Бiртектілік пен бірлік — ел дамуының негізі

55

0

Қазақстан халқы Ассамблеясы Қызылорда облыстық хатшылығының ұйымдастыруымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл: Біртектілік пен бірліктің жаңа кезеңі” атты дөңгелек үстел өтті. Жиында Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет” атты бес институттық реформасы талқыланды. Шараға зиялы қауым мен этномәдени бірлестік өкілдері, облыстық Ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ мүшелері және үкіметтік емес ұйым жетекшілері қатысты. Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешова этносаралық келісім мәселелері және бес институттық реформаның маңызы мен міндеттері жайында баяндама жасады.

Жиында басқа да қатысушылар аталмыш реформа жайындағы өз ойларын ортаға салды.
«Қазақстандағы орыс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы директоры В.Толоконников «Үлкен Ел – үлкен отбасы” жобасы және қазақстандықтардың біртектілігінің қалыптасуына тоқталды. Ал «Сыр медиа” ЖШС жанындағы Ақпараттық-талдау орталығының басшысы С.Сахиев «Менің елім” ұлттық жобасының негіздері мен басым бағыттары жайында әңгімелесе, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Ақпараттық жүйелер және бағдарламалық қамтамасыз ету” кафедрасының меңгерушісі Қ.Дәуренбеков қазақстандық біртектілік идеяларын жүзеге асырудағы әлеуметтік желілер рөлі жайында өз ойымен бөлісті. Сондай-ақ, Қызылорда локомотив депосы жүргізушісінің көмекшісі Г.Щиповских еліміздің өсіп-өркендеуіндегі кәсіптік-техникалық мамандық иелерінің үлесіне қатысты өз ойын білдірді.

Бүгінгі жиынға арқау болып отырған»100 нақты қадамның” 15-і мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыруға бағытталып отыр. Ал 19 қадамы сот жүйесі менқұқық қорғау органдарының жұмысын жаңғырту бойынша ұтымды іс-қимыл болып табылады. Сондай-ақ, 50 қадамы – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған айқын әрі нақты шешім. 6 қадамы қоғам бірлігін сақтап, «Мәңгілік Ел” құндылықтарын дамытуды көздейді. Сондай-ақ, 10 қадамы қоғамдық бақылауды күшейту мен азаматтардың мемлекет дамуына атсалысуын жоғарылатуға бағытталған. Дөңгелек үстел барысында біртектілік пен бірлік бағыты бойынша атқарылатын жұмыстар барысы талқыланды. Аталмыш бағыт «100 нақты қадамның” алтауында нақты айтылған. 6 қадам шеңберінде өз ойларын ортаға салған қатысушылар алдағы уақытта осы бағыт бойынша атқарылатын жұмыстарды жұмыла орындау керектігіне тоқталды.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз