БІЛІМ БЕРУ ЖИНАҚТАУ САЛЫМДАРЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІ ҚАНДАЙ?

53

0

Елімізде қаражат жинақтаудың жаңа жүйесі – білім беру жинақтау салымдарының енгізілгеніне бір жылдан астам уақыт өтті. Бұл жүйенің тиімділігі қандай? Ол несімен ерекшеленеді? Біз орайы келген сәтті пайдаланып, ҚР «Қаржы орталығы” АҚ вице-президенті Шариман Риад Сәлімұлына осы сауалдарды қойған едік.

– «Даналық – қарттарда, талап – жастарда» демекші, осы даналық – өмірлік тәжірибе адам баласын келешекке белгілі бір дайындықпен, көрегендікпен қарауға үйретеді, – деді бізбен әңгімесінде Риад Сә­лімұлы. – Міне, сондықтан болар, көптеген ата-әжелеріміз өмірлерінің жалғасы бо­лып табылатын немерелерінің жарқын бо­ла­шағына қазірден-ақ үлесін қосуға мүм­кіндік беретін қаражат жинақтаудың жаңа жүйесі – білім беру жинақтау салымдарын қуана қарсы алды.

Елімізде Мемлекеттік білім беру жи­нақтау жүйесі іске қосылып, халыққа қыз­мет етіп жүргелі бір жылдан асты. Бүгінгі таңда 8 мыңнан астам отандасымыз осы жүйеге өз сенімдерін білдіріп, балаларының болашақта білім алулары үшін қаражат жинауда.

Аталмыш жүйеге қатысушы банкте де­позит ашқан әрбір салымшы жинақтау мер­зімінің соңында оқу ақысының шығын­дарын шамамен 30-40 пайызға қысқарта алады. Айырма мұндай салымға есептеліп отыратын банктің сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысы арқасында қалыптасады. Бұл депозиттің банктік салымдардың бас­қа түрлерінен айырмашылығы осындай мем­лекет сыйлықақысының болуымен ерек­шеленеді.

Бұл қаржылық тетік аға ұрпақ өкілдерін несімен қызықтырады? Қаржы орталығына хабарласып, кеңес сұраушылардың дені не­ліктен зейнетке шыққан аталар мен әжей­лер? Өйткені, мұнда білім беру жинақтау салымына жарна енгізушілер ортасына шек­теу қойылмайды. Егер перзентіңіздің аты­на мұндай салым ашылған болса, әрі ол атасы мен әжесінің қамқорлығына бө­лен­ген бақытты бала болса, олар депозит ашылған банктің бөлімшесі бар ҚР-ның кез келген қаласында тұрып-ақ, салымды толықтырып, қазірден немересінің болаша­ғына үлес қоса алады.

Осы ретте, бұл жүйе жөнінде өз пікі­рін білдірген өмірлік тәжірибесі мол аза­маттарымыздың бірі Тараз тұрғыны Ш.Б.Тә­нікеева Мемлекеттік білім беру жи­нақтау жүйесі туралы былай дейді: «Жа­сым 66-да, алты немерем бар, олардың үшеуі әзірге тіпті мектепке де бармайды. Қа­зір зейнетке шығып, үйде кішкентай не­мерелеріме қараймын. Жаңа білім бе­ру депозиттері туралы бағдарламаның ба­­рын естіп, қатты қуандым. Өйткені, оның арқасында біз сияқты әжелер өз не­ме­ре­лерінің болашақта лайықты білім алуы­на көмектесе алады. Мемлекет сый­лықақысынан басқа білім беру жинақтау жүйесінің мені қызықтырған тағы бір жа­ғы – кез келген туыс немесе жақын адам депозитке ақша сала алады, яғни егер ме­нің балаларым өз балаларына білім беру жи­нақтау депозитін ашса, мен оның әжесі ре­тінде кез келген уақытта оған қаражат енгізуге толық құқылымын. Менің риза бо­латыным да осы, өйткені немерелерімнің студент болғанын көре алмасам да, қазірдің өзінде олардың келешекте білім алуына қан­­дай да болса үлесімді қосқаныма сенім­ді­мін”.

Біздің ұлттық менталитетімізде «ата­дан балаға» деген тү­сі­нікке қашан да ерек­ше мән берілген. Ал үл­кендердің мұндай қам­қорлығынан кейін өс­келең ұрпақтың ал­ғысы шексіз болары анық. Дипломдарын қол­дарына алған соң да ата-әжелерінің, әке-ше­шелерінің бұл жақ­сылығын естерінде сақ­тап, құрметтейтін бо­лады.

Кеңес дәуірінде тәр­биеленіп, есейген аға буы­нның мемлекетке се­німі әлдеқайда жоғары болатыны және қа­ражат жинақтауға дағдыланғаны белгілі. Жал­пы, кеңес дәуірі кезінде халықтың қа­ражат жинақтау мәдениеті әлдеқайда жоғары болды. Ақша банктерде және сақ­тандыру компанияларында сақталды. Бала­ларды 500 және 1000 рубльге сақтандыру үйреншікті іс болатын.

Нарықтық ортада тәрбиеленіп жатқан өскелең ұрпақ ақшаның рөлін жақсы бі­леді. Баланың атына депозит ашу арқылы ата-ана оны тұлға ретінде айқындайды, оның лайықты, жарқын болашаққа сенімін арт­тырады. Білім беру жинақтау салымын пайдалана отырып, ата-ана отбасында ақ­ша жинақтау мәдениетін дамытады, әрі ба­ланы жақсы оқуға ынталандырады және жо­ғары нәтижеге ұмтылысын арттырады.

Бүгінгі таңда мұндай салымды екінші деңгейлі 4 банкте – Темірбанк, БТА банкі, Қазақстан Халық банкі, Цеснабанкте – ашуға болады. Әрбір банк 8%-дан 10% ара­лығында өзінің сыйақы мөлшерлемесін бел­гілейді. Бұған қоса білім беру жинақтау салымына жыл сайын 5%-дан 7%-ға дей­інгі мөлшерде мемлекет сыйлықақысы есеп­теледі. Жоғары пайызды мемлекет сый­лықақысы жетім балаларға, мүгедек ба­лаларға, көп балалы отбасындағы ба­ла­ларға және әлеуметтік жағынан аз қам­сыздандырылған отбасылардағы балаларға төленеді. Осылайша, бұл жинақтау жүйесі бойынша депозит ашу арқылы салымшылар өз жинақтарын жылына 13% -17%-ға дейін көбейте алады.

Тағы бір маңызды жайт, салымшының қаражаты жылдан жылға тек көбейе береді, яғни әрбір жинақтау жылының соңында банктің сыйақысы мен мемлекеттің сый­лықақысы салымшының енгізген қара­жа­тына қосылып, бір сомаға айналады (ка­пи­талдандырылады) да, кейін әрбір жа­ңа жылдан бастап пайыздар осы жалпы со­маның негізінде есептеліп отырады.

Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген мақал бар. Бұл – күшті мем­лекет болу үшін алдымен жаңа ұрпаққа туылғаннан бастап дұрыс тәрбие беру қажет деген сөз. Бүгінде мемлекетіміз әр­бір аза­матқа білім беру жинақтау салымы ар­­қылы дүниеге келген күннен бастап ба­­лаларының жарқын болашағының ір­ге­сін қалауға мүмкіндік беріп отыр. Сон­дықтан, аталарымыздың ақылына құлақ асып, олардың көрегендігіне, өмірлік тәжі­рибесіне сүйеніп, ұрпағымыздың лайықты білім алуына жағдай жасау өз қолымызда!

Әңгімелескен Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз