Моральдық шығын кемінде 2 млн. теңге болуы тиіс
және жыл­дарға созбай қазір берілуі
керек. Жан-жаққа апарып көрсету керек болады. Ал, жаза мерзімі 2 жыл болғанын
сұраймын” деп ашынды. Ол кісіні түсінуге болады. Бұл тіп­тен де ақшаға құ­ныққандық
емес. Жаны күйген ананың жанайқайы. Облыстық сот жазаны бұрынғы күйінде қал­дырды.

Осылайша
бір көлік апатының салдарынан екі
азамат тепсе темір үзетін шағында төсекке таңылды. Эльдардың келіншегі Сәуле
көңілін сұрап келіп кеткендерге күйеуі ештеңе білдіртпеуге тырысатынын айтты.
Соған қарап жағдайы жаман емес екен деген ойда кетеді. Ал шын мәнінде түнімен ұйықтай ал­май
шығатынын, күн өткен сайын жүйкесі жұқара түсуде деп мұңын шақты. Кішкентай
сәбиі, үнемі кө­мек қажет ететін жары бар Сәу­леге де оңай болып жатпағанын
іштеріңіз сезер.

Сонымен
екі мүгедек жанның жағдайы жақындарына оңайға со­ғып тұрған жоқ. Тәуекел етіп,
медицина саласы жақсы дамыған жо­ғарыда аталған мемлекеттерге кете беруге қол
қысқа. Осындайда сот алдында тек жүргізуші ға­на емес, сол кездегі облыс орта­лығында
жолаушы тасымалын рет­тейтін арнаулы мекеме тұруы тиіс пе еді деген ой келеді.
Өйт­кені, әкімдікке қарасты көлік са­ласына жауапты, жұмыстарын үйлес­тіретін,
бақылайтын, қадағалайтын қаншама органдар бар. Солардан еш қаймықпай құжаттары
сәйкес келмесе де «Мерседесті” айдап шы­ғуы нені білдіреді. Демек, олар өз
міндеттеріне салғырт қарап, тиiстi бақылау
жасамаған болып шығады. Әйтпесе, таңертең рейске шыққан жолаушы көлігі,
оның жүргізушісі тексеруден өту керек емес пе?! Ал «Мерседестің” жүргізушісі
мой­нына ілінген моральдық шығынды он жылға таяу уақыт ішінде төлеп құтылып
қалар.

Міне,
осылай жол-көлік оқи­ға­лары адамдарға қаншама қиын­дық әкелуде. Қандай адамды
ал­май­ық, оның жол апатынан қаза болған жақыны не жақсы танысы бар бо­лып
шығады. Жол үстінде өмірі қиылған халықтың сүйікті ұл-қыздары қаншама?! Көлік
апатының адамдарға, мем­ле­кетке келтіріп жат­қан шы­ғын­дарын есептеп шығу
мүмкін емес. Апатқа ұшыраған адамның отбасы қанша қиындық көрсе, апат­­қа
кінәлі жанның жа­қын­да­ры­на да оңай соқпайтыны тү­сі­нікті. Ал мемлекет
жарақат ал­ған жандарды емдеуге, олардың еңбекке жарамсыз уақытына ақша
төлеуге, мүгедектігіне зейнетақы беріп тұруға қыруар қаржы жұм­сауда. БҰҰ
мәліметтеріне сүй­енсек, Қазақстан жол-көлік апат­тарының көрсеткіштері жөнінен
әлем­де алғашқы орындардан та­бы­лады екен. Осы дерекке сәй­кес, біздің
елімізде жол-көлік оқи­­­ғаларынан 100 мың адамға есеп­­тегенде жылына 30-дай
адам қай­тыс болады. Бұл ТМД бой­ынша ең жоғары көрсеткіш. Ал да­мыған елдер
үшін мұндай көр­сеткіш тіпті сорақы саналатыны айт­паса да түсінікті.
Дүниежүзілік банктің мына мәліметтері бейжай қалдырмаса керек. Қазақстан
жол-көлік оқиғаларының салдарынан елдің жалпы ішкі өнімінің 1,5 пайызын жоғалтып
отырады. Көлік апаттарынан келген материалдық және әлеуметтік шығындарды жа­бу­ға
жұмсалатын мемлекет қар­жысы жүздеген миллиард теңгені құрайды

Иә,
еліміз үшін ең қымбат қа­зына оның тұрғындары, олар­дың денсаулығы. Сондықтан
да Елбасының өзі жол-көлік оқи­ға­­ларының көбейіп кетуіне қат­ты алаңдаушылық
білдіріп, жауап­кершілікті күшейтуге тапсырма бер­ген болатын. Соған сәйкес,
жол ережесін бұзғандар үшін жа­за қатайып отыр. Мұның оң әсері болуы тиіс.
Әйтсе де, біздің адамдардың, оның ішін­де көлік басқаратындардың мента­литетін
өзгертпей болмайды. Жүр­гі­зу­ші­лердің арасында да түр­лі адамдар кездесіп
жатады. Жол үстінде жел­дей жүйткіген жете­сіздер же­тіп, артылады. Жол
сақшысына пысқырып қарамайтын, «көкесіне” сенгендер бар. Ондайлар өзгелерді тіпті
менсінбейді. Жалғанды жал­пағынан басып жүрген адамдай, жол үстінде үнемі
қауіпті жағдай тудырып жүреді. «Шөлмек мың рет сынбайды, бір рет-ақ сынады”
демекші, бірде болмаса бірде апат­ты жағдайға ұрынуы әбден мүмкін. Тек өзіне
және көлігіне зиян әкеліп жатса ештеңе емес, басқалардың обалына қалады ғой.
Олардың ара­­сында біздің құқық қорғау ор­гандары өкілдерінің кездесіп қа­луы
тіпті қауіпті құбылыс. Оған интернеттегі түрлі бейнекө­рі­ніс­­тер дәлел. Онда
осы салада жүр­гендердің көлігімен адамдарды қа­­ғып кеткенін, басқа көліктерді
жапырып өткенін көріп жүрміз. «Сенген қойым сен болсаң…” де­ген­­нің кері.
Сол секілді жаяу жүр­гіншілеріміз де жол ережесіне нем­­құрайдылық танытпаса
екен дейміз.

Елбасымыз
Қазақстан дамыған 30 мемлекеттің қатарынан табы­луы тиіс деген баршамыздың ал­ды­мызға
мақсат қойып отыр. Бұл тек өндіріс, индустрия,
ау­ыл шаруашылығы, білім беру, ден­­саулық сақтау секілді өзге де
салаларға ғана қатысты емес. Оған ел тұрғындарының ішкі мә­дениеттілігі, тәртіптілігі, заңды құр­­меттей білуі де
кірсе керек. Осы салада дамыған елдер тұр­ғын­­дарымен теңесуге тиіспіз. Әл­бетте,
оның қатарында көлік жүр­гізушілердің мәдениеттілігі де бар. Сонда ғана жол-көлік оқи­ға­ла­рының санын
азайтуға қол жет­кізерміз. Жалпы, «Сақтансаң сақ­таймын” дегенді қай-қайсысымыз
да бір сәтке болса да жа­дымыздан шығармағанымыз абзал. Сондық­тан, бүкіл ел,
қоғам болып, осы ба­ғытта мақсатты жұмыстар жүргі­зуге тиіспіз. Олай болмаған
күнде қара жол отандастарымызды жал­май берері анық.

Көптен
мазалап жүрген ойла­рымды қағаз бетіне түсіріп болға­ным сол еді. Естіген жанды
есең­­­гі­ретіп жіберерліктей жан­түр­­шіктірер хабар келіп жет­ті. Қызылорда
облысының Тар­то­ғай елді мекенінің тұсында жол апатынан он адам қайтыс болды.
Сыр елі халқы аза тұтып, қаралы жандардың қайғысына ор­тақтасты. Қолдан келер
шара жоқ. Апат құрбандарының отбасы мүшелеріне, жақындарына болған іске
болаттай берік болыңыздар деймін. Енді мұндай қасірет қай­таланбасын.
Ауруханада жатқан жер­лестеріме тезірек сауығып, қа­тарға қосылуына
тілектеспін.

Осы мақаланы
оқыған бір жүр­гізуші ойланып, жол үстіндегі жауапкершілікті бұрынғыдан да жете
сезініп жатса, соның өзі же­тістік болар еді. Бәріміз де аман-сау жүрейік,
ағайын!

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

Журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз